Соңғы кезде Түркістан қаласының тұрғындары арасында «орталық «Қуаныш» базары көшіріледі екен» деген қаңқу сөз тарап, көптің көңілі күпті болып жүрген жайы бар еді. Кешегі өткен сәрсенбіде қала әкімі Рашид Абатұлы базар ұжымымен кездесуінде аталған мәселенің нүктесін қойды.
Тарқатып айтсақ, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қаладағы «Қуаныш» ЖШС орталық базарының ұжымы және осындағы кәсіпкерлермен кездесті. Жиынға қала прокуроры Руслан Абдраимов, қалалық полиция басқармасының бастығы Данияр Мейрхан қатысты. Базардағы сауда қатарларын аралап шыққан қала басшысы Рашид Абатұлы кездесуге жиналған сауда жасаушылардың ұсыныстарына құлақ асып, сұрақтарына жауап берді.
Жиынның алғашқы бөлігі базардың толықтай сүріліп, басқа аймаққа көшірілуі туралы қауесетті түсіндіруге арналды.
– Біз үшін ең бастысы – адам өмірінің қауіпсіздігі. Мен қала басшысы ретінде әрбіріңіздің бас амандықтарыңыз үшін жауап беремін. Сол үшін бізге түсіністік танытып, жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Базар ешқайда көшірілмейді, тек осындағы өрт қауіпсіздігіне төтеп бере алмайтын материалдардан салынған сауда қатарларын қайта қалпына келтіреміз. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аймақты заманауи үлгіге сай етіп жасаймыз. Базар ішіне өрт сөндіру мен жедел жәрдем көліктерінің кіруі мүмкін емес. Апаттың айтып келмейтінін ескерсек, саудагерлер мен тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін базар ішін кеңейтуіміз қажет. Алдағы тамыз бен қыркүйек айлары сауданың нағыз қызатын шағы екенін назарға алып, сіздердің саудаларыңызды тоқтатпаймыз, – деді қала әкімі Рашид Аюпов.
«Базарды басқа аймаққа көшіреді» деген алып-қашпа сөзге иек артқан жұртшылық қала басшысының сөзінен кейін сабырға келе бастады. Өздерінің ұсыныстарын басшылыққа жеткізіп, сұрақтарына мардымды жауаптар алды. «Қуаныш» ЖШС-нің директоры Инара Намазбаева өз сөзінде базар сатушыларына уақытша орналасатын орындардың қарастырылып жатқандығын, арадағы келісім шарттың ешқашан бұзылмайтынын жеткізді. Қала прокуроры Руслан Абдраимов кез келген кәсіп иесіне өз өмірі мен тауарларын арнайы сақтандырып қоюды ұсынып, сол арқылы төнген қауіптен келген шығынды толықтай өндіріп алуға болатынын түсіндірді.
Кездесу барысында киелі шаһарға келетін туристердің міндетті түрде табан тірейтін жері базар екені айтылды. Сол үшін заман талабына сай жұмыс атқару керектігі атап өтілді. Базар маңындағы сауда ғимараттарының иелері де қарапайым саудагерлердің мұң-мұқтажына құлақ асып, олар ұсынған талап бойынша жұмыс атқарып келгендерін алға тартты. Алдағы уақытта жеке кәсіпкерлер саудагерлермен ақылдаса отырып жоспар түзбек. Толықтай дайын болған жоспар қала әкімдігінде қаралып, қажетті шаралар жасалатын болады.
Нұрбол НЫШАНБАЙ,
«Түркістан».