ЕСІМ ХАН САҒАНАСЫ

1  687 көрілім

XVII ғасырда қазақтан шыққан Есім сұлтан (Қашқарияда хан болған қазақ сұлтаны), Есім хан (Орта жүз ханы) және Есім хан есімді (кіші жүз ханы) тұлғалар өмір сүрген.

Бүгінгі сөзімізде қазақ хандарының ішінде Түркістан қаласын ең алғаш астана тұтқан Шығай сұлтанның баласы Есім ханның Түркістан қаласында, Ахмет Ясауи кесенесінің дәл қасындағы сағанасы деген. 1950 жылдары Қожа Ахмет Ясауи сәулет-ғимараттарында археологиялық қазба жұмысын жүргізген Б.М.Немцева былай дейді: «…из литературы известно, что своей архитектурной выразительностью отличались мавзолеи Есима (1628) и Джангира (1680), построенные в Туркестане близ мечети Ходжа Ахмеда Яссави…».

Төрт бұрышты тым пәс, төбесі жабылмаған сағананың о баста қандай болғаны туралы нақты дерек жоқ. Алайда, XIX ғасырда Түркістанға келген шетел саяхатшылары Ахмет Ясауи кесенесінің жанында Есім ханның мавзолейі бар деп жазып кеткен.

Кеңес заманында атеизмнің нанын жегендер көп зиян келтірді. Бұрынғы тарихымызға, салт-дәстүрімізге қиянат жасады. Түркістанда көп нәрсе қирады. «Хан сүйегі қапта тұр» деген хикаялар да елге тарады (Дүкенбай Досжанов «Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 жыл). Одан бұрын да, кесенеге сырттан келіп жөндеу жұмыстары жүргізілгенде, бірнеше құлпытастардан да айырылдық. Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі бұрынғыдан да әсем қалыпқа келтірілді. Ал, Есім хан жатқан жер баз-баяғы қалпында.

Бірде Түркістандағы басқосуда Өзбекәлі Жәнібеков Алматыдағы «Қазреставрация» ғылыми институтының директоры Б.Тұяқбаеваға: – Есім ханның жайын сол замандағы заңғар биік болмаса да, орта деңгейге неге келтірмейсіңдер? Қазір кез келген дәулетті адамдар бақилық болған ата-аналарының, бауырларының зираттарына күмбезден сағана салып жатыр. Ал, Есім хандай тұлғаның о бастағы сағанасы дәл осындай болған дегенге кім сенеді?- деді. Институт директоры: – Бізде ешқандай дерек жоқ, – деп күмілжіді.

Есім хан – қойшы емес, барымташы емес немесе көп жауынгерлердің бірі емес, жиырма мыңдап әскер жинап, елін, халқын қорғаған қаһарман екені тарихта хаттаулы. Әлі күнге ханның сүйегі жатқан жер деп танылған жертөледей кейіпте тұрғаны абырой емес.

Нұрмахан НАЗАРОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, түркістантанушы, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы».

ЕСІМ ХАН БЕЙІТІ

Бабалардың сүйегі,

Жатқан жерде киелі.

Ақша жүзім намыстан,

Қап-қара боп күйеді.

Өтті-ай, кетті-ай, есіл күн,

Кірмегені-ай есімнің.

Парықтасам қайтеді,

Өзгелер кім, Есім кім?

Жиған кезде ел есін,

Тарих берді елесін.

Түркістанды астана,

Тұтқан алғаш Ер Есім.

Жертөледей кейіпте,

Есім жатқан бейітке.

Өзімізден қайыр жоқ,

Өзгелерге дейік не?

Тексіз емес, тегім тұр,

Өткен күнге кегім тұр:

«Есім ханнан» тым биік,

«Рәбия Бегім» тұр.

Түркістандағы Есім хан және Рәбия Сұлтан Бегім кесенелері туралы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы