ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТАРИХИ ТИПТЕРІ

1  759 көрілім

Қазақ журналистикасының тамыры тереңге жайылған тарихында айрықша орны бар газеттер және өзіндік жазу стильмен, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ерекше туындыларымен көзге түскен. Журналистиканың алға басуына белсене үлес қосқан нар тұлғалы біртуар дарынды азаматтар көп болған. Олар туралы таңнан таңға дейін айтуға болатын шығар. Жалпы ұлттық журналистикамыздың тарихын білікті де білімді журналист болғысы келген әрбір адам бес саусағындай білсе қызмет барысында кездескен қиындықтарға мойымай дұрыс қорытынды шығару арқылы еңсеріп, келешегін бағдарлай біледі деген ойдамын.

Бастапқы кезде қазақ зиялыларының ұлттық мерзімді баспасөз шығару жөніндегі ұсыныстарына Ресейдің патша өкіметі қарсылығын көрсеткен. Өкімет бұдан өлкені отарлауға қауіп төнеді деп білген. Алайда, халықтар жақындасуын тоқтатуға болмайтынын аңғарған өкімет губерниялық және облыстық ведомстволарға қосымша ретінде шығаруға рұқсат етуге мәжбүр болған. Бірақ, бұл қосымшаларға толық бақылау жасалып отырған екен.

Сарғайған парақтарымен халық жадында сақталған, біз үшін, қазіргі заманның жастары үшін таңсық жазу үлгісімен есте қалған «Түркістан уалаяты» газетінің «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде шыққандығы аталған деректің айқын дәлелі. Сондай-ақ, осы тақырып төңірегінде зерттеп, зерделеп жүрген жандардың жазбаларынан ұлттық журналистикамыз аталмыш газеттен бастау алғанын байқау қиын емес. Тарихи деректерге сүйенсек, «Түркістан уалаяты» газетінің алғашқы саны 1870 жылы шыққан. Осы бір қазақ тіліндегі тұңғыш басылымға биыл 150 жыл толып отыр.

Қазіргі таңда түрлі мақала, оқиға орнынан репортаж, кейіпкермен сыр сұхбат жүргізу үшін диктофон, видеокамера секілді құрылғылар журналистің жұмыстарын жеңілдетеді. Ал, аталмыш «Түркістан уалаяты» газетінің тілшілері қалай жұмыс жасады екен? Олардың әрбірінде қазіргідей техникалар болды ма әлде бәрін есте сақтау арқылы қағаз бетіне түсірді ме? деген сауал мені қызықтырды. Осы сұрақты халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторының орынбасары Бейбіт Тоқтарбай ағамызға қойған болатынмын. Ол кісінің айтуы бойынша ол кезде диктофон болмапты. Барлығын қолжазба түрінде жинақтаған екен. Сондықтан озық үлгідегі заманауи техникалық жабдықтары бар біздер сол кездегі журналистерден анағұрлым сапалы дүние жазуға міндеттіміз деп ойлаймын.

Тақырыпқа қайта оралар болсақ, Ыбырай Алтынсариннің де осы салаға қосқан өлшеусіз үлесі туралы сыр шерту біздер үшін парыз деп есептеймін. Ол кісі тұңғыш қазақ мектебін ашты, тұңғыш қыздар мектебін ашты, қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық «Қазақ хрестоматиясының» авторы. Сол кездің адамдары қазақ тілінде білім беретін мектепке бармаса, қазақ тілінде кітап оқымаса қазақ журналистикасының дамуы мүмкін емес еді. Себебі, өткен дәуірдегі журналистердің, әсіресе газет тілшілерінің басым бөлігінің осы салаға деген қызығушылығы бала кезінде әдеби шығармаларды оқудан басталған екен. Осыған негіз болып, бастама көтерген, ұлттық сананың оянуына ықпал еткен Ыбырай атамызға алғысымыз шексіз.

1919 жылы 17 желтоқсанда жарық көрген «Ұшқын» газеті жайлы да айта кету керек. Бұл газеттің атауы «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» болып бірнеше рет өзгертілген және Қазақстан егемендік алған тұста «Егеменді Қазақстан» аталып, 1993 жылы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен «Егемен Қазақстан» деген атпен күні бүгінге дейін оқырман назарына ұсынылуда және бейресми түрде еліміздің бас газеті саналады. Бұл атау оқырманның ыстық ықыласынан пайда болған шығар деген ойдамыз.

Кеңестік баспасөз жайлы ұстазымыз Сейдулла Садықов «Журналистика- тағдырым» атты туындысында «Кеңес дәуіріндегі қазақ баспасөзі Сталин мен оның айналасындағы жеке көсемдердің жаңалықтарын дамылсыз қошеметтеп, мақтаудан танған жоқ… Халықтың отаршылардан көрген қорлығын, жер үшін күресін бейнелейтін шығармаларға қатаң тыйым салынғаны белгілі. Қазақ қасіретінің ақиқатын айтқандар «халық жауы» атанып, айдалып кетті, жапа шекті, репрессияға ұшырап, атылды. Бір ғана мысал: патша отаршыларына қарсы Кенесарының он жылға созылған ұлт-азаттық қозғалысын түбегейлі зерттеген Бекмаханов жиырма бес жылға сотталып кете барды. Алайда уақыт өте келе оны бірқатар жазушылар өз шығармаларына арқау етті» деп ашына жазған болатын.

Гүлжан НИЯЗОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы