РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ҚАДІР ТҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ

1  064 көрілім

Биыл яғни мамырдың 19-нан 20-на қараған түні бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған – Қадір түні. Міне, өткен сәуір айының 23-не кірген қасиетті Рамазан айының аяқталуы да жақын. Қасиетті айдың аяқталуына аз қалғандығын осы қасиетті Қадір түні білдірсе керек.

Бұл түннің уақыты нақты белгілі емес. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің біріне және тақ түндеріне сәйкес келетіндігін нұсқайды. Ғалымдардың көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндеріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді (Бұхари, Қадір, 3; Мүслим, Сиям, 216).

Қадір түнінің нақты күнінің белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар Рамазан айының тек сол түнімен ғана шектелмей, он күнді түгелдей құлшылықпен өткізсін деген де болуы мүмкін. Себебі, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі соңғы он түннің бәрінде де құлшылықпен өткерген еді. Бұл туралы Айша анамыз: «Рамазанның соңғы он күні келгенде, Алла елшісі (с.ғ.с) түндерін намазбен өткізетін, отбасы мүшелерін оятатын және құлшылықтарында ерекше ынта танытатын», – деген (Бұхари 2024, Муслим 1174).

Бұл түн тек Рамазан айында ғана болады және сауабы жағынан бұл түнге сәйкес келетін түн жоқ. Қырық жасқа келген Пайғамбарымыз Хира үңгірінде жалғыз отырғанда оған Алла Тағала Жәбірейіл алейһиссалам арқылы Құранның алғашқы аяттарын түсіреді. Сонда Жәбірейіл Пайғамбарды қатты қысып: «Оқы!», – деп бұйырады. Бірақ сауаты болмаған Пайғамбар оған: «Мен оқи алмаймын!», – деп тіл қатады. Бірақ алған бетінен қайтпаған Жәбірейіл оны: «Оқы!», – деп үш рет қысқаннан кейін, Алла елшісі (с.ғ.с.) аяттарды оқи жөнеледі. Құран Кәрім – мұсылмандар өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Олай болса, мүминдер үшін бұл кітап түскен түннің қадірі аса жоғары екендігі сөзсіз.

Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында Алла Тағала былай деді: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Сен (Уа, Пайғамбар) Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол кезде Раббыларының қалауымен, Оның әрбір әмірі үшін, періштелер мен Рұх (Жәбірейіл) түседі. Ол (түн) – таң атқанша сәлем!» («Қадір» сүресі 1-5 аяттар). Және тағы: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі» дейді. («Духан» сүресі, 2-5 аяттар). Яғни, Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Ал мың ай дегеніміз 83 жылдық мерзімді қамтиды.

Түннің «Қадір түні» деп аталуын ғалымдар бұл түнде Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Рамазан келгенде, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда, мың айдан да артық бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның игілігінен тек нағыз ғана мақрұм адам айырылып қалады!», – деді» (Ибн Мджаһ 1/289).

Қадір түнінде Жәбірейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады», – деген. Сондықтан, кейбір мұсылмандардың Қадір түнiнде Қыдыр атаны күтемiз деудiң ешқандай дiни негiзi жоқ. Бұл түнді бiреудi күтiп емес, аятта бұйырылған ғибадаттарды жасап, сауап үмiтiмен өткiзген дұрыс. Ал түннің барлық уақытын құлшылықпен өткізе алмайтын кісілер, түннің бір бөлігін болса да ізгі амалдармен өткізсе болады.

Қадір кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады. Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастархан жайып қойып, қолдарын қусырып отырумен шектеледі. Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей шықсақ жеткілікті деп есептейді. Бұл да – қате түсінік. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес.

Қасиетті түнді Алла Тағалаға құлшылық жасау, намаздарды оқу, Құран оқу, үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, шариғат үйрену, тәсбіх тарту, діни кітаптар оқу, діни фильмдер көру, мешітке келгенде дүние сөзін сөйлемеу амалдарын орындау арқылы өткізу керек.

muftyat.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы