ТІРШІЛІК

1  176 көрілім

Үш деген сан бір деген саннан көп. Балама сөзбен айтсақ үлкен. Бірақ бұл екеуін қалай теңестіреміз. Жалпы пендешілікке салынып, тура өткен ғасырдағы оқиғаны қайталап, қаба сақалды Маркс пен Энгельстің, қасқа бас Лениннің ілімін іздеп жүрейік. Өйткені біз пендеміз ғой.

*   *   *

Газеттерді оқып отырғанмын. Бір жерін «Әйтеуір осы қалада болған үш күнде көше, кафе-асханаларда, қонақ үйде қаншама жергілікті адамдармен тілдестім, барлығы ресми тілге жүйрік, өзің бас болып қазақша сөйлемесең, ә дегеннен орыс тілінде сайрай жөнеледі екен» деп жазыпты.

Шатастым ба, жаңылыстым ба? «Бас» деген сөзді «мас» деп оқып жіберіппін. Сол қалпында ойға салып, шынында да осындай күнге жеткенбіз бе деп ойландым. Неге екені белгісіз. Өзімнің былай ойлағаныма таңданбадым. Өйткені көп азаматтар өздерінің патриоттық сезімдерін жайшылықта емес «ащы» су үстінде айтып жүр. Тіпті жұмған аузын ашпайтындар талай нәрсені жалаулатып жіберді. Мұндай жалған дүние мына жалған әлемде қай жерге дейін барады екен?

*   *   *

Мен періште емеспін. Сүйек пен еттен жаралған екі аяқты пендемін. Ешуақытта періште болуға ұмтылған емеспін. Өйткені адамзат тек жақсылыққа итермелейтін жаратылыс иесі болуы тиіс. Қарап жүрмей өтірік айтамын, өзге де теріс қылықтарымды есепке алмағанда ара-арасында ұрлық та қылып қоямын. Кейбіреулер сияқты періштенің рөлін ойнағым да келмейді. Өйткені қаншалықты тырысқаныммен қолымнан келмей қойды. Бірақ осы рөлді орындап жүрген замандастарымды көргенде оларды қатты аяймын.

*   *   *

Аузында көшелі сөзі бар қариям «Өзіңмен өзің күрес» деді. Есте сақтағаныммен елемедім. Бүгінгі жастардың сөзімен айтқанда құлаққа ілмедім. Сөйтіп жүргенде ол кісі о дүниелік болып кетті. Тыңдамағаныма өкіндім. Не пайда? Күресті өзімнен бастасам дедім. Бірақ қай жерінен бастаймын. Өмірдің өзімен, тіршіліктің көзімен күресіп жүргенім де жететін шығар. Әлде мінімді айтып,сынымды түзейтін өзге бір әдісін ойлап тапсам ба екен?

*   *   *

Мінберге бірінші басшының өзі шықты. Неге екенін білмеймін жұрт қол шапалақтады… Шешен сөзін қоғамды дендеген сыбайлас жемқорлықпен күрестен бастады. Онымен күресу жолын айтты. Одан арылудың бірнеше түрін көрсетіп тастады. Жиналғандар қайта қол шапалақтады…

Біраз күннен кейін және бір басшы сол мінберге көтерілді. Ол «сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» деп ұрандады. Ел тағы да қол шапалақтады… Тағы бірде дөкейлердің дөкейі әлгі мінберден табылды. Ол сыбайлас жемқорлықпен күрестің көкесін мен білемге салды. Іреп тастады. Жұртшылық бұл жолы да қол соқты…

Арада бірнеше күн салып және бір үлкен бастық жоғары көтерілді. Ол алдында сөз алғандардың жемқорлықпен бастарының шатылғанын, олардың орны енді түрме екендігін айтты. Тыңдаушылар тағы да алақан соқты…

Мен ойландым. Бір кездері алақанды алақанға соғып жүріп «коммунизм» орнаттық. Саусақты саусаққа түйістіріп отырып жетпіс жыл жасаған коммунистік қоғамды құлатып салдық. Біреудің сөзін жақтырмасақ та, тіпті өлікті жөнелтсек те қол шапалақтайтын болдық. Ал бүгінгі қол соғудың мәнісін түсінбедім, неге жорырымды білмедім. Өйткені бүгін де өмірі таусылмайтын сыбайластық туралы ұзақ әңгіме болды.

Оразбек ӘМІРЕЕВ.

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы