ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН 10 КҮН ТОЙЛАУ ҰСЫНЫЛДЫ

860 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл басындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырған еді. Онда Президент «Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады»,-деген болатын. Міне, осыған байланысты Наурыз мейрамын 10 күн тойлауды дәстүрге айналдыру ұсынылып отыр. Дегенмен, бұл он күн демалыс беріледі дегенді білдірмейді. Мерекелік күндер баяғысынша наурыздың 21-і, 22-і мен 23-і болып қала бермек. Оған дейінгі күндер, яғни, наурыздың 14-нен бастап Ұлыстың Ұлы күніне әзірлікке әрі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналмақ. Наурызды мерекелеу бойынша тұжырымдаманы «Рухани жаңғыру» институты ұсынып отыр. Оған сәйкес 10 күннің әрқайсысын бір мазмұнды шараға арнау көзделген.

Құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі:

14 наурыз – «Көрісу күні»

15 наурыз – «Жайлау күні»

16 наурыз – «Шежіре күні»

17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні»

18 наурыз – «Игі істер күні»

19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»

20 наурыз – «Зияткерлік күні»

21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»

22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»

23 наурыз – «Жоралғы күні»

Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», – делінген құжатта. Концепцияға сәйкес мейрамның міндеттері мынадай: Жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру; Мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту; Азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту; Этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту; Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту. «Рухани жаңғыру» бағдарлама-сының идеялық құндылықтарын іске асыру мән мәтінінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтудің мәні жоғары. Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам», – делінген тұжырымдамада.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы