ИМАМДАР ШАРИҒАТ ІЛІМІМЕН ШЕКТЕЛІП ҚАЛМАУЫ КЕРЕК

1  459 көрілім

«Түркістан Ахмет Яссауи» орталық мешітінде семинар өтті. Онда мешіт имамдары өз біліктіліктерін арттырып білім көкжиегін кеңейтті. Шараға ҚМДБ-ның облыстық өкілдігі мен облыстық дін істер басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ұйытқы болды. Үш бағытта өрбіген семинар барысында имамдар өзара пікір алмасып, ситуациялық сұрақтарға жауап берді.

– XXI ғасырдың зияткер имамы тек қана шариғат ілімімен шектеліп қалмауы керек. Сондықтан сіздермен «Заң және зайырлы қоғам», деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізудің әдіс тәсілдері және Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектеріндегі діни мәселелер төңірегінде сөз қозғап отырмыз, – деді облыстық дін істер басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Медет Халықов.

Басқосуда сөз алған ҚМДБ-ның облыстық өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді имамдардың білімді болуы заман талабы екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, халыққа Құран-кәрімнің аяттары және Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) хадистерімен қатар қазақтың зиялы қауым өкілдерін дәріптеу де керектігін жеткізді. Топырағын түртсең тарихы сөйлейтін Түркістанның символына айналған дін зиялысы Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін де әңгімеге тұздық етті.

Айта кетейік, облысымызда 723 мешіт бар. Онда 830-ға жуық дін саласының қызметкерлері жұмыс жасайды. Облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асқан игі шара 15 шілдеде бастау алған болатын. Бұл бастама осы күнге дейін өңіріміздің қала, аудандарын толығымен қамтып, Түркістанда түйінделді. Ондағы бар мақсат – еліміздің дін саласын заман талабына сай етіп, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы