ДЕПУТАТТАР ЖАҢА ЛОГОТИПТІ БЕКІТУГЕ КЕЛІСІМ БЕРДІ

1  357 көрілім

Түркістан қаласы әкімдігінің мәжіліс залында алтыншы шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатының кезектен тыс елуінші сессиясы өтті. Сессияны қалалық мәслихаттың хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев ашып жүргізді. Жиынға шаһар басшысының орынбасары Жандос Баирханов қатысты.

Аталған сессияның күн тәртібінде Түркістан қалалық мәслихатының 2018 жылғы 24 желтоқсандағы №41/207-VI «2019-2021 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу және Түркістан қаласының логотипін бекітуге келісім беру туралы мәселелер талқыланды.

– Бізге ҚР Ұлттық қорынан қаражат бөлініп отыр. Негізгі қаржы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуге, жастарға және табысы аз көпбалалы отбасыларға, табысы аз еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін гранттар, жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бойынша қарастырылады, – деді экономика және қаржы бөлімінің басшысы Зауре Бимбетова.

Қалалық мәслихат депутаты Айдос Абпазов атаулы әлеуметтік көмектің беру тәртібін бір жүйеге қоюды, құжат тапсыруды да кезекпен іске асыруды және АӘК-ні шындығында мұқтаж жандар алып жатқандығына көз жеткізуді ұсынды.

– Әр қаланың ерекшелігін айқындайтын символы, өз бренді бар. Бұл жаңашылдық арқылы Түркістаннан шығатын барлық дүниелер мен заттарда, сыйлықтар берілетін сөмкелерде бренд қалыптасады. Көпшілік оған қарап, бұл заттың Түркістанда жасалғанын біле алады, – деген қала әкімінің орынбасары Ж.Баирханов Түркістан қаласының жаңа логотип үлгісін халық қалаулыларының назарына ұсынды.

Өз кезегінде аталмыш жоба авторы Динара Гужавина мәслихат депутаттарына қаланың жаңа логотипінің таныстырылымын көрсетіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы қозғалысты бейнелейтін логотипке жан-жақты түсініктеме берді. Нәтижесінде, қаланың белгісін айшықтайтын жаңа логотипке депутаттар қолдау білдіріп, келісім берді.

Жанерке ЕРЛАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы