ТАРИХЫ ТАМЫРЛЫ, РУХЫ АСҚАҚ КИЕЛІ ӨЛКЕ

813 көрілім

Замана соққан жел дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Тіпті әр адам баласын тұманды да ауыр-ауыр ой әлеміне жетелеп тұрғандай. Түркістан бір кездері басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» (Мағжан) сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпелілердің арманы болған бақ мекен. Енді бір кездері отарлықтың отына күйіп, өлместің күнін кешкен шерлі жұрт.

Шындап келгенде киелі шаһар жайлы сөз бастау оңай дүние болмасы анық. Ол тарихы тамырлы, рухы асқақ киелі өлке. Қасиеттің ордасы болған қастерлі аймақ. Күллі Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала дейтін атағы тағы бар. Заманында екі жүз жылға жуық уақыт Қазақ хандығының астанасы болғаны тарихтан белгілі. Енді бір сөзбен айтқанда, ұлт тағдырының ұлы шешімдері осында жасалып, ел келешегі сан мәрте талқыланған құтты топырақ.

Барша түркі халықтарының ата қонысы саналатын шаһарда рухани ілімнің бабасы болған Қожа Ахмет Ясауи жатыр. Сонау бабалар тарихынан сыр шертіп, мұқалмас жігер сыйлайтын құдірет бар онда. Содан да жеті ғасыр ілгері Ақсақ темір бас болып салдырған күмбезі көк тіреген кесене бізді өрлікке жетелейтіндей. Қазақтың даңқты хандары, батырлары, билерінен 130 – дан астамы жатыр. Олардың 21-і хандар. Қазақ жұртына түкіргені түйме алтын, қақырғаны қайма алтын болған тұлғалар. Ел іргесін жаудан қорғап, халқының амандығы үшін маңдай терін сарп еткендер. Осылай айта берсек сөз жалғаса бермек. Түркістанның маңызы мен шежіресі де ақтарыла бермек.

Осы киелі шаһардың 1500 жылдық тойында Елбасы «он бес ғасыр тарихы бар бұл қаланың мерейтойы – тек Түркістанның ғана емес, Қазақстан Республикасының, бүкіл түркі тілдес халықтардың да мерейін үстем ететін игілікті шара. Ендігі басты мақсат – Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани-ғылыми және сауда экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады» дегені барды. Өр рухпен айтылған ізгі арман, игі тілектің күндердің бір күнінде іске асып, шындыққа айналуы ғажап емес дегендей ақыры сол сөз шындыққа айналды.

«Түркістан ендікпен өлшегенде де, бойлықпен өлшегенде де жер шарының кіндік тұсында орналасқан» (Нұрсұлтан Назарбаев) дейтін киелі жұртта алаулап тағы бір таң атты. Сол таң нұрымен бірге шаһар жұрты, тіпті тұтас ел тағы оянды. Бөркін аспанға атып алпыс екі тамыры бусанып, шер мен налаға толы көкірегі қуаныштан бүр жарып, ақ түйенің қарыны жарылған, дүлдүл тұяқтың дүбіріне от беріп, көбеңсіп жеткен таңғажайып қуаныш көңіл көгімізде жарқырады. Шығандап барып тағы бір нұр шашып атар таңдай, манаурап батар кештей болашаққа қанат жайдық. Сөйтіп түрленуге жаңа қадам басқан Түркістан аты түркі жұртына, әлемге су жорғадай тайпала жөнелді.

Осы жылы Үкімет Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының жобасын бекітті. Жоба «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Елбасының 2018 жылғы 29 қыркүйектегі №762 Жарлығының негізінде әзірленген болатын. Ал, шаһарды дамытудағы бас жоспарының тұжырымдамасы 2018 жылдың қыркүйегінде мақұлданған болатын. Сандық мәліметтер бойынша облыс орталығы Түркістанға көшірілгеннен бері қаланың негізгі капиталына 400 миллиард теңге инвестиция құйылыпты.

Бас жоспар бойынша ендігі кезеңде қала аумағы біршама ұлғайып, 30 мың гектарға жуық болмақ. Былайша айтқанда, қала шекарасына өзгерістер енгізу арқылы бастапқы қала аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға өзгертілді. Бұл күнде қала тұрғындарының саны 176 мыңға дейін өскен. 2025 жылға қарай қала халқының саны 250 мыңға дейін, ал 2035 жылға қарай 350 мыңға дейін жететін көрінеді. Атаулы жобада жобаның келесі жобалық кезеңдер қабылданған болып, бастапқы жыл – 2018 жыл, бірінші кезең – 2025 жыл, есептік мерзім – 2035 жыл болып табылады.

Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру жоспарланған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 12 973,8 гектарды құрайды. Өткен жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 миллион шаршы метрді құраса, 2025 жылы 6,1 миллион шаршы метрге жетеді деп көзделген. Ал, 2035 жылы 9,8 миллион шаршы метрге дейін немесе бір адамға шаққанда 28 шаршы метрге дейін өседі деп күтілуде.

Бүгінде күллі түркі дүниесінің, тіпті әлемнің назарына іліккен көне шаһардың экономикалық-мәдени дамуы өз биігінде қалыптасып жатыр. Ажары ашылып, базары кірген, түрленіп, қайта түлеген қаланың бақыты алда. Жергілікті тұрғындардың да әлеуметтік ахуалы жақсарған үстіне жақсара бермек. Осы секілді қаланың бақ пен қуаныштарын, тарихы мен шежіресін, үміт күттірер ертеңін жазып келе жатқан «Түркістан» газетінің беттерін парақтап осы сенімге қосылғандаймын. Ертеңінің тіпті де ғажап боларына күмән жоқтай. Осы бір ойды тоқсан жыл бойы Түркістан шаһарымен бірге дауылды бұрқасындарға қарсы тұрып, ағындарға қарсы жүзіп, небір тағдыр иірімін бастан кешкен «Түркістан» газетінен аңғару қиын болмаса керек.

Қош, Түркістан шаһары жайлы сөз – «Түркістан» газеті туралы сөз болмақ. Тоқсан жыл бойы тағдыры тоғысқан басылым өз аяулы қаласының болашағы жайлы жазудан шаршамақ емес. Тек талап талғарынан шыға білу дейтін ой ғана мазалар. Оның әділ бағасын ойлы оқырман, шаһардың сүйікті тұрғындары айта жатар.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы