ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ

819 көрілім

Әсілтай Әбуұлы Орымбетов өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы ақсақал ретінде жақсы білеміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттерінің арқасында қарапайым жас маманнан еңбек жолын бастап, біліктілігімен іскерлігінің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырды. Шынында да адамды, абырой өсіреді, өркендетеді. Ал, ол қалай келеді? Бұл туралы небір өмір тәжірибелері толысқан азаматтар абырой адал еңбекпен келеді деп топшылайды. Демек, «Ел үшін төккен тер текке кетпейді, ол өзіңе абырой болып оралады» деген халық даналығы тегін айтылмаса керекті. Сонымен еңбек ардагері жайлы сөз қозғамақпыз.

Әсілтай Әбуұлы Орымбетов 1937 жылы 24 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында жұмысшы жанұясында дүниеге келген. 1944-1945 оқу жылдарында қазақ-темір жолына қарасты №19 (қазіргі Әл-Фараби) атындағы қазақ орта мектебінде 10 жылдық білім алған. Жоғары оқу орнына бару үшін екі жылдық еңбек өтілі болу керек болғандықтан Түркістан жөндеу-механикалық зауытында электро дәнекерлеуші болып жұмыс атқарады. 1955-1960 жылдары дәнекерлеуші, 1960-1963 жылдары Совет Армиясы қатарында болып, фрезерші мамандығын алған. 1964-1965 жылдары Түркістан жөндеу-механикалық зауытында фрезерші болып еңбек етті. 1965 жылы жаңадан ашылғалы жатқан Түркістан темір-бетон зауытында жұмыс қолы жетпей жатқандықтан сол зауытқа комсомол жастар бригадасын ұйымдастырып, сол бригаданың бригадирі болып еңбек ете бастады. 1966-1968 жылдары Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумын сырттай бітіреді. 1968-1976 жылдар арасында осы зауыттың арматура цехының мастері, 1976-1985 жылдары осы зауыттың механика цехының бастығы, 1985-1993 жылдары осы зауыттың бас механигі қызметін атқарады.

1965-1971 жылдары КСДиК цех комсомол комитетінің хатшысы, 1971-1973 жылдары темір-бетон зауытының комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарса, 1971 жылы Қазақстан ЛКЖО-ның 50 жылдығына байланысты Қазақстан ЛКЖО комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталады. 1967 жылы партия қатарына алынып, 1973-1989 жылдар арасында осы зауыттың партия ұйымының хатшысы болды. Түркістан аудандық қалалық партия конференция делегаты болды. Қалалық 3-4-5 конференцияларында қалалық партия комитетінің пленум мүшесі және қалалық партия комиссиясының орынбасары болып сайланды.

Әсілтай Әбуұлының еңбек жолының барысында зауыт жоспарларын орындауда сапалы еңбек етіп, зауыттың қалада, трестер арасында, облыста үлкен жетістіктерге жетіп, қаланың, трестердің, облыстың ауыспалы «Қызыл туларын» бірнеше рет жеңіп алуына себепкер болды. Түркістан қалалық комсомол, партия комитетінің, Қазақстан ЛКЖО мен Қазақстан Республикасы орталық партия комитетінің жаңа бастамалары мен шешімдерін жүзеге асыруда үлкен еңбек етті. Соның ішінде жоспарды асыра орындауға сеп болатын жаңа цехтар ашып, оның орындалуын, зауыт партия бюросында жиналыстарда басшылардың берген тапсырмаларының орындалуын қадағалады. Арматура цехына тоқыма сетка шығаруды автоматтандырды.

Қалалық партия комитетінің бастамасы бойынша мал асырап, бақша өнімдерін өндіретін қосымша шаруашылық қожалығын ашты. Қаланы көгалдандыру кезінде көшеге лотоктар орнатуына, көше тазалығына жәрдем етті. «Локомотив» стадионын қайта жөндеу кезінде, көгалдандыру мен көрермендер отыратын орындарды орнатуда өз үлесін қосты. Зауыт атынан жаңа футбол, волейбол, баскетбол алаңы мен 3-4 мың көрермендер орындығы бар жаңа стадионын 2 жыл ішінде қатарға қосты. «Тұрғын үй-90» науқаны кезінде коттеждер тұрғызды. Осы еңбегінің арқасында зауыт қала трестерінің «Құрмет тақталарында» бірнеше рет осы мекемелердің «Мақтау грамотасымен», «Алтын кітаптарынан» орын алды.

Осы ел үшін атқарған ерен еңбектері жоғары бағаланып, В.И.Лениннің 100 жыл толуына байланысты КСРО жоғарғы депутаттарының қаулысымен мерекелік медальмен марапатталды. 1989 жылы КСРО Жоғарғы Советінің атынан облыстық Атқару комитетінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткені үшін «Ұлы Отан Соғысының» 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдарымен және облысымыздың 80 жылдық мерекесіне байланысты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», 2014 жылы «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен, 2016 жылы қала күніне арналған мерекелік жиында «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағы беріліп, төс белгісімен марапатталды.Жұбайы Олжақыз Қылышбаева екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 15 немере, 3 шөбере сүйіп отырған бақытта жандар.

Р.S. Жоғарыда Әсілтай Әбуұлының өмір жолында еткен еңбектеріне қанықтық. Сол қажырлы еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерді бағындырып, көпке үлгі болып жатқаны түркістандықтарға аян. Олай болса, бұл сөздің өмір шындығымен астасып жатқанын дәлелдейтін жәйттерді осындайда айтуға болады. Десек те, көп естігеннен бір көрген артық деген емес пе, еңбектің абыройына бөленген азаматтар жайлы әңгіме қозғасақ ойымыздың негізгі желісіне түскендей боламыз. Басылым бетінен алдағы уақытта да қаламыздың өркендеуіне үлес қосқан, бүгінде үлгі тұтарлық еңбек ардагерлері туралы сөз қозғап отырамыз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы