- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«Жеңіс», «Парасат» саябақтары, «Түркі бағы», «Нұртас Оңдасынов» кешені, «Рәміздер алаңы», темір жол вокзалы алдындағы арбат қала тұрғындары демалып, бір сәт көңілін көтеретін орындар. Бүгінде олардың саны көбейіп, қатары толығу үстінде. Енді осы орындарға ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте, халық көп шоғырланған орталық көшелер бойынан қоғамдық көгалдарды (скверлер мен аллеялар) көбейту бойынша бірнеше демалыс алаңшаларын салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда бірқатарының құрылысы қызу жүргізіліп, кейбірі аяқталуға жақын.
Нақты айтсақ, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының сол жақ бөлігінде орналасқан демалыс алаңшасы қайта жаңғыртылуда. Нысанның көгалдандырылуын үйлестіруші түркістандық «Өмір жолы» ЖШС құрылыс компаниясы. Мердігер мекеменің басшысы Бақдәулет Тұрмановтың айтуынша, көріктендіру жұмыстары өз кезегімен жүргізілуі үшін жалпы саны 30 жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен қатар, жұмыстың 90 пайызы дайын деуге негіз бар. Театрсүйер көрермендер мен қала тұрғындары үшін жайлы демалыс аймағына айналатын аллея аумағы 0,4 гектар. 26 маусым күні басталған жоба 1 тамызда аяқталады деп күтілуде. Гүлзарлы мекенге жарықшамдар, шырша ағаштары, 2 бастырмамен қоса 8 метрлік субұрқақ, демалыс орындықтары және екі мүсін орнатылатын болады. Қажетті материалдар отандық өнім екенін де ескере кеткен жөн.
Шаһар басшысы алдыңғы аптада құрылыс нысандарын аралағанда жаңашыл кейіппен әрленіп жатқан аллея жұмысымен де танысып, салынатын бірқатар гүлзарлар мен қайта жаңғыртылатын скверлердің құрылысын көріп, көгалдандыру жұмысына барынша басымдық беруді нақтылап өткен болатын. Жалпы жұмыстардың дайындығын көріп, аумақта орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін қауіпсіздік шараларын ескеруді де тапсырған-ды. Сондай-ақ, осы аптада «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі алдағы уақытта гүлдер саябағы, ғаламтор желісі қосылған жастар саябағы және егде жастағы тұрғындар үшін шахмат, тоғызқұмалақ сынды ойын ойнап, көңілдерін бір сәт сергітетін қарияларға арналған саябақ салынатынын айтып өткен болатын. Демек, барлық кіші, орта, егде буын жастағы адамдарға бірдей көңіл бөлінбек. Бұл тұста, шаһар басшысының жұмыстарына тек сәттілік және ұтымды идеялардың жылдам қолға алуын тілейміз. Жұмыстың сөзбен емес, іспен дәлелденгенін қалайтын тұрғындар бұл жаңашылдықтарды асыға күтеріне бек сенімдіміз.
«Шавгар» мөлтек ауданының тұрғындары да бұл жаңашылдыққа қуаныштарын жасырмады. «Жүргіншілер жолын жасап, қазір көше құрылыс аймағына айналды. Енді нәтижесі болатынына, Түркістанның осылай күн санап гүлденетініне сенеміз. Әрбір жаңашыл істің өз уақыты бар. Толықтай аяқталып, біздерге берілетін күнді күтеміз. Бұрын таза ауада әңгімелесіп отыруға мүмкіндік болмайтын. Енді орындықтар қойылып, субұрқақ салынады екен. Тек жастарға ғана емес, біз секілді егде жастағылар үшін де таптырмас қолайлы орын болады деп айта аламын», – деді «Шавгар» мөлтек ауданының тұрғыны, зейнеткер Әнішбек Сәрсенбаев.
– Сондай-ақ, қаладағы бұрынғы «Селмаг» су қоймасының орнынан бой көтеретін «Жастар аллеясы» қала жастарының демалысы үшін тиімді әрі қолайлы орын болмақ. Мұнда спорт алаңдары (теннис корттары, волейбол, баскетбол алаңшалары) мен демалыс бастырмалары, субұрқақтар салынып, абаттандырылады. 3,3 гектар жерді құрайтын аллеяның аумағы тегістеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді. Ескі су қоймасының су құбырлары ауыстырылып, траншеялар қазылып, субұрқақтар құрылысы жанданып, бетондау жұмыстары жүргізілуде. Демалыс орнының алдында арнайы автотұрақ та салынбақ.
Сонымен қатар, «Түркістан Ахмет Ясауи» мешіті жанынан «Тұңғыш Президент» саябағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысанның басты жобасына назар салар болсақ, онда мүсіндер, балаларға арналған ойын алаңшалары, субұрқақтар, демалуға арналған бақ, спорттық алаң, веложол, велосипед қоюға арналған велотұрақ және автотұрақ, қоқыс тастауға арналған орындар, сондай-ақ басқа да жүйелі жұмыстар жасалынбақ. Жалпы, «Тұңғыш Президент» саябағы шаһардағы озық үлгідегі, халық назарын аударатын демалыс аймағы болмақ.
Есімін ел білген М.Пошанов және Б.Байтанаев көшелерін абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінген еді. Аталмыш көшелердің бойы тегістеліп, бордюр орнатылып, су ұңғымасы қазылды. Бүгінде суағар орнатып, аяқ жолдар төсеу жұмыстары жылдам қарқын алуда. Бұл туралы инстаграм әлеуметтік желісіндегі @turkistan_gazeti парақшамызда сүйінші ақпарат таратқанымызда оқырмандар бұл көшелердің қайда орналасқанынан бейхабар екенін алға тартты. Ендеше, тұрғындарға түсінікті болуы үшін М.Пошанов көшесі «Н.Оңдасынов» кешеніне ал, Б.Байтанаев көшесі Б.Саттарханов спорт кешеніне қарсы беттерде орналасқанын ескерте кетейік. Осындай елдегі ауыр тұрмысты жеңілдетуге білек сыбана кіріскен арда азаматтардың атын әйгілеу, ерекшелеу, құрмет көрсету – мақтауға тұрарлық істер.
Қала көшелерін абаттандыру үшін 15 жерден су ұңғымасын салу жоспарланған болатын. Бүгінде 6 ұңғыма толық қазылып, қалған ұңғымаларды қазу жұмыстары жүргізілуде. Және де қала халқына спортты серік ету үшін бұл салаға да айтарлықтай көңіл бөлінген. Нақтырақ айтсақ, халық көп шоғырланған жерлерге кіші футбол алаңдары мен теннис кортын салуға, жаңартуға тиісінше қаржы бөлінген. Қазіргі таңда 9 футбол алаңшалары мен 3 теннис кортының негіздеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоршаулары-ның бағаналары қойылған. Түркістан жұртына таңсық боп саналатын теннис корттары айтарлықтай жаңашылдық болары сөзсіз.
Жаяу жүргіншілер үшін аяқ жолдар мен веложолдар да ретінше орталық көшелерде жұмыс межесіне сай жүргізілуде. Қазіргі таңда Тәуке хан даңғылының бойы және С.Қожанов, Қазыбек би көшелері нағыз жандану сәтінде деп айта аламыз. Алда Б.Саттарханов даңғылында жалғастыру жұмысы өз уақытын күтіп тұр. Ары-бері өтетін біздер, тұрғындар үшін қазір қолайсыздық туындатқанымен, көп ұзамай-ақ өз нәтижесін беріп, жан-жағы келбеті келіскен, таза көшеге айналатыны сөзсіз.
Жалпы, осынау іргелі істер қала халқының игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Тұрғындар заманауи, жастар жаңашыл, балалар көңілді болуы үшін де алда облыс, қала әкімдігінің бастамаларымен жұмыстар жандана түспек. Ендеше, Түркістан – көңілді орта атануы үшін толығып жатқан кешкі серуендеуге арналған орындар шаһардың келбетін дамытып, ерекшелеп тұратынына сенеміз.
P.S: Демалыс орындары – тек қала халқын ғана емес, туристерді тартуда таптырмас орын деп білеміз. Әлем елдерінің саябақтарына көз жүгіртер болсақ, олардың ерекшелігі сондай, ғаламның түкпір-түкпірінен өз көзімен көруге қаншама турист аяқ басады. Мәселен, Сингапурдағы құстар саябағына барсаңыз кіріп шыққанға дейін бүкіл құстардың түрін тамашалай аласыз. Сол секілді, Түркістанда да неге туристер ағыла келетін саябақ салмасқа? Түркістан – топырағын түртсең тарихы сөйлейтін рухани шаһар. Түркістанның ерекшелігі де осы құнды мұра – тарих, жәдігер, даңқты тұлғалар. Мұнда хандар, билер мен шешендер жерленген. Демек, түркі жұртының мәдени-рухани астанасында бірнеше жылды артқа тастап, тарихта ізі қалған дана тұлғаларды жан-жақты танып-білуіңізге жол ашатын мүсіндер орналасқан саябақ ашылса ерекше дүние болады деп ойлаймыз. Бұл әсіресе жастар үшін танымдық-тарихи үлгідегі саябақ болары сөзсіз.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

