«МҰҒАЛІМНІҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРЕТІН ӨЗІНІҢ АДАЛ ЕҢБЕГІ»

2  203 көрілім

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев:

– Рақымбек Қуатбекұлы, жаңа жылдан бастап барлық аудан, қалалық білім беру бөлімдері облыстық білім басқармасының құрамына өтті. Білім саласының облыстық бюджетке қарағаны не, қалалық бюджетке қарағаны не – бәрібір қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосындының мәні өзгермейді емес пе? Арада 4 ай мерзім өтіпті.

Жаңа жүйе неден бастау алды? Білім берудің жаңа көкжиегі бұған дейінгі олқылықтардың орнын толтыра алды ма? Жалпы білім саласындағы өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсеңіз?

– Бұл осыдан 2 жыл бұрын басталған мәселе болатын. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлының халыққа Жолдауында аудандық білім бөлімдерін облыстық білім басқармасының қарамағына тікелей өткізу туралы айтылған. Мұның басты мақсаты ауылдық жердегі мектептер мен қалалық мектептердің арасындағы арақашықтықты жою, барынша жақындату. Шынында, бұрындары білім бөлімдері аудандық әкімдікке қарап, аудандық бюджеттен қаржыландырылып келген. Енді аудандық бюджет әлеуметтік салаға жалпы қаржы қарап, оның ішінде жылдың ортасында ауданда түрлі мәселелер орын алып, табиғи апаттар, жол салу, канал қазу, арық қазу сияқты мәселелермен білім саласына бөлінген қаржының белгілі бір көлемі сол басқа әлеуметтік нысандарға кетіп, мектептерге қаржы толықтай жетпей қалатын. Оның дәлелі ретінде, қазір зерделеу жұмысына қарап отырмыз. Нақтырақ айтсақ, бірде бір күрделі жөндеу көрмеген, материалдық базасында да ешқандай алып-сатып алу жұмыстары жүргізілмеген мектептер бар. Бұл сол аудандық білім бөлімінің аудандық әкімдіктердің кезінде өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмағандықтарының нәтижесі.

Енді қазіргі таңда білім басқармасына тікелей қарағаннан кейін бұл қаржы тек қана білім саласынан жұмсалады. Яғни, біз аудандардағы коммуналдық және әлеуметтік жұмыспен айналыспаймыз. Білім саласына бөлінген қаржы білім саласына, жалпы барлық (ауылдық, қалалық) мектептерге тікелей жететін болады. Бұл қаржылық жағынан тиімділігі.

Енді 4 айда көп үлкен өзгеріс болды деп айта алмаймын. Бірақ, білім бөлімдері облыстық білім басқармасына қарағаннан кейін білім ошағының басшылары аудандық, қалалық әкімдіктегі күнделікті жиналыстарға қатыспайды. Мүмкін айына бір рет жалпы аудан, қалада қандай мәселелер болып жатқанын білу үшін немесе білім саласындағы өзгерістерді айту үшін қатысқаны болмаса. Білім бөлімінің басшылары өздерінің функционалды тиісті жұмысымен айналысады. Бұрынғы жүйе бойынша аудан әкімі аппаратының бүкіл жиналысында білім ошағының басшылары жүретін. Яғни, халық, мұғалімдер, ата-аналар білім ошағының басшысын көрмейтін.

Ал, қазіргі таңда білім ошағының басшылары өз орнында отырып, ата-аналар мен мұғалімдерді қабылдап, мектептерді аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, өзінің функционалдық міндетін көбірек атқаратын жағдайға жетті.

– Онша ушықпай, еліміздің ешбір жері қызыл аймаққа кірмей тұрғанда білім ошақтарында сабақ оқылмады. Ал, енді бүгінгі таңда індет асқынып, еліміздің бірқатары қызыл аймаққа енгенде Түркістан өңіріндегі барлық білім ошақтары сабақты дәстүрлі өткізуді қолға алды? Аурудың алдын алу керек еді,-деген көптің, халықтың көкейіндегі сауалға жауап берсеңіз?

– Енді бұл республикалық санитарлық бас дәрігердің ҚР Білім және ғылым министрімен келісе отыра жасаған шешімі. Біз осы шешімді орындап отырмыз. Яғни, жасыл аймақта болған кезде арнайы қаулы бойынша аралас форматта сабақ оқуға рұқсат етеді. Сондықтан, қазіргі таңда аралас форматта сабақ оқытып отырмыз. Балалардың саны 25-тен аспайтын және сабақтардың 70 пайызы офлайн  дәстүрлі форматта, ал, 30 пайызы онлайн форматта оқып жатыр. Егер де қызыл аймаққа немесе сары аймаққа өтетін болса онда қызыл аймақтағы болып жатқан қаулы бойынша, яғни онлайн не болмаса қашықтан оқыту форматына көшетін боламыз. Негізінде бұл мәселені біз емес санитарлық дәрігерлер шешеді. Ауру шықса санитарлық ереже бойынша жұмыс жасаймыз. Егер де ауырған оқушы мектепке келмей үйінде жатқан болса, үйін оқшаулайды. Ал, мектепке келіп кеткен болса оқушы оқып жатқан сыныбын оқшаулайды. Ал, әртүрлі сыныптан шықса бүкіл мектепті оқшаулайды. Біз осы санитарлық ереже бойынша жұмыс жасаймыз.

– Рақымбек Қуатбекұлы, «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалім мәртебесін көтере алды ма? Жалпы, мұғалім мәртебесі туралы өз пікіріңізді айтсаңыз?

– Мұғалім мәртебесін ешқандай заң көтере алмайды. Әрине, заң құқығын күшейтеді,әлеуметтік деңгейін көтереді, көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізуге мұрындық болады. Бірақ мұғалімнің мәртебесін көтеретін мұғалімнің өзінің адал еңбегі. Атап айтсақ, оқушыларға берген сапалы білімі, ата-аналардың алдындағы абыройы. Мінеки, осындай ұстаз әрқашанда қоғамда мәртебелі болады. Үнемі біліктілігін арттырып отырған ұстаз, жаңа технологияларды меңгеріп, заманнан қалмай бірге дамып отырған ұстаз, өз мамандығын сүйетін ұстаз, ата-аналармен жүйелі жұмыс жасап отырған ұстаз әрқашан сұранысқа ие мұғалім. Осындай мұғалімдерді мектеп әкімшілігі де, ата-аналар да бастарына көтеріп ұстайтын болады. Және бір айтарымыз, мұндай мұғалімдер біліктілік аттестаттаудан тез өтіп, жоғары шебер деңгейіне жетіп, жалақысы да өте жоғары болады. Сондықтан, мұғалім өз мәртебесін өзі көтереді.

– Бітіруші түлектердің ҰБТ-ға дайындық деңгейі қалай өрбуде? Биылғы жылы ҰБТ тапсыруда өзгеріс бар ма? Кеңінен тоқталып өтсеңіз?

– Биылғы жылы ҰБТ-да (ұлттық бірыңғай тестілеу) үлкен өзгеріс бар деп айтуға болады. Өткен жылғыдан ерекше, онлайн форматта өтеді.

Онлайн форматта өту үшін арнайы тест орталықтары жабдықталды. Арнайы белгілі күндерге ғана емес, бірнеше мәрте тапсыруға мүмкіндік беріледі. Және бұл 2 айға созылады. Яғни, оқушы өзі таңдайды. Бұрынғыдай үлкен лекпен кіріп, қорқып, үрейленіп, үлкен қысымның астында тапсыру деген жоқ. Оқушы еркін барып, еркін отырып тапсырып, біте салысымен аяқталу батырмасын басқан кезде нәтижесі бірден шыға келеді. Сондай-ақ, нәтижесін білгеннен кейін бірден аппеляцияға беруге құқылы. Бұрынғыдай тапсырып болып, қалай тапсырдым екен,-деп түнімен уайымдап, ата-аналарымен нәтижесін күтіп, одан кейін оны аппеляцияға беріп, у-шу, даурығу деген нәрсенің барлығы биыл алынып тасталды. Осы бойынша ата-аналар мен оқушыларға толық жұмыстар жүргізілді. Күтетін нәтижеміз жоғары. Өйткені, түсіндірме жұмыстары көптеп жүргізілді. Арнайы ҰБТ электрондық порталдар («Мектеп» онлайн, «Дарын» онлайн) жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда оқушылар белгілі дайындықтардан өтті.

Өткен жылдан бастап ұлттық тестілеудің ережелері қатаңдатылған болатын. Атап айтсақ, өткен жылы бірқатар оқушылар шпаргалка, ұялы телефонмен кіріп, тәртіп бұзып, сол жерден шеттетіліп, нәтижесі жойылып, сондай қиын жағдайға тап болғаннан кейін оқушыларға қатаң ескертудеміз. «Тек қана адал еңбек, маңдай терлеріңмен тапсырыңдар. Сабақ берген ұстаздарың мен ата-аналарыңның атына кір келтірмеңдер. Мұның түбі жақсылыққа апармайды»,-деп оқушыларға айтып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жақында ҰБТ тапсыру  кезеңі басталады. Түлектерге сәттілік тілейміз.

– Рақымбек Қуатбекұлы, сіздің баспасөз беттерінде берген сұхбаттарыңызды жиі оқып отырамыз. Сондай сұхбаттың бірінде «Білім бөлімдері басқармаға өткен соң жұмысты неден бастайсыз?» деген сауалға «Аудандық білім бөлімдері басшыларының дипломын тексеруден бастаймын» деп жауап беріпсіз. Шынында алғашқы жұмысты осы мәселеден бастадыңыз ба? Тексеру барысында жалған диплом иеленген білім басшылары болды ма? Оларға қандай шара көрілді? Осы жөнінде айтып өтсеңіз?

– Енді диплом тексеру біздің құзырымызға жатпайды. Бірақ, бір аудандық білім беру бөлімінің басшысының дипломына байланысты қоғамда, әлеуметтік желілерде мәселе қатты көтерілді. Бұл бойынша тергеу жұмыстары жүргізілді. Сот процесі де болды. Қазіргі таңда қайта сотқа беріп отырмыз. Нөлдік төзімділік дейді ғой. Бұл мәселеге біз ешқандай да төзімділік көрсете алмаймыз, төзбейміз. Егер де аудандық білім бөлімінің басшысы осындай жалған дипломмен отырса бүкіл ауданның ұстаздарына қандай үлгі болады? Қандай өнеге болады? Бұл өте жайсыз жағдай. Сондықтан бұл мәселе бойынша біз құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Қазіргі таңда соттың шешімін күтіп отырмыз. Сот заңсыз деп тапқан жағдайда қызметінен босатылып, тиісті шаралар көрілетін болады.

– Рақымбек Қуатбекұлы, өзіңізді білім саласындағы қандай өзекті мәселелер толғандырады?

– Мені қазіргі таңда мектептердегі орын тапшылығы толғандырады. Біздің Түркістан облысында бала санының өсуі, демография өсімі өте жоғары. Айтар болсақ, мектепті 26-27 мың бала бітірсе, 55 мың бала мектеп табалдырығын аттап отыр. Бұл дегеніміз 20-25 мың бала мектепке артық келіп отырғанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш мектептің құрылысын көптеп қажет етеді. Үлкен 1000-2000 бала оқитын мектеп салу шарт емес. 200-300 бала оқитын шағын жекеменшік мектептер соқса да болады. Жан басына қаржыландыру қаржысымен бір мектепті ұстап отыруға бұл да болатын мүмкіндік. Сондықтан, осы білім саласын мемлекеттік серіктестік аясында нарыққа еркін жіберу арқылы орын тапшылығын азайту бірінші мәселе.

Екінші мәселе білім сапасын арттыру. Білім сапасын арттыру үшін алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, адами факторларды жою, барынша құжат айналымдарының барлығын электронды форматқа өткізу керек. Бұдан кейін мұғалімдердің алған білімін, өткен курстарын жүйелеу, біліктілік курстарынан өткізу, мұғалімдерді қайта даярлау арқылы сапасын арттыру.

Әсіресе, қазіргі таңда бізде орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Осы пәндерге баса назар аудару керек. Сондай-ақ, жаратылыстану пәндері: математика, физика, химия, биология, информатика пәндері мұғалімдерінің сапасы алаңдатулы.

Ал, қазақ тілі, бастауыш сынып мұғалімдері және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бізде өте көп. Бір вакансия жарияланса 70-80-ге дейін адам келеді. Бұл деген сөз жоғары оқу орындары, колледждер осы мамандықты артығымен әлі күнге дейін дайындап жатыр. Сондықтан, бұл мамандықтың иесі болу өте қиын. Қазақ тілі, әдебиеті, бастауыш сынып мұғалімі және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері өте көп. Сондықтан жемқорлықтың барлығы осы мамандықтар төңірегінде болуда. Ал, орыс тілі, ағылшын тілі төңірегінде мұндай мәселелер жоқ. Керісінше мектеп басшылары өздері іздейді мұндай мамандық иелерін. Сондықтан осы мамандық иелері мүмкін мамандығын ауыстырар, әлде екінші квалификациясын, біліктілігін қарау жағын қолға алсын деген кеңес берер едім.

Қоғамдағы бала құқығын қорғау мәселесі де мені қатты толғандырады. Нақтырақ айтсам, отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтар мен әлеуметтік мәселелер баланың сапалы білім алуына, психологиясына, қоғамда тұлға болып қалыптасуына өте қатты кері әсерін тигізетіні белгілі. Қазіргі таңда бұл мәселе жиі белең алуда. Еліміздегі пандемия жағдайына байланысты көп уақыт балалар карантинде үйде отырды. Сол кезде осындай мәселелер көптеп туындады. Сондықтан, ата-ананың құқығын түсіндіру, ата-ананың міндетін сезіндіру үшін заң жобалары мен заң нормаларын қайта қарау керек деген ұсынысымды айтқым келеді. Әсіресе, балалар отбасыдағы өгей әкелер және т.б. жақын туыстар тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырауда. Бұл қоғамдағы үлкен мәселе болып тұр. Сондықтан, ауыл әкімдіктері, ауыл ақсақалдары, ауыл билері, ақсақалдар алқасы, әжелер мен аналар кеңесі, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар болып бірлесіп, ата-анаға міндетін қайта түсіндіріп, баланың білім алуға, тұлға болып қалыптасуына деген құқығын таптамай, сол балаларға жақсы бақытты ортада білім алып, өсіп-өркендеуіне жағдай жасау туралы мәселелер бойынша жұмыстар жүргізу қазіргі таңда мені қатты толғандырады. Еліміздің келешегі жастардың қолында. Сондықтан балаларға бақытты балалық шақ сыйлауымыз керек.

– Рақымбек Қуатбекұлы, келелі сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы