Оңдасынов ел тізгінін қолға алған жылдан бастап республика көлемінде ағарту ісімен айналысады. Елдегі сауатсыздықты жою, әсіресе ауылды жерде хат танитын қазақтың қарасын көбейтуге барынша күш салады. Қазақ әліпбиінің латын графикасынан кириллицаға көшуі де сол кезеңде болған. Қазіргі үлкен оқу орындарымыздың біразы сол кезде ашылды. Республикада ағарту саласымен қатар, халық мәдениетінің өсуіне, жаңа сатыға көтерілуіне ден қойып, халықтың өзіне тән өнерін дамытумен бірге, өнердің жаңа түрлерінің (театр, кино, сурет, мүсін) өркендеуіне қатты көңіл бөледі.
Кеңес Одағының орталық мәдени ошақтарынан кәсіби мамандар шақырып, өнердің жаңа түрі – кинематография саласын дамытуды кәсіби негізге қою күн тәртібіне енеді. Осы саланы игерту үшін қазақ жастарын Мәскеуге оқуға жібереді. «Мосфильм», «Ленфильмді» Алматыға шақырып, оншақты көркем және деректі фильмдерді түсіруге жағдай жасайды. 1943 жылы Оңдасынов халық ақындарын орталыққа жинап, айтыс та өткізеді. Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойын өткізу шараларын да ұйымдастырған.
Оңдасынов соғыс болып жатқан сұрапыл кезеңде Қазақстан Ғылым академиясының жаңа ғимаратын салынуына қаражат қарастырып, оның іргесі қаланғанда ырымдап: «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын», – деп күміс ақша шашады. Осы Ғылым академиясының басына Қаныш Сәтбаевтың келуіне де себепші болған. 1942 жылы Оңдасынов білімді, байсалды Дінмұхамед Қонаевты кездестіреді. Кейіннен Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырттырады. Д.Қонаев он жыл бойы Оңдасыновтың орынбасары болады. Қазақтың тұңғыш кәсіпқой мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың да қалыптасуына Нұртас Оңдасыновтың тікелей қатысы болған.
Оңдасынов алғаш ел басқарған жылдардан бастап ( 1939 жылдары) КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің алдына қойылып келген Мойынты-Шу теміржолын салу жобасы – тарихи маңызы бар шешім дер едім. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста Оңдасынов басқарған республика үкіметі мүшелерінен құралған делегация Мәскеуге барып, КСРО Министрлер Кеңесі алдында бұл жобаны жүзеге асырудың қажеттілігін дәлелдеп, құрылысқа қажетті қаржыны бөлгізеді. Бірақ құрылысқа Кеңес Одағы жағынан «жұмыс күші бөлінбейді, республика өз күшімен салады» деген шарт қояды. Осы теміржол құрылысы туралы Оңдасынов бір сұхбатында: «Целиноград, Қарағанды, Көкшетау, яғни Орталық Қазақстан өңірінен Алматыға пойызбен келмек болған адам, теміржолға тиелген жүк бұрын оңтүстікке қарай төте тартпай, әуелі терістікке, яғни кері қарай жол тартып, Петропавл, Омбы мен Новосибирь арқылы Россия жеріне шығып, содан қайта оралып, үш-төрт тәулікте әзер жететін десем, қазіргі жастар күледі, сенбейді. Басы қасында болғандар болмаса, былайғы жұрт, өте-мөте елуінші жылдардан кейін өмірге келген орта буын мен қазіргі жастар біле бермейді. Осы теміржол құрылысы үшін соғыстан титықтап, азып-тозып, сіңірі созылған қалың жұртты – 16 мың адамды жұмылдырдық. Оңтүстіктен, терістіктен сегіз облыстың колхозшылары қамтылды. Күш көлігі – өгіз арба, ат арба. Қолдағы сайманы – зембіл мен күрек, кетпен мен сүймен. Жалаң аяқ, жалаң төс жігіттердің бет-ауыздары шаң-топырақтан көрінбейді…», – деп еске алады. Міне, Оңдасыновтың ел басқарған кездегі тарихи маңызы бар шешімінің бірі осы емес пе!..
Ұлбосын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВА,
Нұртас Оңдасынов атындағы музейдің меңгерушісі.
