«ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІНЕ – 90 ЖЫЛ

1  581 көрілім

Иә, 90 жыл – 90 белестегі «Түркістанның» сарғайған беттері абыз шаһардың тарихы жайлы сырға толы.

Оқырманды рухани дүниелермен сусындатып, күнделiктi жаңалықтарды жедел жеткiзуге тырысатын Түркiстан қалалық «Түркiстан» газетi 90 жылдық тарихты артқа тастады. Сонау 1930 жылғы 4 қазанда «Қызыл Түркiстан» деген атпен iргесi қаланып,1962 жылдан бастап «Коммунистiк еңбек» болып, тәуелсiздiк алғалы «Түркiстан» атауымен жарық көрген газет қала шежіресінің қайнар бұлағы болды. Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Халықтың үнi, құлағы һәм тiлi» бола бiлдi.

«Қызыл Түркістанның» алғашқы саны 1 парақта, екі беттік болып шыққан. Ал, 1959 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ және өзбек тілдерінде төрт бет болып, аптасына үш реттен шығарыла бастады. Алғаш 4-беттік болып жүйелі түрде шыққан газеттің 3-інші беті СССР халық шаруашылығы жетістіктеріне, соның ішінде Қазақстан көрмесіне арналған.

«Түркістан» газетінің сарғайған парақтарын ақтара отырып, бір беттік болып шыққаны көзге қораштау көрінгені рас. Заманның қиын кезеңі, жоқтан бар жасаған ел азаматтарының еңбегі ол да болса,-деген ой түйгенбіз іштей. Содан да болар, төл басылымның 4-беттік болып шыққанын көргенде біз де қуанышқа кенеліп отырдық. Шынында бүкіл түркістандықтарға шаттық ала келгендей. №54 санда газет редакторының орынбасары Б.Егембердиев «Қызыл Түркістан» газеті көлемінің ұлғайып шығуына байланысты «Біздің газет» өлеңін жазып, ел қуанышын жеткізе білген.

«БІЗДІҢ ГАЗЕТ

Талай жылдар партиялық күресте,
Шын батырша белдестің де күрестің.
Қоғам қамы, идеялық зор істе,
Партияңа жәрдемші боп сен өстің.
Талай кадр қаламдас боп өзіңмен,
Талай шын жан сынға ұстады сөзіңді.
Талай енжар, жарамастар түзелген,
Тәрбиешіл, досқа болдың көңілді.
Атың әйгі. Атың «Қызыл Түркістан»,
Затың – болат, асыл сөзбен туысқан.
Сені баулып, өз партияң ұшырды,
Тілегі сол:
-Жарқын жолда алыссаң!..
Біздің газет, ақта үмітті, арыма,
Тілші-автор сап қатарын өсіріп.
Қызметіңді жақсарта түс тағы да,
Баста шыңға, осы тілек, осы үміт!
Б.ЕГЕМБЕРДИЕВ».

Тоқсан жыл. Заман таразысына салар болсақ осы уақыт аралығында тарихтың көш керуені қандай соқтықпалы жолдардан өтпеді… 30-ыншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде аш құрсаққа рухани азық болу ниетімен жарық көрген басылым 1937 жылғы нәубет-зобалаңды, 1941- 1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысының зардаптарын, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруді, тың игеруді, бесжылдықтың балғаларын солқылдата соққан социализм кезеңін, тоқырау дәуірін, қайта құруды, бәрі-бәрін халық үнімен үндестіріп, оқырмандарға жеткізді. Әсіресе, қуғын-сүргін мен екінші дүние жүзілік соғыс жылдары ел басына түскен ауыртпалықты бөлісіп, халықты ертеңгі күнге сеніммен қарауға шақырып отырды. Бесжылдықтар белесіндегі еңбек озаттарын дәріптеп, олардың іс-тәжірибелерін насихаттады.

Біздің қарашаңырақ газетіміз кезінде Түркістан ауданы ғана емес Созақ, Алғабас, Қызылқұм аудандарына да тарап, олардың тыныс-тіршілігін жазғанын да сарғайған газет беттерінен көріп отырмыз.

Осы орайда, тарих қойнауына көз жүгіртіп, басылымды 1954,1959-1985 жылдары басқарған редактордың естеліктеріне көз жүгіртсек.

«1962 жылдан бастап газеттің аты өзгерді. Газет «Қызыл Түркістан» орнына «Комунистік еңбек» болып шықты. Өйткені, сол жылдары Түркістан, Алғабас, Қызылқұм, Созақ аудандары үшін аумақтық – өндірістік басқарма құрылды. Осыған сәйкес Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің Түркістан аумақтық-өндірістік басқармасы жанындағы ауданаралық газеті болып аталды. Сол кезде біздің облыс бойынша төрт жерде ауданаралық газет шықты. Облыстық партия комитетінің хатшылары В.Макаров, Б.Садуақасов, Қ.Жарқынбаевтар ауданаралық газеттердің редакторларын қабылдады. Осы кезде мен «Газеттің атын «Түркістан» деп қою керек – қой» дедім. Олар бұл мәселе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде келісіліп қойылған деді. Сонымен, газет 1962 жылғы 1 мамырдан бастап «Коммунистік еңбек» деп аталды. Алғабас, Қызылқұм, Созақ аудандарындағы газет шықпайтын болды. М.Бабашев Қызылқұм ауданы бойынша, журналист Б.Мұқанов Созақ ауданы бойынша, Е.Тұрысов Алғабас ауданы бойынша ауданаралық газеттің арнаулы тілшілері болып істеді» – деп еске алады Тұрабай Мырзахметов газетіміздің 75 жылдық мерейтойына орай 2005 жылы жазған естелігінде.

Сондай-ақ, «1988 жылы «Коммунистiк еңбек» газетi «Коммунистический труд» деген атпен орыс тiлiнде де шыға бастады. Болат Қожахметов деген өте талантты журналист қазақ тiлiндегi мақалаларды аударып қана қоймай, өзi де орыс тілінде мақалалар жазды. Ол орыс тiлiндегi газеттiң тартымды шығуына барлық күш-жiгерiн аямайтын. Сондықтан да бұл газеттi халық сүйсiне оқитын. Екi жылдан кейiн бұл газет жабылып қалды.

Міне, сөйтіп кеңес одағындағы үш тілде бірдей шығатын бірден-бір газет – Түркістан аудандық, қалалық «Коммунистік еңбек» газеті болды.

Газетіміздің 1985-1993 жылдардағы редакторы Әмидулла Көпбаев «Өткен күн белестері» атты естелігінде:«Коммунизм елесі құрдымға кетіп бара жатқанда газетіміздің аты да бүгінгі талапқа сәйкес болмай қалды, оны өзгерту мәселесі тұрды. Өз ұжымымызбен ақылдасып «Түркістан» деп ат қоюды жоғарғы органдарға ұсыныс жасадық. Көп айтыс-тартыстан кейін ақыры газетіміз өзінің тұрағы – Түркістан атымен шыға бастады» деп қарашаңырақтың «Түркістан» атауын қалай иемденгені туралы кең көлемде жазған.

Міне, Егемендік алғалы бергі ел тарихы да «Түркістанның» сарғайған беттерінде сайрап тұр. Иә, 1991 жылдан бастап газетіміздің атауы «Түркістан» болып шыға бастады.

Алғашқы редактор Жақан Сыздықовтан бастап газеттi 90 жыл iшiнде 18 редактор басқарыпты. Атап айтсақ олар: Е.Оразов, Жақсылықов, Әлiбек Есқараев, Әбдiрашит Бердәулетов, Ғ.Тиесов, И.Уахитов, У.Қабылбеков, М.Қарабалаев, Ә.Жолдыбаев,Б.Егембердиев, Әбдiжаппар Әбдiсаттаров, Тұрабай Мырзахметов, Әмидулла Көпбаев, Сырым Дағмырзаев, Балтабай Нұржанов, Асан Оспанов.

2017 жылдан бастап Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi Мәлiк Жұмаханұлы Дәулетов «Түркiстан», «Туркистон» газеттерiнiң директор-редакторы қызметiн абыроймен атқарып келедi. «Түркiстан» газетiнiң тарихы терең, тағылымы талай ұрпақтың жадында. Бүгiн данагөй абыздың жасына келген «Түркiстан» газетi қасиеттi қаладағы әрбiр қазақ отбасының ақылшы-сына айналды. Дәуiр үнi бола бiлу – кез келген бұқаралық ақпарат құралдарының пешенесiне жазылмаған бақыт.

Бұл басылымда кезiнде қазақ халқының ұлт руханияты мен әдебиетiне қызмет еткен талай атпал азаматтар еңбек еттi. «Түркiстан» – отандық журналистикаға елеулi үлес қосқан басылым ғана емес, қазақтың тарландарын тәрбиелеген киелi орда, қарашаңырақ. Олар – есiмдерi ел есiнде мәңгiге сақталған белгiлi журналист, бiрнеше кiтаптың авторы Нұрмахан Оразбеков, ақиық ақын Қаныбек Сарыбаев, талантты журналист Әбдiсал Тәкiбаев, журналист әрi ақындар Мәмедәлi Әшiрбаев, Аманкелді Досжанов және т.б. Сонымен қатар, ақын Темiрхан Медетбеков, журналистика саласының майталманы Қуандық Оразбек, «Хабар» телеарнасында қаншама жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған Тiлеуқабыл Мыңжасаров осы қарашаңырақта алғашқы еңбек жолын бастаған қырандар.

Газет әр жылдары түркiстандықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегiн насихаттап, көпшiлiк оқырманға жеткiзiп отырды. Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, олардың әлеуметтiк мәселелерiн батыл көтерiп келедi. Соның нәтижесiнде жыл сайын оқырмандар қатары көбейе түсуде. Бүгiнде бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделдi басылым. «Түркiстан» газетiнде редакцияның талабы мен үдесiнен шыға алатын қағылез де қабiлеттi журналистерге қашанда орын бар. Төлеген Айбергеновше айтсақ, «Жанам деген жүрекке от беремiз».

«Жас келсе iске» дегендей, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi, iскер басшы Мәлiк Дәулетовтiң бастамасымен «Түркiстан» газетi 2019 жылдың басынан алғашқы саны жаңа форматта шығып, заман талабына сай халық игiлiгi жолындағы қызметiн жаңа қырынан бастауды қолға алды. Бүгiнде газетiмiздiң айдарлары жаңаланып, оқырмандар назарына өнегеге толы тағлымды материалдармен ұсынылуда.

Қарашаңырақ басылымның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында аға буын әріптестеріміздің, соның ішінде Әмидулла Көпбаев ағамыздың редакцияның маңдайына бұйырмай қалған баспана туралы жазған естелігін қайта-қайта оқып отырмын. – «1989 жылы редакцияның бухгалтериясы қысқарып, бәрі облыстық баспа және полиграфия басқармасына орталықтандырылды, барлық есепшоттағы қаржымыз сонда аударылатын болды. Байқаймын, бізден басқа редакциялардың көпшілігі мемлекеттен қарыз. Ал, біздің есепшотымызда 87 мың сом (сол кезде бұл дегенің 90 мың доллар) бар екен. Әрине, бұл баспасөзге жазылу, хабарландырулардан және демеушілерден келіп түскен қаржы болатын. Қимылдап, қалайда қаржыны өзімізде қалдырып, өмірінде кеңсеге жарымай келе жатқан редакцияның ғимаратын тұрғызуды ойладық. Ұжыммен келістік, облыстық басқарма бастығының алдына бірнеше рет кіріп жүріп, мәселе оңынан шешілді-ау. Бұған арнайы сәулетші және құрылыс бөлімі бөлініп, бір жылдың ішінде ғимарат тұрғызылды. Бұл ғимаратқа қызғаныш білдіріп, зиян келтіруге әрекеттенушілер де болмай қалған жоқ. Бірақ, амал не, бұл ғимаратты редакция ұжымы небәрі үш-төрт жыл пайдаланды. Қазір қанша қиындықпен, тауқыметпен салынған сол ғимаратта басқа мекеме отыр. Ал, редакция баспахананың цех бөлмелеріне ығыстырылды».

Әмидулла Көпбаев ағамыз маңдай термен салынған ғимараттың редакция ұжымына берілуін кезінде үлкен жиындарда көтерген де болатын. Редакция мен баспахана біріктірілген уақытта көтерілген мәселелер бұл. Шынында, алғашында редакция баспахананың цех бөлмелерінде отырды. Кейін, бұл баспахана да сатылып кетіп, редакцияның үй-жайсыз қалғаны бар.

Бұл жайында газетіміздің 1998-2013 жылдардағы редакторы, марқұм Балтабай Нұржановтың «Жақсыдан шарапат» естелігінде нақты жазылған.

«2002 жылы редакция жаңа ғимаратқа көшті. Қазір айтуға оңай. Ал сол кезде…

Негізі 1977 жылы пайдалануға берілген бұрынғы баспахана ғимараты редакция мен баспаханаға лайықталып салынған. Осы құтты орнымыз 2001 жылғы 20 қаңтарда 250,000 (екі жүз елу мың) теңгеге инвестициялық тендермен сатылып кетті. Баспахана ғимараты Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитеті құзырында болғандықтан жергілікті жердің – тарихи қаланың ерекшелігі ескерілмеген. Қала әкімшілігіне де ресми түрде хабарланбады. Сөйтіп, көне қаланың көркеюіне мың күндік сөзімен көмектесіп жүрген 70 жылдық тарихы бар газет баспанасыз қалды.

Әйтеуір, ақыр түбі қайыр болып Түркістан тойы қарсаңында гүл сататын жабық базар болады деген болжаммен салынған ғимараттың бір бөлігі еншімізге тиді. Сол кезде газетімізге «Қайран біздің ғимараттар-ай…» деген тақырыппен бұрынғы редакция үйлерінің суреттерін беріп:

«Қағып жүрміз тәлтірек,
Көшіп – қондық бес рет,
Сыр бермейміз ешкімге,
Көңіліміз жарты деп»-өлеңдетіп сөзін жаздық.

Асты тас, үсті тас, жаңадан салынғанымен бір жылдай қараусыз қалған соң тозығы жеткен ғимаратты көргенде бұдан басқа ауызымызға сөз түспеді.

Бұрынғы перзентхананың орны, қаншама сәби дүниеге келген жер. «Әзірет Сұлтан» кесенесі дәл қасымызда. Көшіп келгеннен кейінгі алғашқы қасиетті жұма күні жаңа ғимаратымызда құрбандық шалып, Құран оқыттық. Аллаһтың қолдағаны, «Әзірет Сұлтан» бабамыздың демеп, жебегені болар сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Әметұлының назары ауып, ғимаратымыз жөндеуден өтті. Соңғы жиырма жыл бойы пайдаланып келген стол, орындықтарымыз да сәтін салып жаңаланып қалды».

…Иә, он жыл бейғам отырған жайымыз да бұзылатын болып, 2012 жылы басқа жайға көштік. Бұл жөнінде де қайран Балтекең «Біз көштік» атты мақаласында өзі қалам тербеген еді.

«Енді қайда барамыз? деп жүргенімізде қалалық сәулет басқармасының ғимараты ауласынан бұрынғы ескі үш бөлмелі жай беріледі деген хабар жетті. «Қораға кіріпсіңдер, әрбір істің ақырын берсін» деп біреулер қоңырау соғып жатыр,-деп әріптесіміз сұп-суық хабар жеткізді. Қабырғалары құзданып, есік-терезелері алба-жұлба болып тұрған жайды көргенде көңіліміз құлазып қалған-ды. Мына сөзден кейін тіпті ұнжырғамыз түсті. Амал жоқ қала әкіміне шықтық. Осыдан аз уақыт бұрын төл мерекеміз – баспасөз күні редакцияда болып, жергілікті журналистер жағдайымен танысып, материалдық-техникалық базамыздың жай-күйіне көңілі толмаған қала басшысы көмек көрсетуге уәде берген еді. «Құланның қасынуына шүріппенің басылуы дәл келді» дегеннің кері болды.

Әліпбек Шәріпбекұлы бөлінген жайды өз көзімен көріп, дереу шешім қабылдады. Сәулет басқармасы ауласынан салынған 2 қабатты ғимараттың жоғарғы қабатын түгелдей қарашаңырақ басылымға беруге тапсырма берді. Және қолдау, көмек көрсететінін тағы жеткізді.Әкім болғанның, халқына жақын болғанның белгісі осындай-ақ болар. Халықтың үні, қаланың айнасы, 82 жылдық тарихы бар қарашаңыраққа қала басшысы осылай оң көзқарас танытқаны жергілікті журналистердің жанын жадыратты, шабыттарына шабыт қосты».

Осы ғимаратта отырғанымызға бір жылдан асқанда Балтекең өмірден озды… Өзегімізді өртеген ауыр қайғы болды…

Қаламыз облыс орталығы атанғанда ол жерді де облыстық прокуратураға босатып беріп, бұл қуыстан да ысырылып қалдық. 2018 жылдан бері жеке кәсіпкердің «Дельфин» сауда кешенінің екінші қабатын жалға алып отырған жайымыз бар.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп айтқандай, баспахана жыры шынында бізді де әбден қартайтып тынды. «Жүре берсең көре бересің» деп айтқандай, газетіміздің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында баспаналы болу бақыты бұйырар деген сенімдеміз. «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген қазақы нақылды айта отырып, бізде бүгін өз жайымыздан хабардар еткіміз келді.

Сөз соңында барша түркістандықтарға «Түркiстан», «Туркистон» газеттерiнiң 90 жылдық мерейтойы құтты болсын айтамыз. Газеттің мерейтойы – елдің мерейтойы. Сонымен қатар, басылымның бүгiнгi ұжымын атап айтсақ, газеттiң директор-редакторы Мәлік Дәулетов, орынбасары Ләззат Сарыбаева (автор), қазақ бөлiмiнiң меңгерушiсi Қуаныш Тасыбаев, өзбек бөлiмiнiң меңгерушiсi Райымжан Әлiбаев, компьютер орталығының жетекшiсi Мамыржан Нәбиев, корректор Шынар Әділханқызы, аудармашы-корректор Рузиахун Мадалиев, есепшi Дана Мұсабекова, фототiлшi Ақберен Амангелді, хатшы Айнұр Шарасұлова, кiшi қызметкер Марина Колхозоваларды газеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, шығармашылық табыстар тілеймін.

Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркiстан», «Туркистон» газеттерi директор-редакторының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы