ТҰЛПАРДЫҢ ТҰЯҒЫ

1  228 көрілім

І. Бозбала

Iнiшек, маған жолықшы, – деген iзет-құрметке жолда келе жатқан бiр топ оқушы бiр-бiрiне жалтақтап қарап, кiмдi айтып тұр дегендей аңғарыла қарады.

– Iнiм, саған айтам, – дедi Оразбектi бөле жара.

Үлкен адам iлтипат көрсетiп тұрған соң Оразбек әлгi кiсiнiң алдына келiп, сәлем берiп, мәселенiң мән-жайын сұрады.

– Iнiм, әңгiмемiздi көлденең көк атты кездескендей жол үстiнде емес, менiң жұмыс орнымда жалғастырсақ қайтедi.

– Мақұл ағасы, – деп Оразбек әлгi кең жауырынды, қапсағай денелi жiгiт ағасымен сол маңдағы спорт және дене тәрбиесi мектебiне жол тартты. Жұмыс орнындағы бөлмесiн айқара ашқан өзiн осы спорт мектебiнiң төрағасы Мамаш Омаров деп таныстырды.

– Мен, Оразбек Божбанбаев. Ленин атындағы орта мектептiң 10-сынып оқушысымын.

– Дұрыс, iнiм кел, отыр. Менiң сенi өзiме шақырған себебiм, сенiң бойыңнан спортқа үлкен күш-жiгер, бейiмдiлiгiңдi байқадым. Оқушы екенсiң, бұдан былай бiздiң спорт мектебiне келiп, қол добы ойынына қатыс. Сенен түбi үлкен спортшы шығады.

Үнсiз тыңдаған Оразбек:

– Аға, ықылас-ниетiңiзге рахмет. Ата-анаммен ақылдасып, сосын сiзге өз шешiмiмдi айтамын.

Әңгiме түйiнi осылай аяқталды. Оразбек үйге келiсiмен анасы Сәулеге, болашақ ұстаз ағасы Мамашпен болған сыр әңгiменi айтты. Шешесi:

– Балам, бұл ойыңды кешке жұмыстан келген соң әкеңмен ақылдас, – деп қысқа қайырды.

Дастархан басында Сәуле ерi Жолдасқа баласы Оразбектiң доп ойынына қатысамын деген пiкiр ойын айтты. Ол баласына қарап: «Доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар, бәрiнен де қой бағып, құйрық жеген озар» – деген аталарымыздың аталы сөзiн көлденең қойып, кесiп айтып, бұл мәселеге үзiлдi-кесiлдi тоқтауға тиым салды.

Әңгiменi байыппен тыңдаған отағасы Жолдас бала тәрбиесiне, бала болашағына үлкен жауапкершiлiкпен, сенiммен қарап:

– Сәуле, сен айтқан аталар өсиетi орынды. Аталар даналығын, ата өсиетiн аяқасты етiп, таптағалы отырған жоқпын. Баланың болашағы, баланың ертеңi бүгiннен басталады. Талаптыға нұр жауар. Талаптан, талпын. Абай атамыз жырлағандай:

“Сен де бiр кiрпiш дүниеге,

Тетiгiн тап та, бар қалан”,

“Өнердi үйрен де жирен”, – деген. Доп ойнау да өнер, баланың бетiнен қақпайық. Талпынған соң тауы шағылмасын. Күнi ертең осы түркiстандық Октябрь ағасы сияқты үлкен талантты азамат болып өспесiне кiм кепiл?!

Мiне, дастархан басындағы әңгiме-дүкен түйiнi осылай шешiлiп, Оразбек спорт мектебiндегi қол добы үйiрмесiн қуанышпен ашты. Бойшаң, сымбатты бозбала жiгiт спорт мектебiнде өзiнiң сезiмтал, алғыр, әбжiл әрекетiмен көзге түстi. Қала қол добы шеберлерiнiң қатарынан орын теуiп, өнерге деген шеберлiгi арта түстi. Бозбала жiгiт мектеп қабырғасын ойдағыдай аяқтап, арман жетегiнде асқар Алатауға – астана Алматы дене шынықтыру институтына жол тартты.

Ойына анасының «Доп ойнаған тозады», әкесiнiң «Баланың болашағы бүгiннен басталады» деген қанатты аталы сөздерi есiне оралады.

Иә, Алла жар бол!

Түркiстандық теңбiл доп пiрi Октябрь Жарылқаповтың жолын берiп, атақ-абыройын нәсiп, жұғысты ет. Қашан да жастың тiлек-ниетi қабыл болады. Оразбек абырой болғанда тұз-дәм нәсiп етiп, аңсаған оқу орнына студент болып қабылданды. Бұл 1966 жылдың жайма шуақ жайдары жадыраған жазы едi.

II. Атадан бала тумай ма,

Атаның жолын қумай ма?

Кешегi бозбала бүгiн арманға қанат қаққан студент. Қызығы мен қиыны таусылмас студенттiк жылдар зымырай өтiп жатты. Оразбек әкесi Жолдас секiлдi өмiр жолын жасөспiрiмдерге дене тәрбиесiнен тәлiм беруден бастады. Крупская атындағы орта мектепте еңбек ете жүрiп, институтты да ойдағыдай бiтiрiп алды. Ол кезде дене тәрбиесiнiң ұстазы саусақпен санарлық болатын.

Дене тәрбиесi адамды сұлулыққа, байсалдылыққа, iске бейiмдiлiкке, ширақтыққа баулиды. Жастарды дене тәрбиесiне тәрбиелеу басты талап. Осы жылдары қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищесi-нiң директоры Иса Алтынбеков бiр қол добы жарысына төрелiк еткен спорт шеберi, жас ұстаз Оразбектi кездестiрiп, қояр да қоймай қолқа салып, учи-лищеге еңбек етуге шақырады. Оразбек үлкен адамның ұсынысын қабыл алып, болашақ ұстаздарға дене тәрбиесiнен тәлiмдiк қызметiн жалғасты-рады. Бұл 1971 жылы болатын. «Дарақ бiр жерде көгередi» демекшi, Оразбек бүкiл ғұмырында осы училищеде еңбек еттi. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Орекең ұстаздықтың қиын да қызық, қымбат да қасиеттi қадiрiн бастан кешiрдi. Қатардағы мұғалiмнен бастаған тәлiмгер ұстаз, тәрбиешi, кәсiподақ ұйымының жетекшiсi, училище директорының оқу iсi жөнiндегi орынбасары қызметтерiн атқарды.

Адал еңбектiң қашан да жемiсi бар, адамды құрмет атаққа бөлейдi. Құдайға шүкiр, Оразбектiң адал жемiстi еңбегi елеусiз қалған жоқ. Оразбек Жолдасұлы Божбанбаев жас ұрпақ тәрбиесiне сiңiрген жемiстi еңбегi үшiн «Қазақ ССР халық ағарту iсiнiң озат қызметкерi», «Кәсiподаққа еңбегi сiңген қызметкер» төсбелгiсiмен, Түркiстан қаласының «Құрметтi азаматы» атағымен марапатталды. Пайғамбар жасына келiп құрметтi зейнеткерлiкке шықты. Орекең «жасым келдi, зейнеткермiн» деп қолын қусырып бей-жай отырмады. Бойында қуат, ойында күш-жiгер бар оны жастар болашағы көп мазалады. Халық қалаулысы Үмбет Жүсiпбаев сол кездегi қала әкiмi Қайрат Молдасейiтовке №2 балалар мен жасөспiрiмдер мектебiнен қаламыздағы кенжелеп қалған үстел теннисiн дамытуға жетекшiлiк етуге Оразбектi жұмысқа шақыруға себепшi болды. Iске байыппен, шабытпен кiрiскен Оразбек қаладағы мектептердi аралап, талантты, спортқа бейiм жастарды өзiне шақырып, үстел теннисiн биiк шыңға көтеруге атсалысты. Еңбек өз жемiсiн бердi. Бүгiнде шәкiрттерi түрлi деңгейдегi жарыстардың жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi.

Тұлпар тұяғының дүбiрi алысқа жетедi. Шабысың қарымды, еңбегiң жарқырай түссiн, менiң бозбала күнгi құрдасым.

Мәдiбек ТIЛЕУБАЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы