СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ МҰРАЛАРЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМЕН МҮДДЕЛЕС

2  218 көрілім

XX ғасырдағы қуғын-сүргін қазақ аспанына қара бұлт үйірген ұлт, ел мен жер, халқы үшін жанын беруге даяр атпалдай азаматтардың көз жасы мен қанына суарылған тарихтың шерлі де мұңлы парақтары. Тарих толқынының парақтарын ақтара отырып бұл зұлматты жылдарды біздер күрсінумен еске аламыз. Тізбектей жөнелсек қаншама тау тұлғалы азаматтарымыздан айрылдық. Сол тізімнің бел ортасынан ойып орын алған Алаштың бір асыл перзенті Сұлтанбек Қожанұлы еді…

   Алаштың асыл перзентінің туып-өскен жері – Түркістанға таяу жатқан , қарт Қаратаудың қойнауын бойлаған, Сыр өңірі халқы Теріскей атап кеткен шағын жұрт еді. Ата-тегі де әкесі де қой бағып өмір сүрген қарапайым орта шаруалы отбасында 1894 жылы қыркүйек айының оныншы жұлдызында Сұлтанбек дүниеге келеді.

  Жастайынан алғырлығымен, зеректігімен көзге түскен Сұлтанбек әуелгіде ауылда ескіше хат танып, одан кейінгі білімін Түркістанға келіп осында 4 кластық орыс-қазақ мектебін, 3 кластық ущилищені аяқтады. Ол өз білім-білігін мұнымен шектеп қоймай, алған білімін одан әрі жетілдіре түсу мақсатымен Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға қабылданады. Сұлтанбектің кейінірек Мәскеуге сапар шегіп екі жылдық жоғарғы партия мектебінде дәріс алғандығын да тілге тиек ете аламыз. Алаштың асыл перзентінің бар оқуы осы ғана. Алайда өз бетінше ізденуге, білуге құштар азамат өз заманының білгірі, шешені, жарқырай жанған шоқ жұлдызы еді. Қайсібір қызмет тетігін қолға алсада абыроймен атқарған жауапкершілігі өз алдына бөлек әңгіме.

   «…Ол өткір тілді, тапқыр, кең тұлғалы кісі-тін. Қызыл тілге келгенде мен ондай шешен адамды көрген емеспін. Ашуы жоқ, мінезі дархан, сөздерін тастай етіп айтатын арыстан туған кемеңгер азамат еді» деп профессор Ә.Қоңыратбаев тектен-тек жазбаса керек.

  Сонау Кеңес дәуірі жылдарында өз халқының тәуелсіздігін арман етіп, соңынан ерген ұрпақтарының көзі ашық көкірегі ояу болуын мақсат еткен дарынды ерлеріміздің еңбектері тұрмақ, есімдері елеусіз қала берді. Шүкір ата-баба арман еткен егемендіктің игілігін көріп келеміз. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтып, рухани жолғат түскен шағымызда асыл азаматтарды қалай дәріптесекте жарасады.

  Сұлтанбек Қожанұлы тек мемлекет және қоғам қайратері ғана емес, сан қырлы талант иесі.

  Ол – Ташкентте ең алғашқылардың бірі болып оқу-ағарту мекемелерін ұйымдастырды.Орта Азиядағы мақта-ирригация институтының негізін қаласты. Сол институттың алғашқы директоры да өзі еді.

  Ол мерзімдік басылым беттерінде оқу-ағарту мәселелері турасында көптеген мақалалар жариялатты., әр түрлі жиындарда, басқосуларда баяндамалар жасап өз ұсыныстарын білдіріп отырды.

  Ол алғашқылардың бірі болып мұсылман тілінде «Есептану құралы» (1924ж) атты оқулық кітабын жазды, ол еңбегі баспа жүзінде жарық көрді. Оқулық жас шәкірттерге арифметиканың сан-қырлы тұстарын аша түседі.

  Сұлтанбек Қожанұлын бүгінгі жас ұрпақ ақын, журналист, көсемсөзші, әдебиетші ретінде тани бастады. Ол орынды да. Оның XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ баспасөзін қалыптастыруға тигізген ықпалы да бөлекше әңгіме етуге тұрарлық мәселе. Әуелгі кезде М.Шоқайұлымен бірлесіп, «Бірлік» туын шығарса, бертінде Ташкентте қазақ тілінде шығып тұрған «Ақ жол» газетінің редакторы болып, «Шолпан» журналын шығарысуға үлкен қолғабыс жасады.

  Сол бір қиын-қыстау күндерде ешкімнен тайсалмастан Абайды, Ахмет пен Мағжанды туған халқының рухани өсуінің жарқын көрінісі ретінде бағалаған.

  С.Қожанұлының 1928 жылы «Түркістан Кеңестік автономиясының он жылдығына» атты кітапшасы жарық көрді. Көлемі шағын болғанымен айтары мол, тағлымды кітап, бір томдық кітап шығары даусыз.

  Сұлтанбек Қожанұлының артында бір қыз, екі ұл қалған.

  Өскелең ұрпақтың жадында Алаштың асыл азаматы мәңгі дәріптелері сөзсіз. Сөзімізге дәлел, Қожанұлы атында көше, мектеп, музейлер өз жұмысын атқарып отыр. Сондай-ақ, қаламыздағы С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінде де С.Қожанұлын насихаттап, дәріптеуге арналған экспозициялар жасақталған. Музейімізге ат басын бұрған әрбір келушінің санасына Алаштың асыл перзентті туралы сіңіруге, ой тастауға музей мамандары еш аянбай қызмет етуге әзір.

  Қазақ халқының тарихында өз орны бар көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, журналист,әдебиетші, көсемсөзші Сұлтанбек Қожанұлының есімі жыл өткен сайын жаңғырып, жаңа қырынан танылып ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.

  Сөзіміздің түйінін ақын Түркістантанушы, Алаш арыстарының еңбектерін қарымды қалымынан тыс қалдырмаған ұлт жаншыры Нұрмахан Назаровтың өлең жолдарымен аяқтауды жөн санадық .

Ер қайда Сәкен,Сұлтан,Тұрарлардай,

Алыстан мұнарланған нұр-армандай.

Сарғайып,сағынғаннан бейнелерін,

Балдырған балауса жыр бүр жарғандай.

Бүгінде ердің көбі құлқұн үшін,

Іркілдеп іші ірің, сырты –мүсін,

Тіл мен дін үшін күрес Сұлтанбектей,

Ер болсаң жаныңды қи ұлтың үшін.

БАГИЛА Абзейтова

Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің қызметкері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы