ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ АРДАГЕР

845 көрілім

Жақсыбек Бейсенов – 85 жаста.

Уақыт озған сайын өткен дүниенің естелік болып, ақыры парақтары сарғайған тарихқа айналары бар-ды. Егер бір сәтке болса да артқа бұрылып қарар болсақ сауалы көп жауабы аз ғұмырдың өтіп бара жатқаны ойландырса керек. Осы тұста артыңа бұрылып ел мен отанға қызмет ете алдым ба? деген салмақты ойдың туары ақиқат. Ондайда жүріп өткен жолыңдағы атқарған істерің, артыңда қалған өнегең лентадай көз алдыңнан шұбырып өтері даусыз. Соның ішінен өзіңнің шынайы келбетіңді танып білерің айдан анық.

Осындай сәттердің қыспағы мен таразысынан сүрінбей өтетін жандар көп болмаса керек. Сол санаулылардың біреуі ретінде бүгінде 85-ке шығып, сексен бестің көктеміне сүрінбей жеткен кейіпкеріміз қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, қаланың Құрметті азаматы Жақсыбек Бейсенов десек қателеспейміз. Олай болатыны осы бір есім жәдігер шаһардың бағзы тұрғындарына әбден таныс. Талай жылдар керуені көшімен ілесіп барша істерде қала жұртшылығымен бірге жасасып келеді.

Сондықтан бүгінгі кейіпкеріміздің өмір иірімінің бір парасын оқырман қауымға жаңа бір қырынан тарқатып айтуды жөн көрдік. Жақсыбек Бейсенов 1936 жылы 5 мамырда Түркістан қаласы, Абай ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталғанда небәрі 5 жаста ғана болған. Әкесі және оның екі бауыры да әскер қатарына алыныпты. Бүгінде тыл ардагері Жақсыбек Бейсенов сол жылдарды еске ала отырып, тылдағы атқарған жұмыстары туралы былай баяндады.

«Бидайды қолмен оратын, ол заманда комбайн болмаған соң өгіздерді қосақтап, ортасына ағаш байлап қойып жанына бидайларды тастап соның үстінен өгіздерді айдайтын болған. Солай жасаған соң өгіздің аяғымен бидайдың сабағынан бидай бөлініп шығады да сабаны бөлек бидайы бөлек болып ажырайтын еді. Одан басқа қырман айдаймыз, масақ тереміз, мақта егеміз, мақтаға су жүретін арықтар дайындайтын едік. Ол заманда ішетін аста тапшы болды. Түстің кезінде жұмыс жасаған адамдарға ғана бір тостақ быламық беретін, кейде бір литр айран беретін. Ол кезде 7-8 жастағы балалар толыққанды жұмысшы адамдар болып саналатын. Бізде балалық шақ деген дәурен болмаған. 10 жасқа толғанда ғана 1 сыныпты бастағанбыз. Мектепке барған кезде киім тапшы болып оқуға жалаң аяқ барғанымыз есімде. Тек 4-5 сыныптарға өткен кезде ғана аяқ киім кие бастадық», – деп жадында жаңғырған өткен шағын тебірене есіне алды.

Жақсыбек көкенің өмір парақтарына тоқталар болсақ, әкесі Абылай Бейсенов соғыстан оралмаған, анасы Шарипа Құрышбаева 1937 жылы дүние салыпты. Ағасы Әбдібек екеуі әкесінің інісінің қолында тәрбие алып, өседі. Жақсыбек Бейсенов 1956 жылы Фрунзе ауданындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы ауыл шаруашылық техникумын есепші мамандығы бойынша 1959 жылы аяқтап, Семей облысы, Аягөз ауданындағы «Сергиополь» кеңшарында қатардағы есепші болып еңбек жолын бастайды. 1972 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіреді. 1963-1974 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданындағы «Қожатоғай», «Овцевод» кеңшарларында, Түркістан қаласына қарасты Чапаев колхозында бас есепші болып қызмет атқарып, зейнетке шығады.

1996-2005 жылдары Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жасау комитетінің банкроттық мекемелерінде конкурстық меңгерушісі болып қызмет атқарған. Елге сіңірген елеулі еңбектері ескеріліп, құрметке бөленген Жақсыбек Абылайұлы «В.И.Лениннің туғанына 100 жылдық» медалімен және Одақтық партия бақылау комитетінің үздігімен марапатталған. 1981 жылы облыстық партия комитетінің Құрмет тақтасына енгізілгені. Республикалық ардагерлер кеңесінің, облыс, қала әкімінің құрмет грамоталарымен және тағы да бірнеше төсбелгілермен марапатталған. Сонымен қатар, облысқа және қалаға сіңірген еңбегі үшін және Түркістан қаласы бойынша ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі үшін, Ұлы Жеңістің 60, 70, 75 мерекелік естелік медальдарымен марапатталған. Қазіргі таңда қалалық ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясына 2005 жылдан басшылық жасап келеді. Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Ғұмырының саналы жылдарында осылай еліне адал қызмет атқарған тыл ардагері көкеміз 1996 жылы мемлекеттен 55 гектар жер сатып алып өзінің жеке «Жақсыбек» шаруа қожалығын құрады. Сол шаруашылыққа 2000 жылы 20 гектар алма ағашын отырғызады. Шамамен 7-8 дей адамды осы қожалықта жұмыспен қамтиды. 2019 жылы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен Шаға ауылдық округі, 30 жылдық елді мекеніне қарасты егін алқабынан 1000 гектар жерден жаңа шаруашылық құрылды. Сол шаруашылық-қа Жақсыбек Бейсенов 40 гектар жерін диқандарға 10 жылға жалға береді. Бүгінде жақсы өнім алу үшін шаруашылық белсенді жұмыс жасап жатыр.

Өмірі қиыншылығымен қоса қуанышқа толы болған қайсар мінезді Жақсыбек көкеміз бүгінде үлкен бір өніп-өскен әулеттің баталы қариясы. Көп мұсылманның арманы – қажылық парызын 2007 жылы өтеп келген. Көкеміз зейнет жасында болса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аға буын өнегесін бүгінгі жастарға үлгі етіп, оларды патриоттық, еңбексүйгіштік рухта тәрбиелеуде талмай қызмет етіп келеді. Бүгінде елге сыйлы, үлкен шаңырақтың отағасы, немерелері мен шөберелерінің сүйікті атасы. Өмірлік жұбайы Орынай Бәкірқызы екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 25 немере, 30 шөбере сүйіп, бүгіндері солардың қызығын қызықтап, немерелерінің тәтті қылығына тоймай отырған жайлары бар. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Осының барлығы әке өнегесі, ана мейірімі арқасында деп білеміз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы