ҚОҒАМДЫҚ АХУАЛДЫ БЕЙНЕКАМЕРАЛАР БАҚЫЛАЙДЫ

1  421 көрілім

Түркістан қаласы әкімдігінде «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімі Р.Аюпов, Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары А.Жүсіпов, қала прокуроры Р.Абдраимов, қалалық полиция басқармасының бастығы Д.Мейрхан және жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері, қала әкімі аппараты мен дербес бөлім басшылары қатысты.

«Түркістан – қауіпсіз қала» – 2018 жылы Түркістан облысы прокуратурасының ұсынысы мен қала әкімдігінің бірлескен түрде бекіткен бағдарламасы. Қаладағы қылмысты төмендету, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін өзекті мәселелерді шешуді көздеген жиында Түркістанды қауіпсіз шаһарға айналдыру бағытында атқарылған және алда атқарылатын шаралар мен жобалар туралы жан-жақты талқыланды.

– Біз қаладағы адамдар көп шоғырланатын жерлерге 1-тамыздан бастап бейнебақылау камераларын орнататын боламыз. Ол жерге инспектордың қажеті жоқ. Жолға қоқыс тастасаңыз да, жол тәртібін бұзсаңыз да барлығы бейнежазбаға түседі. Қаланы тәртіпке келтіретін уақыт келді. Сіздер, яғни, полиция қызметкерлері халыққа жақын болуларыңыз үшін стационарлық бекеттер шыныдан жасалатын болады. Бұл халықпен ашықтықты және сенімділікті арттырады. Осы жұмыстың барлығын бірге атқаратын боламыз. Әлемдік тәжірибеде полицейлердің қызметтік көліктерінің барлығында сенім телефоны болады. Бұл жүйені қаламыздағы мемлекеттік көліктерге де енгізуді қолға алу керек, – деді қала әкімі Рашид Абатұлы.

Қала әкімі аппаратының басшысы Қанат Мылтықбековтың айтуынша, қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындардың қаланың тазалығына бірауыздан жауапкершілігін арттырып, тәртіпке шақыру. Бұл жөнінде тиісті бөлімдердің түсіндірме жұмысын жандандыруы ұсынылды. Жалпы, бүгінде қаламызда 8 базар және 17 сауда қатары бар. Олардың 80 пайызы модернизациялауды қажет етеді. Базарларды біркелкі сәулеттік келбетке сәйкестендіру туралы базар басшыларымен келісім шарттар түзілуде. Ондағы жабайы сауда қатарларын реттеу барысында көшірілуі тиіс сауда орындарын орналастыру мақсатында қала сыртынан базарлар үшін 50 га жер белгіленген. Оның ішінде: 10 га Қызылорда, 5 га Кентау, 10 га Балтакөл бағыттарында және Кентау қаласының Шаға елді мекенінен 12 га қарастырылған.

Ал, қоғамдық көлік саласы бойынша, сапасына, жүргізушілердің біліктілігі мен жауапкершілігіне қатысты мәселер қолға алынып, 200-ге жуық қоғамдық көліктерге мониторлар орнату жоспарлануда. Қалаішілік қоғамдық көліктердің басым бөлігі бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Қоғамдық көліктерге GPS құрылғысын орнату бойынша бірнеше мекемелермен келіссөздер жүргізіліп, пилоттық жобамен электронды билет жүйесі де енгізілуде.

Сондай-ақ, қала көлемінде қауіпсіздік пен жол қозғалысын бақылау үшін биыл жыл соңына дейін шамамен 500 дана жаңа бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. Бұл камералар тек қана жол жүру ережелерін ғана емес, сонымен бірге, күдіктілерді іздеу, іздеудегі адамдарды сыртқы белгілері арқылы тану, бұзақылық жасап немесе қоқыс тастап жатқан адамдарды анықтау үшін қолданылатын болады. Бұған қоса, 500 камерадан келген ақпаратты өңдейтін аналитикалық орталық жұмыс жасайтын болады.

Бұл ретте, қала басшысы «Түркістан – қауіпсіз қала» бағытында жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар беріп, ай сайын осы құрамда жиналыс өткізетінін тілге тиек етті.

Түйін сөзге ерік берсек, бұл тұста, қаланың жаңа әкімі жаңашылдықтардың бастамасын жасап, білек-сыбана кірісіп, қаланы рухани-мәдени дамуына және қауіпсіз шаһарға айналдыру үшін мүмкіндіктерді барынша пайдалануда. Әсіресе, полицейлердің жүгін жеңілдететін бейнекамералар жол қауіпсіздігі ережелеріне аса жауапсыздықпен қарайтын көлік иелері үшін жағымсыз жаңалық болары анық. Себебі, Түркістанның көлік иелерінің өзінше заңдылығы бардай. Дегенмен, оған енді полицейлермен қатар, бейнекамералар тосқауыл қояды. Демек, темір тұлпар тізгіндеушілер енді бейнекамераларға түсіп, мәселені шешу үшін «көкесіне» телефон соқтырғанымен пайда бермесін түсінуі керек. Қауіпсіздік белбеуін тақпау, көлік тізгіндей отырып телефонмен сөйлесу, жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне пысқырмау тікелей бейнекамералар назарында болмақ.

Енді, қала тұрғындары да әр басқан қадамына асқан ұқыптылықпен қарауға тура келеді. Көшеде қоқыс тастау, шемішке шағу, түкіру, өзге адаммен жанжалдасу, тіпті, жаяу жүргіншілер жолы болмаған жерден өту де таспаға жазылып, суретке түсіріліп, айыппұл төлеуге әкеледі. Себебі, көлік жүргізушілері ғана емес, тұрғындар да қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауы тиіс. Енді бейберекет жүріп заңға бағынбау – заңмен қудаланады.

Мәселен, 2017 жылы елімізде іске қосылған «Сергек» бейнетіркеу жүйесінің камералары былтыр, яғни, бір жылдың ішінде мемлекеттік бюджетті 1 млрд 270 мың теңгеге толықтырды. Нәтижесінде, жолда жүру тәртібі бір жүйеге келіп, жол апатынан мерт болу саны азайған. Бұл ретте, көлік иелері «сергектің» адамдардың қалтасын қағуды емес, қауіпсіздікті азайтуды көксейтінін түсінуі керек. Қауіпсіздікті сақтау полицейлер емес, алдымен өзіңіз үшін екенін ұмытпаңыздар!

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы