ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА – 30 КІТАП

2  876 көрілім

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік таңы – еліміздің бағы» атты кітап көрмесі. Біз де кітапханаға арнайы барып, көрмеге ұсынылған кітаптармен танысып қайттық. 2021 жылдың Жыл кітаптарын таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылды. Көрмені Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Жансұлу Журкаева ашып берді.

– «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында өз орнын тауып келеді. Аталмыш жоба қазақ әдебиетінің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған. Акция аясында ел болып оқитын 30 кітап ұсынып отырмыз. Кітаптар үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу сияқты дәстүрлерге мән беруге, рух, жан тазалығын, шынайы қасиеттерді сүйіп, толғанулармен оқырман жүрегінде орын табады деген сенімдеміз, – деді Жансұлу Журкаева.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма жанры бойынша 6 кітаптан жалпы 30 кітап таңдалынып алынған.

Көрме барысында кітапхана қызметкерлері түрлі өлеңдер оқып, көрмеге келген оқырманнан да өз ойларымен бөлісуді сұрады. 30 кітаптың кіріспелері мен ішкі бөлімдеріне кішігірім түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, келген қонақтардың қызығушылығын арттырды. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен интернет жүйесі дамығалы кітапхана оқырмандары азайғаны жасырын емес. Десе де көрме барысында мектеп оқушылары мен жастардың көптеп келуі қуантты. Кітапханада алдағы уақытта да көптеген іс-шаралар мен акциялар, көрмелер ұйымдастырылатыны сөзсіз. Бастысы кітап оқитын оқырман азаймаса екен дейміз.

М.ХАЛИЛАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы