ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР – ТҮРКІСТАНДА

678 көрілім

Осындай тақырыппен «Түркістан» газетінің №38 (7839) 1992 жылы 2 қазан күнгі санында тілші Балтабай Нұржановтың мақаласы газеттің алғашқы бетінен орын алыпты. Сонымен мақалаға кезек берсек, тағдыр салған тауқымет арқасында тарыдай шашылып, жер шарының әр жерін мекендеген бауырларымыз бағы жанып жұртында қауышты. Сол жылы қыркүйектің 29 жұлдызында Алматыдан басталған Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы қазанның 4 күніне дейін жалғасты. Құрылтайға 20-дан астам елден 400-дей қонақ келіпті. Сол кездегі астанамыз Алматыда құрылтайдың басты мәжілісін, салтанатты ашылу рәсімін өткізіп, талай-талай күрделі мәселелерді кеңесіп, шешкен қандастарымыз қасиетті Түркістан топырағына қадам басқан. Егеменді ел болып, тәуелсіздік алған қазақ мемлекетінің тұсаукесер тойындай болған Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы түркі халықтарының кіндік қаласы Түркістанда жарасымды жалғасын тапты.

Торғайдай тозып, елім деп еңіреп, жерім деп жетімсіреп жүрсе де салт-дәстүрін, ана тілін ұмытпай өсіп-өнген, өркен жайған қандастарымыз ата-баба рухына бас иіп, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық мұражайының жайын көреді, тамашалайды. Түркістан топырағында Қожа Ахмет Ясауи қабірі ғана емес, халқымыздың өзге де әзиз тұлғаларының қабірі бар екенін қандастарымыз білер ме екен?! Ел билеген Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан сияқты хандардың, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сияқты билердің, Қанжығалы Бөгенбай, Нияз тобықты Мамай Қоңырат Сырғақ сияқты батырлардың сүйектері жатыр ғой мұнда. Біздің әлі білмейтіндеріміз қаншама… Дүниенің түкпір-түкпірінен келген қандастарымыздың бірі болмаса бірі осы тарихи тұлғалардың ұрпағы шығар…

1992 жылдың ортасындағы есеп бойынша қазақтың саны 10 миллион 537 мыңға жетті. Содан 6 миллион 970 мың қазақтың маңдайына туған елінде түтін түтету жазылыпты.

«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаулап шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылдаған», – деп Ахмет ақын жырлағандай кезінде жан-жаққа тағдыр тауқыметімен тарыдай шашырап кеткен халықтың басы бірігер туған еліне ту тігер сәті келгені құрылтайда көп сөз болғаны бізді қуантты. Қасиетті Түркістан топырағынан да алыстан аңсап келген қандастарымыз қоныс теуіп жатса құба-құп.

«Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді,
Қылыш алып «надандық» саған кезенді.
Шетке лақтыр, тымақтай алып, елден қу,
Ертелі-кеш басыңа мініп езгенді», – деген Мағжан сөзі бұдан қанша бұрын айтылса да бүгінгідей бойға қуат беріп тұр. Нарықтық қатынастың бүгінгі өтпелі кезеңінде көштен қалмай, ел болып егемендік алған тұста еңсеңді көтер, серпіл, іс-қимыл, әрекет жаса, алға ұмтыл деп тұрғандай.

Құрылтайға келген қазақтардың өзге ел, бөтен жұртта жүрсе де ел қатарлы күн көріп, бір-бір саланың бетке ұстар азаматтары, іскер адамдары болып қана қоймай, нарық дүниесіндегі кейбір алпауыттармен иін тіресіп жүруі қымбатшылық қыспағына ілігудің сәл-ақ алдында тұрған бізге жөн сілтеп, күш бергендей болды десек артық айтқандық емес. Дүниежүзі қазақтарының басын қосқан құрылтайдың тәуелсіз қазақ елі үшін орны бөлек, берері көп болды дегіміз келеді. Ақжолтай үміт қандастарымыздың туыстығының бұрынғыдан да беки түскеніне артылып отыр.

«Қош келдіңіздер, қандас бауырлар!

Құшағымыз ашық қазақтар!», – деп қорытындыланыпты.

ЖҮРСІҢДЕР МЕ АМАН ЕСЕН!

(Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысушылар Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етіп келгенде)

Қайран қазақ жүрген өсіп,
Көкірегінде асыл арман.
Төрткүл дүние түгел көріп,
Тарыдайын шашыраған.

Орманынан орысы көп,
Қалаларым бауырмал-ай.
Ата-бабам қонысы деп,
Іздеп келген бауырлар-ай!

Өтсе-дағы неше заман,
Мұқалмаған алмастарым.
Жүрсіңдер ме аман есен,
Кіндік туыс қандастарым!

Көкке шырқап жыр-құстарым.
Жаныңды әнге толтырамын,
Қасиетті Түркістанның.
Басып тұрсың топырағын!

Жеткендер де, жетпеген де,
Армандаған асыл мекен.
Өзіме ыстық, Меккеден де,
Десем, көңіл тасыр ма екен.

Көк күмбезбен көмкерілген,
Ақсарайға қадамда, кір.
Өз үйіңнің ең төрінде,
«Әзірет Сұлтан» бабаң жатыр!

Нұрлы ақылмен құрандағы,
Хикметтері жалындаған.
Бүткіл түрік – Тұрандағы,
Ұлы әулие ақын бабам!

Нұрмахан НАЗАРОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы