- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
А. С. Пушкин атындағы Түркістан облыстық ғылыми – әмбебаб кітапханасы жаңашыл жобамен кітапханашы қауымды үздіксіз ізденістерге жетелей отырып, өлкетану бағытында орасан істерге мұрындық болып келеді. Соның бірі- «Кітапхана туған өлке келбеті» жобасының «Мекен-жайдың маңыздылығы» бағыты. Бүгінгі библиоочерк Түркістан қаласындағы ақын Өмірбай Сәуірбаев атындағы көше тарихы туралы болмақ.
Түркістан қаласында Сауран мөлтек ауданына қарасты бірнеше көше бар. Сол көшелердің бірі – ақын Өмірбай Сәуірбаев атындағы көше. Бұл көшені алған себебім, ақынның көзін көрген едім. Оқуды жаңа бітіріп келген кезім, 1982 жыл. Орталық кітапханаға жұмысқа орналастым. Директор мені шақырып алып, Түркістандағы ақын- жазушылармен кездесу өткізу керек – деді. Менің ойымша ақын – жазушылардың бәрі үлкен қалаларда тұрады деп ойласам керек.
Біздің қалада да ақындар бар ма ?- дедім.
Бар, – деп ақын – жазушылардың тізімін берді. Содан соң ол кісілердің мекен – жайын алып, кездесу кешін өткізбек болдым. Бірінші Өмірбай Сәуірбаев жазылған екен. Өмірбай Сәуірбаевтың кітаптарын сөрелерден тауып алып, ақынның өмірі мен өлеңдерімен таныстым. Іздеп барғанда ақын: – Менің өлеңдерімді оқыдың ба?- десе ұялып қалмайын деген есеппен. Сонымен ол кісіні іздеп бардым. Күн ыстық, жаз айы болатын. Ол кезде көше Суворов көшесі болатын. Үйін таптым. Үйі әктелген, ауласы кең, тап – тұйнақтай екен. Есігін қаққанымда есікті ақынның жары Үміт апай ашты. Бойы орташа, аққұба келген, көзі доп-домалақ, шашын жоғарыға қарай тарап түйген, тығыншық денелі, жүзі жылы реңді апай екен. Апайға:
Менің атым Баян Наурызбаева, орталық кітапханадан келдім, Өмірбай ағаймен оқушылар арасында кездесу кешін өткізбекші едік, соған ағай үйде болса өзімен амандасып, шақыру билетін берсем деп келіп едім, – деп жөнімді айттым.
Келе ғой, ағайың үйде, демалып жатыр. Қазір мен кіріп, дайындап, айтып шығайын деді. Мен де ол кісімен ілесе кіріп, дәлізде күтіп тұрдым. Апай бөлмеден шығып
Ал, енді кіре бер, – деді.
Естігенім бар және теледидардан көргенім бар, ақындардың өздерінің кабинеті бар, столдың үстінде жазу жазып отырады деп, ойымша алдымнан ұзын бойлы, алып денелі, түрі сұсты, ойлы кісі шығатын шығар деп, өзімді іштей пысықтап, дайындалып ақ тұрмын. Бірақ, ішке кіргендегі көрініс мүлдем басқаша болды. Шағын бөлме екен. Күн ыстық болған соң ағайдың жағдайын жасап, бөлмені қараңғылап қойған екен. Сырттан кірген соң көзім қарауытып ештеңе көрер емес. Іштен ер адамның дауысы естілді. Оң жағыңда свет бар, светті жақ деді. Мен сипалап жүріп светті тауып алып, светті жақтым. Бөлменің ішінде әлгінде мен ойлаған жазу жазатын стол да жоқ екен. Бірақ, бөлменің іргесінде жерде ықшам төсектің үстінде ағай отыр. Мен өмірі туралы кітаптан оқығанда жас кезінде мақтада жүргенде, мақта таситын тележкадан секіріп құлап, дертке шалдыққан деп оқығанмын, сол оқығаным сарт етіп есіме түсті. Ыңғайсыз жағдайда қалдым. Ол кісі мені сол халімді сезді ме, қорықпа қарағым, менің жағдайым осындай, – деді. Ақын ағам менің ойымдағыдай еңселі денелі емес, шағын денелі, қалың қара қасты, көздері өткір қара, мұртты кісі екен. Ағай белден төмен ақ жайма жамылған, төсектің қасында ағаш аяқтар жатыр. Одан төменіректе балдақтарды көрдім. Ағаймен есен- саулық сұрасып, оқушылармен кездесу кешіне шақырып келгенімді айтып, шақыру билетімді бердім. Өзім қорқып тұрсам да:
Ағай келе аласыз ба, кездесуге тағы кімдердің келгенін қалайсыз?- дедім. Сосын ол кісі ойланып тұрып:
Уайымдама, баруға тырысамын, – деді.
Горкомнан саясат бөлімінен шақыр, Түгелбай Ботағараев деген ақын бар сол кісіні шақыр, Нұрмахан Назаров ол да өлең жазады, міне осы кісілерді шақыр, сонымен болар деп маған ақыл қосты.
Кеш қаланың орталығында «Жалын» кинотеатрында өтетін болды. Ендігі мәселе оқырман табу болды. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Телефон тек директордың алдында. Бір мәнісі болар деп, қаладағы барлық мектептің директорларына Горкомнан звандап тұрмын, кездесу кешіне үлкен сыныптың оқушылары мен мүғалімдері келсін деп, уақыты мен мекен жайды айттым. Жастықтың буы ма, жоқ әлде Горкомда, саясат бөлімін басқаратын ағам бар еді сол кісіге арқа сүйендім бе, әйтеуір қорқыныш жоқ. Өтірікті белден бастым. Межелі күн де жетті. Жүгіріп жүрмін. Жұмысқа кіргелі іс-шараны бірінші рет өткізгелі жатырмын. Кештің сценариін өзім жаздым. Өзім әбден дайындалдым. Зал тола. ендігі уайымым, шақырған қонақтарым келмей қалса не істеймін деген ой санамнан кетер емес. Жоқ, қонақтар бір-бірімен хабарласқан ба, бәрі бірге кіріп келді. Кеш өте тартымды өтті. Ол кезде қалалық орталықтанған кітапханалар жүйесінің директоры Горбатко Лидия Ивановна болатын. Ол кісіні қалалық дәрежеде іс-шара өткіздің деп, Горкомда мақтаса, ол кісі мені кітапхана да мақтады. Сондай кезесулерді ағаймен әр жылдары өткізіп тұрдық. Ақын туралы тоқталып кетейін.
Өмірбай Сәуірбаев 1946 жылы 17 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Мектепте оқып жүргенде өлең құмар бала бір жолы мақта терім кезінде мақта таситын тележкадан құлап, оның ақыры ауыр дертке шалдығып, бір аяғынан айрылады. Осы оқыс оқиға жасөспірімнің тағдырын өзгерткендей еді. Бақандай бес жыл төсек тартып жатқан Өмірбай мектепті сырттай оқып бітіреді. Ақындығы да осы ауруханамен арпалысып жатқанда танылады. Қайсар рухтың арқасында Өмірбай Сәуірбаев Шымкенттегі педагогика институтының филология факультетін де сырттай оқып бітіреді. Өмір сырын іштей тоқыған ақын Өмірбай Сәуірбаев Түркістан аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болып орналасады. Осы жұмысты ұзақ жыл бойы атқарады. Ақын өлеңге біржола бет бұрады.
Өзің кім және кім еді менің жақыным,
Арманым осы менің не?
Халыққа әлі шықпаған, ақынмын,
Жаттығу керек өмірге, – деп жырлаған ақынды қалай ұмытуға болады.
Қалдырсам деумен артымда мен бір еңбек,
Тіршілік кештім секундтарды үнемдеп.
Даурыққан күнім болған жоқ асыл ғасырда,
Сан қилы өмір сыры мен қырын білем деп.
Ия, ақын Өмірбай Сәуірбаев тұз-дәмі таусылып, 1996 жылдың қыркүйек айының оныншы жұлдызында елу жасында жарық дүниеден өтті. Тағдыр тауқыметін ерте тартып, ауыр дертпен алыса жүріп отты жырлар жазған, көзі тірісінде бес жыр кітабын баспадан шығарған. Олар: «Ардағым», «Қызыл жалау жалқыны», «Өмірсерік»,
«Гүлөмір», «Сырымды айтам достарым». Кейін, ақынның алпыс жылдығына орай, 2006 жылы бес кітабының басын біріктіріп «Аманат» деген атпен кітабы шығады. Ақын соңында бес жыр жинағы мен бес перзентін қалдырды.
2021 жылы Өмірбай Сәуірбаев ағамыздың 75 жылдығы да келе жатыр. Ақын ағаның мерейтойы лайықты тойланады деген үміттеміз.
Баян НАУРЫЗБАЕВА,
Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ақпараттық-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі.