САН ҒАСЫРЛЫҚ АЖЫРАМАС ДӘСТҮР

1  202 көрілім

Мұражайда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін тамашалауға келген әр бір жас халқымыздың рухани бастауына терең бойлап, туған елінің, ұлтының өзіндік ерекшелігін аялап, оны сақтауға үйренері анық. Жас ұрпақ мұражайларға келіп, көп дүниені танып біліп жатады. Бала туылғаннан бесікке салу ата дәстүріміз. Халқымыздың «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал», «Ел боламын десең бесігіңді түзе», «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген нақыл сөздерінің жаны бар.

Бесік – сан ғасырлар бойы қазақ халқының ажырамас бір бөлшегі іспеттес. Ол – ұлттың ұясы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мұраға қалған дүниесі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі сияқты. Бесікті қатты қадірлейтін халқымыз ерекше мән беріп, атадан балаға мұра ретінде қараған.

Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Өсіп келе жатқан бала бойында адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылу баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкене кезінен бастаған дұрыс. Сол себепті де өткенімізден белгі, келешегімізге өсиет ретінде біздің тарихи мәден этнографиялық орталықта бесік сақтаулы.

Бесікке бөлеу тек қазаққа ғана тән емес, өзге халықтарда да бесікке бала бөлеу дәстүрі бар. Бесік құрылымына тоқталар болсақ:

1.Алдыңғы басы.

2.Артқы басы.

3. Белағаш.

4.Қайқы табан.

5.Жақтау.

6.Тақтайша.

Біле білсек, бесіктің жасалуында да үлкен мән бар.

Бесік ерте заманнан келе жатқан дүние. Мұхамед Хайдар Дулатидың еңбегінде бесікті «бешик» деп атаған. Яғни ол заманнан бұрын да бесікті пайдаланғанына ешкім шек келтіре алмайды. Сонымен қатар, ертеде, әжелеріміз бөбекті пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тағып қоятын болған. Ондағы ой – жас сәбиге көз тимесін деген ниет.

Этнографиялық орталықтың қорында сақтаулы жәдігерлерді насихаттау барысында көптеген зерттеулер жүргізілуде. Осындай құнды жәдігерлерімізді көпшілікке жеткізу мұражай қызметкерлері біздердің басты борышымыз деп білемін. Мұражайда тұрған әрбір дүние ұлттық тәрбие берудің қайнар көзі.

Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Сәби жүрегіне алғашқы рухани нәр ең алдымен осы әлди жыры арқылы сіңеді. Бесік жырларының бүкіл поэтикалық құрылымы бүлдіршіндер табиғатына лайықталғандықтан, алғашқы кезде, бөбек құлағына сөз бен саздың ырғағын сіңіріп, кейіннен таза тәрбиелік қызмет атқаратындығын назарда берік ұстаған жөн.

Этнографиялық орталықтың экспозициясында тұрған кей дүниелер бала санасына үлкен ой салады деп ойлаймын. Мысалы: этнографиялық орталықтағы бесікке қажетті құрал-жабдықтар арқылы халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрінің бірі – баланы бесікке салудың үлкен тәрбиелік мәні барын, бесіктің сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор екенін түсінері хақ.

Зауре ТАДЖИБАЕВА,

тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың әдістемелік бөлім меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы