ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ САНЫ АРТУДА

949 көрілім

Облыс орталығы Түркістан қаласында бос уақытта серуендеп, сейіл құруға арналған демалыс орындары көбеюде. Былтырғы жылдың өзінде «Арбат» алаңы, «Гүлдер», «Жеңіс» саябақтары ел игілігіне пайдалануға берілді. Мұның ішінде қараусыз аумақтан – шырайлы арбатқа айналып, заманауи келбетке қайта өзгерген орындар да бар.

Биыл да отбасымен, туыс-достармен қыдыруға арналған саябақтардың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Теміржол вокзалы мен жаяу жүргінші өткелі алдындағы, Н.Назарбаев пен Н.Төреқұлов көшесі бойындағы аллея, Алматы, Нұр-Сұлтан алаңдары, Қазыбек би көшесі бойында және әкімшілік-іскерлік орталық аумағында дендросаябақ пен Аттракциондар саябағының құрылысы жүруде.

Н.Назарбаев аллеясы бүгінде аяқталуға шақ қалған. Бірегей жоба қалаға келуші қонақтар үшін өзгеше демалыс орны болмақ. Олай дейтін себебіміз, мұнда суды бу түрінде шашатын субұрқақ орнатылған. Келушілерге аркадан өткенде қоңырсалқын леп сыйлап, күннің ыстығынан қорғайды. Сондай-ақ, жан-жағы түрлі түске еніп, жарықшамдар шамы жағылады.

Тарихқа сапар шегу мүмкіндігі болу үшін қаламызда Махмұд Қашқаридің көне түркі әлемінің картасы бейнеленген сквер де тұрғындар қуанышына салынды. Қаланы бір үлгіде дамыту үшін тек қана құрылыс пен көгалдандыру ғана емес, тарихи-мәдени, рухани бағытты қатар жүзеге асыру қолға алынған. Аталған картада Яссы қаласы да бар. Құрылысына ағылай тасы пайдаланылған көрікті орын гүлзарлармен де толыққан. Бір айға жетпес уақытта аяқталған көпшілікке арналған орында түнгі кейпін көрікті етер жарықшамдар да орнатылған.

Орталық базар бойындағы жер асты өткелі алдынан салынған аллеяда жарықшамды аркалар, жасыл желек, тротуар, орындықтар мен қоршаулар қойылған. Ал, екі шетінде орналасқан шағын кәсіпкерлік нысандар келбеті бірыңғай үлгіге келтірілуде.

Тікұшақ алаңының ландшафты аумағының жалпы көлемі 4,2 га құрайды. Мұнда ұзындығы 2800 ш.м құрайтын «Түркістан» жазуы бар ақ тастан логотип орналастырылған. 5892 дана спирея, жасыл қоршам, жасмин, айва, барбарис секілді бұталы өсімдіктер бар. Сонымен бірге, 1451 дана декоративті ағаш көшеттері: сирень, ива, шынар, арша, қарағай т.б егілген. 39000 ш.м газон, жарықтандыру шамдары және 2700 ш.м жаяу жүргіншілер жолы салынған. Бұл орын әсіресе, әуеден қарағанда ерекше кескінін аңғаруға мүмкіндік береді.

«Парасат» саябағы жасанды көлмен қатар, жаяу жүргінші көпірі бар жаңарған баққа айналады. Сонымен бірге, тасарық арқылы жасыл желекке су беріліп, ауаның ылғалдануына үлес қосады.

Пальма аллеясы – Байбұрт пен С. Қожанов көшелері аралығында іске асқан демалыс орны пальмалармен толыққан. Түркістанда алғаш рет егілген пальма Түркияның Стамбұл қаласынан демеушілер тарапынан әкелінген.

Ал, әкімшілік-іскерлік орталықта Дендросаябақ құрылысы жүруде. Жалпы аумағы 27 га құрайтын саябақта демалыс бөлмесі, амфитеатр, ұлттық нақыштағы субұрқақ және жасыл желектер болады. Демалыс орны осы жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.

Суреттерді түсірген: Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы