ТӨККЕН ТЕРДІҢ АРҚАСЫНДА ТҮЛЕП ЖАТҚАН ТҮРКІСТАН

677 көрілім

Түркістан өңіріндегі жұмыстар қарқынды жүріп белгілі деңгейде өз нәтижесін беріп жатыр. Облыс орталығына айналған шаһарды әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға бағыттарына арналды. Бұл бойынша да жұмыстар жүйелі орындалып келеді.

Бұл күндері індет жағдайына қарамастан сақтық шараларды негізге ала отырып, қала аумағындағы барша құрылыс жұмыстары іркіліссіз әрі тоқтаусыз жүріп жатыр. Қала тұрғындары үшін де бәрі қуанышты жағдай болып жатқаны белгілі. Осы кезеңде шаһардың инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылып, ескі жолдар орнына жаңасы салынып, тар жолдар кеңейтіліп, жүргіншілер жолдары төселіп, көше бойындағы арықтар тазартылып, көше шырақтары жаңарып дегендей барлығында өзгеріс болып жатыр. Бой көтеріп жатқан жаңа құрылыстардың көркі қала келбетін ажарландыра түсуде. Негізгі бас жоба бойынша 170-ке тарта жаңа нысан салу көзделген. Сол жобаларды орындау мақсатында екі жыл бойы тынымсыз еңбектер атқарылып жатыр.

Сол төккен тердің арқасында 2019 жылы 12 нысанның құрылысы аяқталып отыр. Оларға нақтылы тоқталар болсақ, Түркістан облысының өзі салған облыс әкімдігі ғима­раты, Нұр-Сұлтан қаласының сыйға тартқан «Нұр-Сұлтан» алаңы, Алматы қаласы салғызған медиа­орталық, Солтүстік Қазақ­стан облысы тарту еткен олимпиада резерві спорт мектебі, Батыс Қазақстан облысы салған музыкалық мектеп, Павлодар салып берген Халыққа қызмет көрсету орталығы, Қызылорда облысының шығыс моншасы, Жамбыл облысының қабылдау орталығы, Шығыс Қазақстанның музыкалық субұрқағы, Маңғыстаудың амфитеатры, Қостанайдың неке сарайы, жеке инвесторлар салған «Түркістан» автобекеттерін атауға болады.

Шаһарда құрылыстардың әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық деп аталатын екі аймаққа бөлініп жатқаны белгілі. Атаулы жоба бойынша аймақтарда қазіргі таңда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салу көзделуде. Солардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Келесі «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады. Бұлардың барлығы 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бүгінде көбі салынып болды деуге болады.

Әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді. Оны көрген адам таңдай қақпай тұра алмасы тағы бар. Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен Сарайының» құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстары соңына да шықты. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев өзі бақылап отырған шаһар құрылысы мүлтіксіз жүргізілуде. Қашан да жаңа облыстың аяғынан тік тұрып, гүлденген Түркістанды қалыптастыру жолындағы еңбектердің үлкен жауапкершілікті қажет ететінін ұмыт қалдырған емес. Жұмысты жүйелі орындап, Елбасының, Президенттің, Үкіметтің тапсырмасын орындауда қырағылық танытуда. Қашан да қалың жұрттың қамын ойлап, тұрғындар пікірі мен талаптарын ескеріп халықтың ұлы болу ұғымында еселі еңбек атқаруда.

Ал, осыған дейінгі атқарылған жұмыстарға есеп берген қала әкімі Рашид Аюпов қаланы халықаралық деңгейде дамытып, шаһардың рухани негізін сақтай отырып, заман талабына сай жаңалықтармен ұштастыруға басымдық беретінін айтқан болатын. Бұл тұрғыда қаламызға заманауи үлгідегі технологиялар енгізіліп, жаңаша бағыттағы дара ғимараттар бой көтеріп, шаһар «ақылды қалаға» айналу үстінде.

Тілге тиек ететін бірегей құрылыстың бірі қаладан 16 шақырым қашықтықтағы Шаға елді мекенінен бой көтерген Халықаралық әуежай. Бұл құрылысты түркиялық «YDA Group» компаниясы салған. Жер көлемі жалпы 900 гектар аумақты алып жатыр. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар бар. Аталмыш әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынған болып табылады. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Осы жылы толықтай пайдалануға берілді. Жолаушылар үшін қаладан әуежайға дейін жаңа автомобиль жолының құрылысы да аяқталды. Әуелі ел ішіндегі маңызды екі қала Нұр-Сұлтан мен Алматыға рейстер ұша бастайды. Алдағы уақытта бірқатар елдерге жаңа әуежолы ашылады. Бұл дегеніміз Түркістанның әлем елдерімен болатын байланысының арта түсетіндігін, болашақта шетелдік туристердің көптеп аяқ басуының баламасы деп айтуға болады.

Қарқынды құрылыс жүріп жатқан шаһарда биыл 70 нысан пайдалануға берілуі тиіс. Нәтижесінде 6 300 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3 604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілмек. Осы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, 30 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Осы мүмкіндіктердің айтып тұрғаны талай отбасы баспанаға ие болады дегенге саяды.

Түрленген Түркістанның дамуын жіті бақылап немесе әр мезгілде атбасын бұрып жүрген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында қасиетті Түркістан қаласы – бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендеуіне үлкен серпін берді. Қазіргі таңда Түркістан – еліміздің рухани жаңғыруының символына айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының дамуына үлкен назар аударады», – деп үлкен сенім білдіріп отыр.

Қала үшін өте маңызды енді бір дүние көгілдір отын болып саналады. Бұл жолда 2019 жылдан бері шаһарды газбен қамту 3 кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып орындалуда. І кезеңнің жұмыстары бойынша 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп, 43 мыңға жуық қала тұрғынына табиғи газ берілді. Қалған ІІ-ІІІ кезеңнің құны 20 млрд 271 млн теңгені құрайтын 11 жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. Қазірге дейін жаман емес. Осы жылы тұрғын үйлерді көгілдір отын түріне өткізу бойынша қарқынды іске асып жатыр. Соның натижесінде Түркістанның газбен қамтылу көрсеткіші өткен жылдары жоспарланған 100 пайыздық норманы орындауға жақын деуге болады.

 Көктемде басталған індеттің сарсаңы оңай болған жоқ. Дегенмен, Түркістан қарысып бақты. Құрылыс бір сәтте тоқтаған жоқ. Оның себебі бәрімізге түсінікті десек болады. Мемлекет бюджетінен соншалық қаржы шығарып, оны игермей сақтау үлкен қиянат. Әрі межелі мезгілге бағытталған жоспарларды уақытында аяқтау дейтін шарт тағы бар. Содан да болар шаһар қызып тұрған жұмыс алаңына айналып отыр. Қазір де алдағы жылдарда да осы жүрісінен танбақ емес.

Тұтас құрылыстың бірегейлері ел игілігіне осылай жол алды. Бағыт-бағдары айқын шаһардың түлеуі көз ілестірмей жатқаны ақиқат. Бір жаңалығын жеткізіп болғанша, енді бір жаңалығы жарқ етіп жатқаны жасанды емес. Оның куәсі осы қаланың тұрғындары мен қонақтары болып отыр. Шаһардағы сәулеті бөлек ғимараттар, саябақтар, ағаштар, шым жатқызылған алаңдар, субұрқақтар, аллеялар сұлулықтың үлгісі болғандай. Қала сымбатын келтіріп, ерекше ажарландыра түскен.

Үмітбек Бағдат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы