2018 жылдың 19 маусымы Түркістан шаһары үшін тарихи күн. Жаңа ғасырдағы даму мен гүлденуге жол ашылған шақ. Дәл осы күні Елбасы Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңының 3-бабы 1-бөліміне сай Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болатыны, ал халқының саны миллионға жеткен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгені туралы Жарлығын жариялады.
Осылайша байырғы Тұран даласында, бүгінгі қазақ елінде жаңа облыс орталығы ашылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған Шымкент қаласы еліміздегі Нұр-Сұлтан (Астана), Алматы қалаларынан кейінгі үшінші ірі мегаполистік орталық болып өңір халқына қуаныш сыйлады. Ендігі қадам жаңа облыс орталығын түлету болғаны айқын. Жарлық шықты да, іске кірісу де уақытында жүріп кетті.
Осы тұста, яғни 20 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Жансейіт Түймебаев тағайындалды. 22 маусымда облыс әкімі мен мәслихат депутаттары келісе отырып, Түркістан қаласының әкімі етіп Әліпбек Өсербаевты тағайындады. Өйткені Әлекең қала үшін ілгері жылдарда қызмет атқарып, өз бойындағы білімін шаһар бет-бейнесін қалыптастыру жолына арнаған өңірге таныс азамат болатын. 2017 жылдың желтоқсанынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған.
Ал, жаңа облыс орталығының тарихын 2018 жылдың 17 тамызында Шымкенттегі облыс әкімдігі құрамының Түркістанға көшіп келуінен бастаған жөн. Сол кездегі жаңа облыс әкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаевтың бастауында жаңа орталық – Түркістанға қоныс тепті. Ендігі мақсат та, көз алдағы міндет те айқын болатын. Атап айтқанда шаһарды дамыту мен өркендету болып табылады.
Осы кезеңде Үкімет деңгейінде шаһарды біртұтас дамытуға, жаһандық деңгейде өркендетуге, сонымен бірге облыстың аяғынан тұрып, өз келбетін шегендеуі үшін заң мен 5 бірдей қаулы қабылданған екен. Сондай-ақ, енді шаңырақ көтеріп, уығын қадаған облысты өркендетудің 2024 жылға дейінгі әлеуметтік экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлініпті. Онда Түркістан облысы негізінен аграрлық өңір болып табылатындығы анық көрсетілген. Облыс республиканың барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 12,5 %-ін, Қазақстанда өсірілетін барлық мақтаның 100 %-ін, жүзімнің 72,5 %-ін, бақшаның 60 %-ін өндіреді. Облысқа республикадағы барлық жылыжай шаруашылығының 80 %-і тиесілі екендігі айтылған. Жоспар 148 ұйымдастырушылық және іске асыру іс-шараларынан тұрады. Атап айтар болсақ әкімшілік ғимараттардан облыс әкімдігі, облыс әкімдігінің басқармаларына арналған, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне арналған, облыстық сот, облыстық прокуратура, ҰҚК департаментінің №1, ҰҚК департаментінің №2, ҰҚК департаментінің №3, ҰҚК департаментінің №4. сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің ғимараттары секілді 10 нысаннан тұрады. Тұрғын үй бағыты Жеке құрылыс салушылар есебінен тұрғын үй салу, Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді салу және (немесе) сатып алу дейтін екі жобадан тұрады. Әрмен қарай инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтық қорғау, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, көліктік инфрақұрылым, мәдениет, туризм, спорт, кәсіпкерлік, шаруашылық, білім басқалар болып жалғаса береді. Қаржыландыру көздерін қарап көрсек Республикалық бюджеттен 705 032,0 млн. теңге, Жергілікті бюджеттен 183 055,0 млн. теңге, жеке инвестициялардан 408 052,0 млн. теңге, МЖӘ жобаларынан 403 423,0 млн. теңге қарастырылған. Осылардың 2019 жылы 200 214,0, млн. теңгесін, 2020 жылы 503 153,0 млн. теңгесін игеру көзделген.
Түркістан облыс болған алғашқы жылы 1 740-қа жуық шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп, 1 300-дей шақырымы пайдалануға тапсырылды. Биылғы жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 917,9 шақырым жол мен көшелерді қамту міндеті орындау көзделген. Жыл қорытындысымен 605,6 шақырымы пайдалануға берілмек. Шаһарда жалпы ұзындығы – 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде 371 шақырымы асфальт болып 44 %-ті құраса, 360,3 шақырымы шағал тас жол болып 42,6 %-і, 113,7 шақырым топырақ жол болып 13,45% -і құрап отыр. Жыл басынан бері қала ішіндегі жолдардың 2 көше болып табылатын 9,2 шақырымына құрылыс жұмыстары жүргізілген. Тағы 81 көшені құраған 106,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Сонымен қатар, 109,1 шақырым аяқ жол, 15,7 шақырым суағар науа, 15,7 шақырым жарықтандыру жүйесі, 2,7 шақырым веложол салынғанын айтпаса болмайды. Сондай-ақ, осы жылы орталық 3 бірдей көшеге соңғы үлгідегі 17 дана аялдамалар орнатылса, 162 көшені құраған 282 шақырым аумақ жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Алдағы уақытта 123 көшені жарықтандыру жоспарланып, бұл күндері 101 шақырымдық 78 көшеде жұмыс аяқталған екен. Былайша пайымдағанда шаһар жолдары теп-тегіс, түнге қарай жап-жарық болып халық үшін де мерейлі қуаныш болып жатқаны белгілі.
Қаланың облыс орталығына айналған жемісті жылдары ел тарихының мақтанышпен айтар бір парасы екенін айтқан дұрыс. Өткен жылдың өзінде бүкіл әлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымына мүше болғаны мәлім. Одан түйетін сыр шаһардың республика емес, тұтас жаһандық үрдіске аяқ басып бара жатқаны. Енді бір сөзбен саралағанда халықаралық туристер ордасына айналуға алғашқы қадамы. Бұдан шығатыны Түркістанға енді тоқтау жоқ. Ол күллі түркі жұртының рухани орталығы бола отырып, әлем елдерінің саяхат жасамаса болмайтын сүйікті қаласына айнала алады дегендік. Олай болатыны шаһарға бар мүмкіндік жасалынып жатыр. Еліміз барлық мемлекеттік ресурсын осында шоғырландырып жатыр. Қазірге дейін қаншама инвестиция тартылып, қаншама кәсіпкерлер өз инвестицияларын құйып жатыр. Шешінген судан тайынбайдыға келіп отыр. Облыстарда бар мүмкіндіктеріне қарай қол ұшын созып, қолдан келгендерінше демеп жатыр. Ел халқы да ұлы сенімдерін білдіріп отыр. Міне, осындай себептермен де қала келешегіне сенбеске шараң да жоқ. Тек қана алға ұмтыл дегеннен басқа сөз айтуға, болашағына күмәнмен қарауға хақың жоқ.
Үмітбек Бағдат.
