ІНДЕТТІ УШЫҚТЫРЫП, ҚАТЕЛІКТІ ҚАЙТАЛАМАЙЫҚ

633 көрілім

Covid-19 індетінің таралуын бақылай отыра, көптеген сарапшылар әлем тұрғындарының басым көпшілігі ерте ме, кеш пе коронавирусты жұқтырады деп есептейді. Бұл жұқпа кәдімгі тұмау сияқты маусымдық болып қалуы мүмкін. Егер жұқтыру мәселесі тек уақыт еншісінде болса, онда одан қашып құтылудың жолдарын ойластырмай, керісінше оған қалай дайындалу керек екенін ойлау қажет.

Вирус – қорғаныш нәруыздық қабығына оратылған генетикалық кодтың кішкентай үзіндісі. Оның бөлшектері соншалықты кішкентай болғандықтан, оны қарапайым микроскоппен көру мүмкін емес. Жаңа коронавирустың 100 млн көшірмесі иненің ұшына оңай орналасады. Вирустың кішкентай мөлшері одан қорғану қиыншылығының бірден-бір себепшісі болып табылады. Жөтел кезінде инфицирленген науқастан майда тамшылар жан-жаққа тарайды, олардың әр тамшысында миллиардтаған вирус бөлшектері болуы мүмкін. Вирус жасушаға енген соң оны қалыпты нәруыздардың орнына өз көшірмесін өндіруге мәжбүрлейді. Осылай жұқтыру үрдісі жүзеге асады.

COVID-19-дың ең жиі тараған белгілеріне дене қызуының жоғарылауы, құрғақ жөтел және шаршағыштық жатады. Сирек белгілеріне буын мен бұлшықеттердегі ауру сезімі, мұрынның бітуі, бас ауруы, конъюнктивит, тамақтың ауруы, диарея, иіс және дәм сезудің жоғалуы, саусақтар мен бармақтар терісінің түсінің өзгеруі мен бөртпелерді жатқызуға болады. Бұл белгілер біртіндеп дамиды және айқын болмайды. Кейбір инфицирленген адамдарда ауру жеңіл клиникалық белгілермен өтеді. Науқастардың басым көпшілігі (80% жуығы) ауруханаға жатқызудың қажеттілігінсіз кенеттен жазылып кетеді. Бес жағдайдың бірінде COVID-19 ауруы ауыр түрде, яғни тыныс алу жеткіліксіздігінің дамуымен өтеді. Егде жастағы адамдарда және жоғары артериалдық қан қысымы, өкпе мен жүректің аурулары, қант диабеті, рак сияқты қосалқы аурулары бар адамдарда аурудың ауыр түрде өту мүмкіндігі өте жоғары. Бірақ COVID-19-ды кез келген адам жұқтыруы және ауыр түрде науқастануы мүмкін.

Егер сізде жеңіл жөтел немесе дене қызуының сәл жоғарылауы сияқты белгілер болса, онда медициналық көмек қажет емес. Үйіңізде өздігінен оқшаула-нып, белгілердің дамуын бақылаңыз. Егер ентігу немесе кеуде аймағында ауру сезімі сияқты белгілер анықталса, онда тез арада медициналық көмекке жүгіну керек. Дәрігерге телефон арқылы хабар-ласқан жөн, бұл оның сізді маманданды-рылған емдеу мекемесіне жіберуіне мүм-кіндік береді. Өзіңді және айналадағы адамдарды қорғаудың ең жақсы тәсілі – қолдың гигиенасы мен респираторлық гигиенаны қатаң түрде сақтау. Айнала-дағы адамдармен мүмкіндігінше кемінде 1 метр қашықтықты сақтау қажет. Жақын маңда жөтеліп немесе түшкіріп тұрған адам болған жағдайда бұл шараны сақтау өте маңызды болып табылады. Кейбір инфицирленген адамдарда ауру белгілері болмағандықтан немесе ауру жеңіл түрде өткендіктен барлық адамдармен физикалық арақашықтықты сақтау COVID-19 тараған аймақтарда болатын адамдарға ең дұрыс шешім болып есептеледі.

Өздігінен оқшаулану – COVID-19 клиникалық белгілері бар адамдардың айналадағы адамдарды, соның ішінде жақындарын жұқтырмау мақсатында өз еркімен қабылдаған маңызды алдын алу шарасы. Өздігінен оқшаулану кезінде COVID-19-дың жоғары дене қызуы, жөтел және басқа да белгілері бар адам үйінде қалады, жұмысқа, оқуға немесе қоғамдық орындарға бармайды. Бұл өз еркімен немесе дәрігердің ұсынысымен жасалады. Келесі іс-әрекеттер тәртібін ұстану қажет: Аурудың жеңіл түрі бар адамдар өздігінен оқшаулану керек (медициналық көмек көрсету керек емес). Жақсы желдетілетін, кең, санитарлық торабы бар бір бөлмеде қолды гигиеналық өңдеуге қажетті заттармен қалған жөн. Егер жеке бөлме болмаса, онда төсектерді 1 метр ара-қашықтықта қою керек. Айналадағы адамдармен, тіпті отбасы мүшелерімен 1 метр арақашықтықты сақтаңыз. Күнделікті клиникалық белгілердің дамуын бақылаңыз. 14 күндік өздігінен оқшаулану ауру белгілері болмаған жағдайда да қажет. Егер ентігу сияқты белгі пайда болса, онда міндетті түрде тез арада мүмкіндігінше телефон арқылы дәрігер көмегіне жүгіну керек. Жақсы көңіл-күй мен сергектікті сақтауға тырысыңыз: жақын адамдарыңызбен телефон немесе интернет желісі арқылы байланыста болыңыз және үйде дене шынықтырумен айналысқаныңыз абзал.

М.БАРКИЕВА,

«Клиника Талғат» ЖШС ауруханасының дәрігері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы