ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ НАР ТҰЛҒАСЫ

750 көрілім

Қазақ баспасөзінің нар тұлғасы Нұрмахан Оразбек 1937 жылы 1- желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Қандөз ауылында туылып, Шорнақта өскен. Сондағы орта мектепті 1955 жылы бітіріп, 1955-1957 жылдары Алматы облысындағы «Іле» кеңшарының, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатының құрылысында жұмыс атқарады.

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын бітіргеннен кейін Қарағанды облысының жезді аудандық «Октябрь туы», Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде, 1965 жылдан «Лениншіл жаста», Қазақстан жастар одағының орта комитетінде, «Социалистік Қазақстан» газетінде, партия тарихы институтында қызметтер атқарады. 1974 жылдан Қазақ ақпарат агентігінде (ҚазТАГ) бас редактор, 1982 жылдан редактордың орынбасары (Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары дәрежесінде) қызмет атқарған. 1988-1991 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, содан кейін жаңадан құрылған Баспасөз министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасының бастығы, ағылшын тіліндегі тұңғыш республикалық «Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. 1995 жылдан республикалық «Қазақстан» баспасының директоры, сонымен бір мезгілде 2000-2002 жылдары республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторын қоса атқарған.

Нұрмахан Оразбектің ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі лайықты бағаланып отырды. Мектепте, тың игеруде, аудандық, респубикалық газеттерде, ҚазТАГ-та, баспада істеген жылдары ол аудандық, облыстық (Қостанай), республикалық жастар одағының бірталай Құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» В.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай (1970), «Тың жерлерді игергені үшін» (1984), «Еңбек ардагері» (1987) медальдарымен марапатталған. Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президиумының Құрмет Грамотасымен (1988) наградталды. Республикаға сіңірген еңбегі үшін оған «Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы (1981) берілді. «Құрмет» (2001), «Парасат» (2007) ордендерімен марапатталса, «Мәдениет қайраткері» (2003), «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» (2005) атақтарына ие болды. Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанды.

Нұрмахан Оразбек бүкіл Кеңес Одағындағы партиялық газеттер ішінде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – деген мәтелімен бірінші болып ауыстырған бас редактор («Орталық Қазақстан», 1991 жылдың бірінші қаңтарынан), ол Кеңес Одағындағы бүкіл партия-кеңес органдарының ішінде 1991 жылғы тамыз бүлігін «Иә, бұл мемлекеттік төңкеріс» деп бағалап, газетте ашық жариялаған азаматтың бірі («Орталық Қазақстан», 20-тамыз) бірінші және бірден-бір бас редакторы болды.

Нұрекеңнің «Қарсыбай Сыпатаев», «Құрбанбай Ырысбеков», «Капитал ортасындағы 18 күн», «Қасиеттісің, сен Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы-бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин», «Көрген жерден көз кетпес», «Өткенге өкпе жүрмейді» атты кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар, Ч.Бейли мен Ф.Кнайбельдің «Май айының жеті күні», Мигель Отеро Сильваның «Сыр шашпаған бесеу» романдарын, Я.Корчактың, С.Н.Сергеевцинскийдің хикаяларын қазақшалаған. Атақты Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» түсіндірме сөздіктерін түпнұсқадан қазақшалап, редакциялаған.

Нұрмахан Оразбек Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздігіміздің бес жылы», «Пять лет независимости», «Тарих тағылымдары және қазіргі заман» жинақтарының жауапты редакторы болған, оның «Қазақстан-Ресей қатынастары», «Бейбітшілік кіндігі» еңбектерін қазақша тәржімалаған. Мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровтың «Қазақстан және Ресей» (Егемендену кірігу стратегиялық әріптестік тәжірибесі) еңбегін қазақшаға аударған. Ол «Мәдени мұра» бағдарламасымен 10 томдық «Әлемдік саясаттану антологиясын» және 10 томдық «Әлемдік әлеуметтану антологиясын» мұқият даярлап, республика кітапханаларына таратты.

Иә, қазақ журналистикасының қадірлі қайраткері Нұрмахан Оразбек қасиетті Түркістан жұртының қадіріне бөленген асыл перзенті. Жоғары оқу орынды бітірген соң еңбек жолын сол кездегі «Коммунистік еңбек» қазіргі «Түркістан» газетінде 1964-1965 жылдары жауапты хатшы болып қызмет атқарды. Кейінгі саналы ғұмырындағы қызметі Алматы, Қарағандыда өтіп, Алматыда қайта жалғасқан. Әйтсе де ол, Түркістаннан қол үзген емес. Шығармаларын орталық баспасөздерде жариялатып жүріп, өзі еңбек еткен қалалық «Түркістан» газетіне жазбаларын үзбей ұсынып отыратын. Туған елін, жерін қалтқысыз сүйетін асыл аға Түркістан аймағының Ұлы Отан соғысына дейінгі, кейінгі тарихын сарылып отырып, ел арасын іздеп жүріп, елге «Өткенге өкпе жүрмейді» атты кітапты сыйлады.

Нұрмахан Оразбектің атқарған еңбектеріне осы көлемде ғана сипаттау аздық едеді. Бастысы «Түркістан» газетінен қанаттанып, түлеп ұшқан Нұрағаңның алғашқы еңбек жолының бастауы болған қасиетті мекендегі шағын ұжымның мақтанышына айналғанын айта кетуіміз қажет. Ендеше, «Түркістан» газетінің 85 жылдығындағы естелігінен бірер сөз ұсынсақ: «Осы газеттің ұжымында қанаттандым, тәжірибе арттырдым, жоғары дәрежелі журналист, публицист, жазушы, баспагер болуымның бір ұшын «Түркістанмен» байланыстырамын. Бұрынғы Фрунзе ауданының орталығы болған Шорнақтың жылнамасын мұрағаттардан іздеп тауып, кітап етіп шығардым. Түркістан атырабының өткендегі тіршілігі туралы алда біраз жұмыстарға жоспарым бар. Ұшқан ұям болғандықтан «Түркістан» газетіне ризашылығым көп. Осынау, 85 жылдығымен газет ұжымын шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін», – деп өз құттықтауын жеткізген еді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы