Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев: БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

2  362 көрілім

Бүгінде ұлттық құндылығымыз – баға жетпес адам өмірін сақтауда, сондай-ақ әрбір жанның қоғамның белсенді мүшесі болып табыла білуінде медицина қызметкерлерінің атқаратын істерінің маңызы зор. Қасиетті шаһар облыс орталығы болғалы бері медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқандығы баршаға аян. Осы орайда, жуырда қалалық емхананың бас дәрігері қызметіне жаңадан кіріскен Райымбек Берікұлы Тасырбаевпен медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында арнайы барып, сұқбаттасқан едік.

– Райымбек Берікұлы Сіздің басшылық қызметке келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Осы қызметке келгелі тікелей басшылығыңызбен қандай жұмыстар атқарылды. Қаламыздағы емханалардың жағдайына тоқталсаңыз.

– Түркістан қалалық емханасына басшылық қызметіне келгеніме көп уақыт бола қоймады. Бірақ атқарылған біршама жұмыстарымыз бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №982 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнде емханамызға қарасты 7 отбасылық дәрігерлік орталық, 2 дәрігерлік амбулатория, 1 жылжымалы медициналық жиынтық бар. Сонымен қатар, консультативтік диагностикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады. Жақын күндері емханамызда қосымша амбулаторлық- хирургиялық орталық және қайта оңалту бөлімшелерін ашу жоспарлануда. Емхана қала көлемінде 94322 азаматқа қызмет көрсетеді. Соның ішінде 35266 бала, 54652 ересектермен 20319 туу жасындағы әйелдерді құрайды. Емханамызда жалпы саны 68 аймақ, оның 15 педиатриялық болса, 53 аймағы жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақтар. Қазіргі таңда негізгі принцип бұл халыққа қол жетімді медициналық көмекті ұйымдастыру. Соған сәйкес барлық бөлімшелерімізді мамандармен және медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынған.

Емханамыз 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен. Сол жүйені дамыту мақсатында, емханамыздың «өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышында сенсорлы экран қойылған. Ол арқылы емханамызға келген азаматтар дәрігер қабылдауына жазыла алады, egov.kz электронды порталы арқылы мемлекеттік қызметтер алуға мүмкіндік алады. Дәрігердің жұмыс кестесін және бірінші рет келіп тұрған болса дәрігердің келбетін, оған қалай баруға болатынын көре алады, яғни бару жолы видео арқылы көрсетіледі.

Қазіргі таңда әлемде өлім көрсеткіші бойынша екінші орынды алатын онкология ауруының алдын алу мақсатында, емханамызда «жасыл дәліз» жұмысы іске қосылған. Оның негізгі мақсаты онкология ауруына күдік туындаған науқастарға кезексіз тексерулер жүргізу арқылы бір күннің ішінде анықтау. Мысалы онколог дәрігері науқасты күдікті деп таныса онда қолына «жасыл білезік» тағылады. Жасыл білезік тағылған азаматтар кезексіз толық тексеруден өтеді. Қосымша емханамыздан «аналитикалық орталық» ашылып жатыр, ол жерде емханамызға қарасты барлық мекемелердің жұмысын айына екі рет саралау жұмыстары жүргізіліп отырады. Ол арқылы емхананың халыққа қызмет көрсету жұмысын толық деңгейде жүргізілуін бақылай аламыз.

– Осы орайда, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылып келеді?

– Медициналық қызмет көрсету сапасын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында және емделушінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық медициналық ұйымдарда емделушіні қолдау және ішкі аудит қызметтері ұйымдастырылған және арнайы сенім телефоны құрылған. Емханамыздың арнайы сайты да бар, егер медициналық қызметкерлердің қызмет көрсетуіне көңілі толмаған пациенттер сол жерде шағымдарын қалдырса мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді жойып, жұмыс сапасын арттыру жолында қызмет жасаймыз. Сонымен қатар, емханамыздың барлық бөлімшелерінде жұмыс сапасына, оның ішінде бөлімшенің және әрбір дәрігердің жұмысына баға беруге мүмкіндік беретін QR код жүйесі қолданыста жұмыс жасайды.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгеннен бері медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарды. Атап айтар болсақ, емдеу мекемелеріндегі барлық көмектер және қызметтер электронды түрде жүргізіледі. Барлығы айқын, ашық пациенттердің көз алдында жүргізіледі. Қазіргі таңда барлық емдеу мекемелерінде емдеуге жатқызу бюросы құрылған. Ауруханаға жатып емделу электронды түрде жату күні автоматты түрде белгіленеді, ауруханалардың бос орындарына сай «стационарды еркін таңдау» принципі бойынша емдеуге жатқызу бюросы қызметкерлері бос орындарды ұсынады соған сәйкес жатар күнді және емделетін мекемеңізді таңдауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының барлық азаматтары басқа аймақтарға емделуге, соның ішінде ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарға баруға, жоғары мамандандырылған көмек алуға, оның ішінде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік алды.

– Бүгінде заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтары мен цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

– Халықтың қала көлемінде медициналық көмекке жүгіну барысын оңтайландыру мақсатында емханамызда қазіргі күнде электронды құжат айналымға ауыстырылды. Бұл өз кезегінде пациенттердің үйден шықпай дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді алуына мүмкіндік берді. Қалада тұратын халықтың 100% электронды денсаулық паспорты жасақталған, яғни пациент бұрынғыдай медициналық құжаттамалар алып жүру қажеттілілігі жоқ, тек жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті. Сонымен қатар, электронды түрде жазылуға мүмкіндік беретін DamuMed мобильді қосымшасы пайдаланылуда. Қазіргі таңда емханаға тіркелген жалпы халықтың, 20-60 жас арасындағы ересектердің 18230, яғни 44%, 5 жасқа дейінгі баласы бар 7530, яғни 65% тұрғын емханаға тіркелген 1500-ге жуық жүкті әйелдер аталмыш мобильді қосымшаны пайдаланады. Сонымен қатар, қазіргі таңда емханамыздың барлық бөлімшелеріне келу – кетуді тіркейтін цифрлық құрылғы орнатылу жоспарлануда, бұл өз кезегінде емхана қызметкерлерінің жұмыс уақытын қатаң бақылауға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің жұмыс уақытында жұмыс орнында бар жоғын қашықтықтан бақылауға болады.

– Бүгінде мемлекеттік емханалар мен жекеменшік емханалар халыққа ақылы қызмет көрсетуде. Ал, қарапайым қала тұрғындары мемлекет тарапынан кепілдік берілетін тегін медициналық көмектің көлемін біле бермейді. Сондықтан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және оған қолжетімділік жайы туралы айтып өтсеңіз.

– Қаламызда қазіргі таңда біздің емханамыздан бөлек қосымша 6 жекеменшік емхана халыққа қызмет көрсетеді. Бұл дегеніміз емханалар арасында басекелестікті арттырып, сапаның жақсаруына әкеледі. Осы орайда, барлық емханалар өз емханасының материалдық-техникалық базасын жақсартуға барынша тырысады. Осы орайда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үлесі өте көп болуда. Атап айтқанда осыған дейін көптеген медициналық қызметтердің ақысын қарапайым халық өз қалтасынан төлеп келген болатын. 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесінің енгілуінен бастап бұл шығындардың барлығын қор өз мойнына алған, яғни ендігі кезекте медициналық көмектің қолжетімділігі арта түседі деген сөз.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы №405-V міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңына сәйкес, МӘМС жүйесі іске қосылғалы қазіргі таңда ол екі пакет бойынша жұмыс жасауда. Бірінші ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК), оған жедел жәрдем, санитарлық авиация, емханалық алғашқы көмек, әлеуметтік маңызды аурулар топтамасына берілетін көмек, 281 бұйрыққа сәйкес 25 сырқат түріне көрсетілетін көмек, профилактикалық екпелер жатады. Екіншісі міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті (МӘМС), оған емханалық көмектің, стационарлық көмектің барлық түрі, күндізгі бөлім, қымбат медициналық тексерулердің барлық түрі, амбулаторлық деңгейдегі дәрі дәрмектер жатады. Демек сақтандырылған азаматтар барлық медициналық көмекті тегін ала алады деген сөз. Осы жерде атап өту керек, 086-у және 083-у анықтамалары МӘМС пакетіне кірмейді. Аталған мемлекеттік қызметті ақылы негізде медициналық ұйымдар көрсетеді. Жеке меншік медициналық ұйымдарға келетін болсақ, егерде ол мекемелер МӘМС жүйесі бойынша мемлекетпен шарт түзген болса, онда азаматтар ол мекемеден осы мен жоғарыда атап өткен медициналық көмектерді заң аясында ала алады.

Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмектің бірқатарын Қазақстан азаматтары тегін ала алады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) тізіміне енетін қызметтерді тіпті, жеке меншік клиникалар да тегін көрсетеді. Алайда, жеке меншік клиникада тегін емделудің де өзіндік тәртібі бар. Ол үшін сіз сол клиникаға тіркелген болуыңыз керек. Кей жағдайда жеке меншік клиникалар аталған көмекті толық көрсете алмауы мүмкін. Ол клиниканың техникалық мүмкіндіктеріне байланысты. Мұндай жағдайда олар аталған қызметті қосымша атқаратын медицина ұйымдарына жолдама беруі тиіс. Дәл сол секілді мемлекеттік емханаларда өздерінде жоқ тексеру түрлерін (мысалы МРТ,КТ секілді) жеке клиникалармен шарт түзіп, жолдама беру арқылы көрсете алады.

– Мемлекет тарапынан тегін медициналық қызметпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Осы мәселеде жергілікті тұрғындар көп біле бермейді. Тегін медициналық қызметтің қолжетімділігі туралы айтсаңыз.

– ҚР ДСМ 29.08.2017 жылғы №666 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарды, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сай дәрілермен қамтамасыз ету жолға қойылған. Аурулардың жыл сайынғы дәрімен қамтамасыз етілуі артқан. Осы мақсатта емханамыз өзінің ішінен тегін берілетін дәрілерді таратуға аптека ашылып отыр. 2020 жылға емханамызға жекелеген топтарды тегін дәрімен қамтамасыз етуге 504 721 569 теңге көлемінде қаражат жоспарланған, қазіргі таңда аталмыш қаржының 48% игеріліп, пациенттерге таратылып келеді.

– Сіздерді адам жанының арашасы деп жатамыз. Гиппократ антына адал да білікті кадр мамандары қалай шешілуде?

– Кез келген емхана ең алдымен кадрлық ресурсты реттемесе онда медициналық көмек сапасы толық болмайды. Сол принциппен біз жоспарлы түрде жұмыстар жасаудамыз, бұл жағдайға қаламызда орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен тығыз жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі таңға аталмыш университеттің түлектеріне кепілдік хат беріп, 4 хирург маманын және 1 гинеколог маманын жұмысқа қабылдауды қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, келер жаңа оқу жылынан бастап аталмыш университетке клиникалық база есебінде тіркеліп, студенттерді өз клиникалық базамызда оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде тәжірибеден өту барысында білікті мамандарды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде емханамыз білікті де білімді жастармен толығатын болады деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар, мамандарды біліктілік арттыру курстарына және заман талабына сай қажеттілікке орай жетіспей жатқан мамандарды қайта даярлаудан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының бастамасымен мамандарды шет елдерде оқыту алынды, оның ішінде мамандар шет елде білімін жетілдіріп, медицина саласына жаңадан енгізілген тәжірибелерімен, жұмыс істеу тәсілдеріне қанығып қайтуда, бұл да өз кезегінде жұмыс сапасын арттырары сөзсіз.

– Сізді бүгінгі күні не толғандырады? Өмірлік басты ұстанымыңыз туралы ой бөліссеңіз.

– Әрине ойландыратын жәйттар өте көп, өзгерту қажет ететін жағдайларда бар. Соның ішінде ең бастысы адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артса деймін. Себебі, адам денсаулығының өзгеруі ең алдымен адамның өзіне байланысты. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлер ұсынысын қабыл алып, салауатты өмір салтын сақтанса адамзаттың денсаулық жағдайы әлдеқайда жақсарар еді. Барлық медициналық қызметкерлердің әрбір пациентті мұқият қарауын талап етемін, жанына араша іздеген халыққа еміне шипа беруге міндеттіміз. Пациент барда – біз бармыз. Цифрлы технологияларды дамыту медицина саласының дамуына оң әсер етеді. Соған байланысты ғылым, білім және тәжірибе бірге жүреді. Мәселен, қазір науқастың тіркелуінен бастап барлығы сандық жүйеде жасалады. Яғни, оның ем алуы, диагностика, барлығы сандық технологиямен жабдықталған құрылғылар көмегімен атқарылады. Сондай-ақ, қазір қашық жерде отырып науқасқа диагностика жасап, оған ем-шара жүргізуге болады. Мұның барлығы цифрлы технологиялардың дамуының арқасы және көрсетіліп жатқан көмектің ашықтығын, яғни бармақ басты көз қысты шаруалардың алдын алады.

Сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, халықтың саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық қызметін дамыту. Денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту шеңберінде медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын және пациенттің қауіпсіздігін арттырудың халықаралық танымал құралдарын енгізу жұмысы жалғасуда. Елде медициналық көмектің сапасын басқару моделі жетілдірілетін болады, сол орайда бар күш жігерімді қосамын деген ниеттемін.

– Бүгінде бүкіл әлемді жайпаған COVID-19 індеті елімізді айналып өтпеді. Оның ішінде қаламызда да тіркеліп отыр. Осы жөнінде қала аумағында індетке қарсы нендей жұмыстар атқарылып жатқанын баяндап берсеңіз.

– Ия, қазір әлемді шарлаған тәжі вирусы бүкіл әлемді әуреге салуда. Ол сырқат біздің елімізді де айналып өтпеді. Аурумен күресуде медицина қызметкерлерінің қызметі орасан зор деуге болады. Індет басталғаннан бері барлық медициналық қызметкерлер науқас аралауды күшейтіп, адамдарды үй жағдайында көруге жұмыс жасады. Сол арқылы адамдардың себепсіз сыртта жүрмеуіне және сырқаттанғандардың қарым қатынасын болдырмауға барын салып келеді. Қаламызда індетке байланысты карантин жарияланған күннен бастап қаланың барлық бағыттары бойынша кіретін жолдардың барлығына бекеттер қойылып, 24 сағат көлемінде қызмет көрсетті. Қалаға кіретін барлық адамдардың дене қызуы өлшеніп, тіркеуге алынып отырды. Сол арқылы сырқат анықталғанда нақты мекен-жаймен тауып алу мәселелері оңтайлы шешіліп отырды. Індетпен күрес барысында қызметкерлердің де жеке бас сақтық шараларын сақтауын қатаң бақылауда ұсталып отырды.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Отбасы жағдайыма тоқталар босам, жұбайым бар және 1 ұл 3 қыздың әкесімін. Балаларымды әрқашан өтірік айтпауға, қолдан келгенше жақсылық жасауға тәрбиелеп келемін. Әр қайсысы қоғамда өзіндік орын тауып, халқына қалтқысыз қызмет етуін нәсіп етсе деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы