ТАЙҚАЗАН
Тарих – баян, сыр қылып,
Айтып келем, Тайқазан!
Елу төрт жыл қыдырып,
Қайтып келген, Тайқазан!
Әмір Темір кезінде,
Сыйға тартқан Тайқазан!
Таусылмайтын несібе,
Ғимаратқа, Тайқазан!
Айт дегенде ағайын,
Арқам қызған, Тайқазан!
Таңдайына талайдың,
Нәр тамызған, Тайқазан!
Пұлға толған кезінде,
Қызып тұрған, Тайқазан!
Әкімдердің өзін де,
Қызықтырған Тайқазан!
«Жаудан жылқы айырған»,
Ерлер кімнен кем екен?!
Қайтқан малда қайыр бар,
Енді кірді берекем!
Нұрмахан НАЗАРОВ.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат – қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан. Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп, қолымен ұстап көруге әркім-ақ құмар. Кесенені салдырған көреген Әмір Темір тапсырысымен бұл қазан 1399 жылы 25-маусымда, (хижр. 801 жыл, 20-шәуәл) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы екі тонна, сыйымдылығы үш мың литр. Қазан сыртындағы араптың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны шайхылардың сұлтаны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады.
1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты мұражай Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18 жұлдызында ғана тарихи отанына қайтарылады. Бұл істе, мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті, ғалым этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейіне (1988-1995 ж.ж) директор қызметін атқарған Нұрмахан Назаров атақты тайқазанды Эрмитаждан өз Отанына алдыртуға атсалысқан азаматтардың бірі. Осы орайда, Тайқазанның қасиетті шаһарға қайта оралуы туралы Нұрекеңмен аз-кем әңгімелескен едік.
– Нұреке, сонау 1989 жылы тәуелсіздіктің хабаршы қарлығашындай болып, Тайқазан өз Отанына, яғни «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейіндегі бұрынғы орнына қайта қондырылды. Осы жәдігердің қайда, қалай кетіп, қалай қайта оралғаны туралы өзіңіздің сүйікті газетіңіз «Түркістанның» бүгінгі оқырмандарын хабардар етсеңіз, артық болмас еді?
– Тайқазанның жалпы тарихы, әсіресе, Санкт-Петербургке қалай барғаны, жарты ғасырдан соң қалай қайтарылғаны жайлы кезінде республикалық, облыстық бірнеше газеттерде біраз жарияланған. Газетіміздің бүгінгі оқырмандары үшін қысқаша еске сала кетейін. 1935 жылы 11-16 қыркүйекте Эрмитажда, екі қорытынды мәжілісі Мәскеуде, Қызыл Армия үйінде өткен ІІІ-халықаралық Конгрестің күн тәртібінде қаралған мәселе «Иран искусствосы мен археологиясы» еді. Оған Австрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Голландия, Дания, Иран, Испания, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, КСРО, Түркия, Финляндия, Франция, Чехословакия және Швеция барлығы 18 елден 188 делегат және 153 мүшелері (конгресс) қатысты. Эрмитаждың шығыс бөлімі 84 залға ұйымдастырылған үлкен конгресс Эрмитаждың керемет байлығымен қатар, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Түркменстан және Украина музейлерінен экспонаттар қойылды.
Ол заманда, республика басшылары Одақ басшылығына уақытша берілген затымызды қайтарыңыз деу, ол кездегі әдепке жатпайтын. Себебі, бәрімізде Кеңес Одағы деген бір-ақ, Отанымыз болды. Солай бола тұра, сол кездегі Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды жан Өзбекәлі Жәнібековтің дипломатиялық жолдармен (коммунистік партия съездерінің делегаттары, Одақтың еңбекшілер депутаттарының сессияларына қатысушылар арқылы хаттар жолдау) әрекеттер жасалды. Өкінішке орай, оң не сол жауаптар да болмады. Мен жоғарыда аталған республикалық «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейіне 7 жыл басшы боларда Ө.Жәнібековтің (ЦК-ның секретары) қабылдауынан өткенмін. Өзағаңның бастауын менің жалғастыруымының сәті түсті деп ойлаймын.
– Жұрттың пікірінше, Сіздің әрекетіңіз шешулі рөль атқарған сияқты?
– Мақтанудан аулақпын. Елбасының бір сөзі бар: «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші», – деген. Пендешілік қой, ауыз-екі сөзде құлпырма, құбылма сөздерде болуы мүмкін. Біреулер, бұрмалап та айтатын жәйттер болады. Ең шындығын, әділдігін құжаттар айтады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан:
Қ.ЕСЕНБЕКҰЛЫ.
