Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа берілуі. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін, дүниетанымдық, ділдік бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Дегенмен, кез-келген адамның әлеуметтік ортада өзін жақсы жағынан көрсете білуге, белгілі-бір қоғамдық дәрежеге жету мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Тектілік адамның ізгілікке, баянды мақсаттарға ұмтылып, жақсы өрнек қалдыруынан көрінеді. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, биіктеуге мүмкіндік береді.
Киелі жер Түркістанның перзенті Нұртас Оңдасынов тектілік қасиетін өзінің ісімен, өмір жолындағы қызмет бабымен, еліне, халқына деген адалдығымен, бойында кездесетін жеке дара қасиеттерімен көрсетті. Оның тектілігі – бойындағы адам тану қасиеті. Нұртас Оңдасынов ел басқарған кезінде қызмет бабымен талай жерді аралап, көп адамдармен араласты. Талай жас буындармен кездесті. Солардың ішінен таңдап, қызметке көтермелеп, халыққа танытқаны қаншама. Ел басқара жүріп, талайдың дарынын аша білу, нағыз тектілік.
Кезінде Жезқазғанға барған сапарында Қаныш Сәтбаевты кездестіріп, қазақ ғылымының қалыптасуы үшін Қ.Сәтбаевты қолдап, Қазақстан Ғылым академиясының президенттігіне дейін көтерді. Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында Лениногор кенішінде жүрген Дінмұхамед Қонаевты шақырып, үлкен саясаткер басшылық қызметке алдырып, өзінің он жыл бойы орынбасары етті. Кезекті Қостанайға барған сапарында Хакімжан Наурызбаевты байқап, кейіннен Алматыға алдырып, оқытып, қазақтың тұңғыш мүсіншісі болуына көмегін тигізді.
Нұртас Оңдасынов еліміздің ең қиын кезеңінде ел Үкіметін 13 жыл басқарды. 1938-1951 жылдар аралағында ел басқарып, халқына қалтқысыз қызмет етіп, ел мүддесін қорғай білді. Одан кейінде 1955-1962 жылдар аралығында 7 жыл бойы Атырау облысында басшылық қызметте болды. Нұртас Оңдасыновтың тектілік қасиетін оның атқарған ісіне, халқына адалдығы мен тазалығынан көруге болады. Оның «Біріншіден қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын алған емеспін – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды руға, жүзге, атаға бөлген емеспін – Жүзім таза!» деген үш тазалық сөзі бүгінде даналық сөзге айналды.
Жалпы, Н.Оңдасынов жайлы әңгімелерге көз жүгіртсек, оның халыққа жақын адам болғанын байқаймыз. Жауапты қызметтерде жүргенде ол елге көп шығып, қарапайым адамдармен етене араласып, заманның қиын, жетіспеушілігі көп кезде іс тетігін ақсақалдармен ақылдаса отырып шешкен. Басшы болып дауыс көтермей, байсалдылық танытқаны, керісінше қасындағыларды ойын еркін айтуға үйретіп, маңайына ел үйірілткен. Қайраткер тұлға зейнеткерлікке шыққасын бос қарап жатпай, көптеген еңбектер жазып, артына рухани мұра қалдырды.
Оның 3 томдық «Арабша-қазақша» түсіндірме сөздігі, «Парсыша-қазақша» түсіндірме сөздігі және «Араб текті қазақ есімдері» мен «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» атты еңбектері көпшіліктің көңілінен шықты. Жалпы, Н.Оңдасынов өмір жолында, саналы ғұмырында қазақ халқының тарихында өшпестей із қалдырды. Сондықтан да ол кісінің елі үшін еткен еңбегі, ғұмырының соңына дейін адалдық пен әділдік жолында қазақ мүддесі үшін барын салғаны халық жадында мәңгі сақталады.
Ұ.ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВА,
Нұртас Оңдасынов атындағы музейдің меңгерушісі.