ЕНЕМНЕН АЛҒАН ТӘРБИЕ КЕЛІНДЕРІМЕ ӨНЕГЕ

894 көрілім

Биылғы жылы 71 жасқа келіп отырған Әсия апа – Құдай қосқан қосағы Кенжехан Бектембаевпен 45 жыл отандасып, өмiрге 11 ұл-қыз әкелген Батыр ана. Атап айтсақ, Ерлан, Орынкүл, Ақмарал, Ерболат, Гауһар, Нұрболат, Жақсылық, Несiбелi, Нұржамал, Жанболат, Бақытжан есiмдi ұл-қыздарының бәрi де жоғары оқу орнын бiтiрiп, өз мамандықтары бойынша еңбек етiп, елiмiздiң өркендеуiне өз үлестерiн қосуда. Бүгiнде бәрiнiң өз шаңырақтары бар. Кенжехан көке шофер болып абыройлы еңбек атқарып, ұл-қыздарының бәрiн өзi жетiлдiрген, бұл өмiрден өткенiне 8 жылдан асып қалыпты.

Осынау 11 ұл-қызынан 40 немере, 12 шөбере сүйіп отырған Әсия апамен әңгiмелесе отырып, өмiрден түйген ойларымен бөлiсудi сұрадық.

– Өзiм бiр үйдiң кенже баласына келдiм. Ата-енемiзбен бiрге тұрдық. Ата-енемнен көрген өнегелi ғибраттарды ұлдарым мен қыздарымның бойына дарытып өсiрген болсам, бүгiнде немерелерiме ұлттық қасиеттi дарытудамын. Құдай қосқан қосағым Кенжеханмен 45 жыл отандасып, бiр-бiрiмiзбен сөзге келген кезiмiз жоқ екен, қазiр ойлап қарасам. Өте жақсы жан болатын. Шофер болып еңбек еттi, жағдайымыз жақсы болды. Жолдасым Кенжеханның Момынхан, Өмiрхан есiмдi екi ағасы бар, өздерi үш ағайынды болатын. Айжан, Жадыра есiмдi алтындай жарқыраған жеңгелерi бар. Өте жақсы, тату тұрдық, бүгiнде солай жақсы тұрамыз.

Құдайға мың қайтара шүкiр, алты келiнiм бар. Ұлдарыма айтып отыратынмын бойдақ кездерiнде: «Жүрсең саяқ, жерсiң таяқ», бiр өзiң жүрме, бiрдеңеге ұшырап қалуың мүмкiн, тыныш жүрiңдер,-деп үнемi айтып отыратынмын. Құдайға шүкiр балаларымның мiнездерi жақсы болып өстi. Ал, бүгiнде келiндерiме айтатын өсиетiм: бiр-бiрiңдi күндемеңдер, тату тұрыңдар, бауырмашыл болыңдар,-деймiн. «Абысын-ажын тату болса, ас көп деген» тату болсаңдар бәрi де жақсы болады,-деп айтып отырамын. Ханзада, Қалима, Ғазиза, Фатима, Бану, Жұлдыз есiмдi келiндерiмнiң бәрiн де жақсы көремiн. Ал, немерелерiм мен шөберелерім жүдә, тәттi. Өзiм жай қарап отыра алмаймын, үнемi еңбек еткендi ұнатамын. Отырған жерiмдi таза ұстап отырғанды жақсы көремiн, тазалықты жаным сүйедi. Анамыз менi, бауырларымды кiшкентайымыздан қолөнерге баулып өсiрдi,-дейдi Әсия апа.

– Иә, қолынан бал тамған қолөнершi екендiгiн үйiне барған жанның бәрi бiледi. Көрпе, көрпешелерiнiң бәрiн өзi қолдан тiккен, құрақ құрап, тоқыма тоқиды. Үйiнiң ауласына гүл егiп жайнатып отырады. Гүлдердi өте жақсы көретiн Әсия апа көп күтiмдi қажет ететiн, үйде өсiрiлетiн, бағалы гүлдердi де өсiрумен шұғылданады. Көктем келiсiмен жердi аударып, жазғы көкөнiстердi сатып алмай, өзiнiң ауласында егiп, диқаншылықпен де айналысады.

Осылай Әсия апамен әңгiме-дүкен құрып отырғанымызда жан досы Айзада апа келiп, екеуi бiр-бiрiн көптен көрмегендей, шүйiркелесiп әңгiмелескендерiне қызыға қарадық. Шынында, достықтың жөнi бөлек қой. Әсия апа жолдасы Кенжеханның бала кезден сыныптастарымен жақын дос болып, кейiн үйленгенде келiншектерi де бiр-бiрiмен араласып, өте жақын қарым-қатынаста болып кеткендерiн айтты. Иә, Айткүл, Айзада, Әсия, Какраба есiмдi жас келiншектердiң күйеулерi бiрге оқыған, бiрге өскен сыныптастар болғандықтан, өздерi де бiр-бiрiмен сырлас дос болып кетiптi. Бүгiнде кешегi жас келiншектер салиқалы жасқа келген, ұл-қыздарынан немере сүйiп отырған ардақты аналар. Сонау жас кезден бастау алған достық қарым-қатынастарына 50 жылдан асыпты. Содан берi барлық жақсылық, қуаныштар-ды бiрге көрiп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып жатқан қуаныштарын бiрге бөлiсiптi. Достықтары тiптен жақын туысқаннан да артық болған. Өсiрiп отыр-ған ұл-қыздарының жастары шамалас бо-лып, олар да бiр-бiрлерiмен дос болып өсiптi ата-аналарына ұқсап. Тiл-көзiмiз тасқа дей отырып, төрт жанұяның достық-тары көпке үлгi болып, жастарға берері мол тағлымы бар екендiгiне риза болдық.

Иә, Әсия апамыз «сегiз қырлы, бiр сырлы» жан екенiн осындай игi қасиеттерi-мен көрсетiп отырғандай. Оны Әсия апа-ның: «Осы жасқа келiп, бiр адаммен «иш-әй» дескен емеспiн. Жастарға айтарым: еңбек етiңдер, адал нан жеңдер» деп айт-қан сөзi әрмен қарай тереңдете түскендей.

Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы