АЗАМАТ СЫНЫ – ЕРЛІК, ЕРЛІК СЫНЫ – ЕЛДІК

1  881 көрілім

(Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсенов туралы тың деректер)

Соғыс – адам баласы үшін үрейлі де, қорқынышты сөз. Өйткені ол – адам баласын қырып-жоюға бағышталған күйретуші күш. Үстемдік үшін адам қаны судай ағып, елді әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік басады. Қарапайым халыққа қасірет туғызып, қарғыс арқалатады. Соғыс сонысымен лағынетті. Соның бір дәлелі – 50 миллионнан астам өмірді жалмаған Ұлы Отан соғысы. Таң алдында тәтті ұйқыда жатқан Отанымызға басып кірген жау оғымен адам баласының тарихында болмаған ғаламат соғыс басталды. Жау тәтті ұйқыны ғана бұзған жоқ, бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын қаруға айырбастады. Дихан трактордан түсіп, танкіге отырды. Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскерге шақырылып, кейінгі ұрпақ үшін 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешті. Жат жұртта тас жастанып, балшық кешкен, қанға оранып, қасірет шеккен жауынгердiң көпшiлiгi 18-21 жас аралығындағы, өмiрдi ендi бастаған, тұла бойынан жастық жалыны кетпеген өмiрге құштар жандар едi. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқтың арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Қазақстандықтардың тілі басқа болғанмен, тілегі бір, ұлты басқа болғанмен ұраны бір болды. Пәни өмірден баз кешіп, бақи болып жатса да Отанына деген сүйіспеншілік сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Отанына деген патриоттық сезімін сөзбен емес, ісімен көрсетіп жатты. Жанқиярлық ерлігінің арқасында 100-ден астам қазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері атанса, 500-ден астамы «Кеңес Одағының Батыры» атанды, төртеуі Түркістан қаласынан аттанған қандастарымызға бұйырды.

Соғыс бітті, бірақ әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізі салынды. Аға буынның азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында талай жылғы ұлы дүбір мен дүрбелеңнен кейін жарқын болашақ таңы атып, еркіндік пен теңдік есігі айқара ашылды. Сол сұрапыл соғыстың біткеніне де 75 жыл болды. Бірақ «сол өткен күндердің елестері көзден тасаланып бара жатыр ма?!» деген күдік ойға оралғанымен, жесір қалған ананың, жетім қалған баланың кешегі зар-мұңы кейінгі ұрпақтың көңілінен кетер емес. Ұрыс даласында бозым кеткен боздақтардың майдандағы жан-айқайынан жүрекке түскен жараның қара дағы әлі де жазылар емес: еміс-еміс болса да алыстан мұнартып жаңғырады. Қасиетті Түркістан топырағынан өрімдей 18 547 жас майданға аттанса, 1945 жылғы Жеңіс туын желбіретіп туған жерге оралу 15 960 жерлесіміздің маңдайына жазылыпты. Дегенмен, соғыста жерлестеріміз қайталанбас ерлік танытты. Олар «Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік» деп, өмірінің өлшеулі бір бөлігі – жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен оттың арасында өткізіп, тағдырдың жазуымен қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттан сүрінбей өтті. Ұлы Тұран ұрпағы ата туын желбіретіп барып, желбіретіп қайтарды, абыроймен оралды. Халық жанына қара таңба салдырмады, ел намысына кір жұқтырмады. Денесіне ен салдырса да, ел намысына ен салдырмады. Ар мен намысты темірқазықтай ұстанып, шөлдегенде сусын, ашыққанда ақ малтадай азық, беліне тірек, көңіліне қорек етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда: «Екінші дүниежүзілік соғыста ержүрек отандастарымыз жауынгер ата-бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар, рухы биік, батыр халық екендігін дүниежүзіне дәлелдеп берді. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты».

Қасиетті Түркістан топырағынан аттанып, келешек ұрпақ үшін өзін құрбан еткен екі жарым мыңнан аса аға буынның сүйегі ұрыс даласында қалды. Солардың бірі – Украина жерін азат ету үшін болған ұрыста ерліктің өшпес үлгісін көрсетіп, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болған жерлесіміз Абдулла Үсенов.

Абдулла Үсенов жайлы алғашқы деректер

Күні бүгінге дейінгі жазылып жүрген деректерге қарағанда, Абдулла Үсенов 1924 жылы 18 шілде күні Түркістан облысына (бұрынғы ОҚО облысы) қарасты Түркістан қаласында дүниеге келіп, 4 сыныптық теміржол мектебін бітірген. Соғысқа дейін Түркістан вагон жөндеу депосының цех механигі болып жұмыс істеген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 1-ші Украин майданындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы, 159-шы саперлер батальоны құрамына сапер болып алынады. Әскери шені – қатардағы жауынгер. Ұрысқа алғаш 1943 жылдың ақпан айында қатысып, осы жылғы 7 желтоқан күні Украинаның Житомир облысы, Коростень ауданына қарасты Нивки селосы түбінде болған ұрыста фашистің «Жолбарыс» танкісін жою кезінде өзін танкінің астында жарып қайтыс болады. Осы ерлігі үшін 1944 жылы 25 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бұл деректер негізінен «Кондратьевтің Абдулла Үсеновтың анасына жазған хаты», Кривохижиннің «Қазақ даласының қайсар ұлы» атты очеркі мен Түркістан қаласы Локомотив депосының «Соғыс және Еңбек даңқы мұражайынан» алынған мәліметтерге сүйене отырып жазылған.

Кеңес Одағының Батыры

Абдулла Үсенов

(18.07.1924 – 07.12.1943)

АБДУЛЛА ҮСЕНОВ

туралы тың деректер

Зерттеу барысында біздің қолымызға осы үш құжаттан басқа ешқандай дереккөзі түспеді. Сондықтан мақсатымыз қасиетті Түркістан топырағының батыр перзенті туралы мүмкіндігінше толығырақ мәлімет жинау болғандықтан, Қорғаныс министрінің Орталық мұражайы (ЦАМО) мен Абдулла Үсеновтың қызмет еткен 1-ші Украин майданы құрамындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы, 159-шы саперлер батальоны және ондағы әскери бөлімнің командирлері жайлы деректер іздеп, Қорғаныс министрінің Орталық мұражайы (ЦАМО) мен Ресей Федерациясы Подольск әскери мұражайына (РФ МО ПВА) сұраулар салдырдық, біршама адамдармен байланыс жасадық. Нәтижеде мынадай мәліметтер жиналды:

Бірінші – Ленинградтық әскери-ауыстыру орнының (Ленинградский военно-пересыльный пункт) № 00440493 санды тіркеу карточкасы. Мұндағы деректерге қарағанда, Абдулла Шымкент облысына қарасты Түркістанда туылып, әскерге алынғанға дейін Түркістан стансасында еңбек еткен. Әскер қатарына Түркістан аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Әскери антты 173 атқыштар полкінде 1943 жылы қабылдап, ұрыста 1-ші дәрежелі жарақат алған. Ленинград маңындағы госпитальда емделген. Емделген соң «4-ші Денсаулығы түзелген арнайы батальон (ОБВ – отдельный батальон выздоравливающих) құрамына келіп, 134-ші болып 2-ші ротаға әскери есепке алынған. Одан соң 47 қосалқы артиллерия полкі 3/1380 команда құрамына жіберілген.

Екінші – Қорғаныс министрі Орталық мұражайының (ЦАМО) әскери-ауыстыру орны туралы № 12343728 санды хабарлама құжаты. Хабарлама құжат жоғарыдағы Ленинградтық әскери-ауыстыру орнының № 00440493 санды тіркеу карточкасы негізінде жазылған, № 530762 санымен тіркеуге алынып, № 43264 санды іс-қағазына тігілген. Дегенмен, № 12343728 санды құжатта Абдуланың Ленинград облысы, Всеволожский ауданы, Токсово поселкасындағы 47 қосалқы артиллерия полкі 3/1380 командасына, одан І-ші Украин майданы құрамындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының 159-шы арнайы жасақталған саперлер батальонына сапер болып ауысқаны нақтылана түседі.

Үшінші – Абдулламен бір взводта болған және соңғы рет көрген әрі Абдулла Үсеновты жерлеуге қатысқан қаруласының естелігі. Ол – Андрей Тимофеевич Орленко.

Андрей Тимофеевич Орленко – 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» және «Даңқ» орденінің толық иегері, алғаш 1-ші Украин майданы, 60-шы армиясы, 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының 159 саперлер батальонының сапері болған, кейін арнайы жасақталған 159-шы саперлер батальонының бөлімше командирі болған.

Андрей Тимофеевич Орленко

(18.08.1924-17.01.1981)

Соғыстан кейінгі жылдары Орленко Украинаның Конотоп қаласындағы мектепте әскери дайындық және денешынықтыру пәндерінің мұғалімі болып еңбек етеді. Конотоп қаласы мен Коростень ауданы орталығында мұражай ашып, көптеген суреттер мен ұрыс қимылы туралы тың деректер берген. Мұражаймен 1981 жылы 17 қаңтарына дейін, яғни қайтыс болғанға дейін тығыз байланыста болған. Орленко – орыс жазушысы Борис Иванович Дубровтың «Солдат даңқы» кітабының негізгі кейіпкері. Автор Орленконың айтуымен Абдулла Үсеновтың ерлігі туралы «Ешбір қателіксіз» («Без единой ошибки») атты көлемді очерк жазған. Очеркте 159-шы саперлер батальонының лейтенант Чуждан жетекшілік ететін 2-ші саперлар взводының 7 желтоқсан 1943 жылғы Житомир облысына қарасты Коростень қаласын қорғау кезіндегі бір күндік ерлігі баяндалады: Андрей Орленко, Саид Байбулов, Леднев, Мякотный мен Абдулла Үсеновтың ерлігі суреттеледі. Автордың баяндауынша, Абдулла лейтенант Чужданның саперлар взводына басқа бөлімнен ауысқан, саперлықтың қыр-сырын меңгере қоймаған жауынгер. Сондықтан сол күнгі ұрыста ентелеп келе жатқан жау әскерлеріне қарсы оқ атып, кәнігі маман сапер-қаруластарының танкіге қарсы жүз жиырма мина қоюына жағдай жасайды. Жас шыбықтай талдырмаш, бірақ жасамыс, аса қайсар мінезді, дегенмен аңғырттау келген қазақ жігітінің ерлігіне тәнті болған Орленко Абдулланы былай еске алады: «Штуки» подавал Андрею солдат Абдулла Усенов, немолодой, немного наивный казах. Он держал на ладонях мину, искренне интересовался: «А если бросить ее под гусеницы танка, взорвется?». «Еще и как!». Хлопок, белый, пушистый, выглядел бы на ладонях Усенова естественно, а мина… «Есть, по-видимому, люди, не рожденные для военного подвига», – подумал Орленко». Аса қайсар мінезді қазақ жігітінің сол күнгі аса қауіпті бірқатар оқ жаудыру көздерін жоюы жаяу әскердің шабуылының жемісті болуына айрықша көмегін тигізеді. Қаруласы Андрей Орленко екеуі сол күні (07.12.1943) Коростень қалашығынан 12 шақырымдай жерде болған ұрыста әскери бөлімнің жауынгерлік туын жанып жатқан штабтың ішінен алып, немістермен бетпе-бет келеді, жаралы қаруласы Ледневты жау оғының астынан арқалап шығады. Шешуші сәтте минаны құшақтаған күйі өзін «Жолбарыс» танкісінің шынжыр табанының астына тастайды. 1943 жылдың 18 желтоқсаны күні батальон командирі Орленкоға ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін, Абдулланы І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін беру туралы дивизия командиріне ұсыныс береді. Бірақ 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі полковник (03.06.1944 жылдан генерал-майор) Гладков Александр Васильевич Үсеновтың қаһармандығын жоғары бағалап, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады.

112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Александр Васильевич Гладков

(22.06.1902 – 03.04.1969)

Төртінші – 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі полковник Гладков Александр Васильевичтің Абдулла Үсеновты «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсыну туралы Ресей Федерациясы Подольск әскери мұражайынан (РФ МО ПВА) алынған марапаттау қағазының көшірмесі. Марапаттау қағазында: «7 желтоқсан 1943 жылы немістің танкілері «Сталин» атындағы ұжымшарда орналасқан әскерді бұза-жарып, кеңес әскерлері шоғырланған құрамаға бағытталған сәтте Үсенов батальон қолбасшылығынан танктер жүретін жолды миналау туралы тапсырма алды. Үсенов межелі жерге жеткенімен мина орналастыратын орынды қазып үлгермеді: оған қарсы шыққан немістердің танкісі 50 метрдей жақын келіп, пушка мен пулеметтен тікелей оқты қарша боратты. Жолдас Үсеновке жолдың сол жиегіне шығып, танк өтетін жолды жауып тастау туралы тапсырма берілген болатын. Ол ара жабылса, біздің әскерлер шоғырланған негізгі құрамаға өтетін танктің жолы жабылып, тосқауыл қойылар еді. Танкке қарсы екі минаны арқалаған ол жер бауырлай отырып жолдың қилысына жылжыды. Оны жаудың танк жүргізушісі байқап қалды. Сегіз танкінің бірі Үсеновке қарай жүрді. Танктің келе жатқанын байқаған Үсенов минаны жаруға дайындай бастады. Танк бірнеше метр жақын қалғанда Үсенов қолындағы минаны құшағына қысып, танктің шынжыр табанының астына өзін тастады. Жарылыс болып, танкті тас-талқан етті. Үсенов жолдас өз өмірін құрбан ете отырып, асқан ерлік көрсетті: ол жаудың танкісін күл-талқан етіп, қопарып тастады, қаруластарына асқан ерліктің үлгісін көрсетті және оның бұл қаһармандығын қаруластары жоғары бағалап, «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық деп ұсынады.

Қызыләскер Үсенов жолдастың денесі Нивки мен Злобичи елді мекендері арасындағы бауырластар зиратына қойылды.

112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі полковник А.В.Гладков» деп жазылып, қол қойылған.

Бесінші – Акрам Агзамович Шариповтың «Черняховский» кітабы. Кеңес Одағының екі дүркін батыры, 60-шы армияның қолбасшысы генерал-полковник И.Д.Черняховскийдің өміріне арналған еңбек. Иван Данилович 1944 жылы 28 маусым күні Кеңес Одағының Маршалы Василевскиймен бірігіп немістердің «Оңтүстік» әскери тобына қарасты 4-ші танк армиясының қолбасшысы генерал-фельдмаршалы Эрих фон Манштейннің жеңілгені туралы келісімге қол қойған және әскери бөлімдерде ерекше ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына хат жазған. Жазылған хаттар тізімінде И.Д.Черняховскийдің Үсеновтың қаруласы әрі командирі Г.И.Кривохижинмен сұхбаты, Абдулланың ерлігінің тарихи маңызы мен қабірінің орналасқан жері сөз етіледі. 112-ші атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Александр Васильевич Гладковпен бірігіп анасына хат жазады. Ол хатта: «Ардақты ана! Адамның есінен шықпас елеулі күндері болады. Сондай ұмытылмас күнді есімізде қалдырған Сіздің ұлыңыз. Оны Сізге жеткізуге асықтық. 1943 жылы 7 желтоқсанда Житомир облысы, Коростень қаласының маңында біз фашист танкілеріне қарсы кескілескен қатты ұрыстар жүргіздік. Осы ұрыста Сіздің сүйікті ұлыңыз қаза тапты. Бұл оқиға былай болды: Бізге қарсы жаудың 8 танкісі келе жатты. Абдулла жауды өткізбеуге тырысты. Ол танк қирататын 2 мина алып, ажал машинасына қарай ұмтылды. Фашистер оқты үсті-үстіне боратты, бірақ Абдулла одан аман-есен өтіп, бастап келе жатқан фашистің танкісіне жетіп, астына түсті, танк күл-талқан болды.

Сүйікті ана, Сіздің ұлыңыз, міне осылай ерлікпен қаза тапты, бірақ ол жау танкісін ілгері өткізбеді. Бөлім бұйрығы бойынша балаңыздың есімі «Мәңгі есте қалдыру» тізіміне жазылды. Отан батыр жауынгердің ерлігін жоғары бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы бойынша «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

Біз Абдулладай ұл тәрбиелеп өсірген Сіз сияқты қазақ халқының ардақты анасына шын жүректен алғыс айтамыз!

60-шы армияның қолбасшысы генерал-полковник И.Д.Черняховский. 112-ші атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор А.В.Гладков» деп қол қойылған.

Иван Данилович Черняховский (1629).06.1906-18.02.1945)

Алтыншы – Геннадий Кривохижин мен Дмитрий Романов құрастырған «Полесьяның алтын жұлдыздары» атты кітап. Кітапта Житомир өңірендегі ұрыста ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған Кривохижин, Носов, Захаров, Үсенов сияқты бір топ батырлардың ерлігі жазылған. Автордың деректеріне қарағанда, Абдулла туралы очерк Г.И.Кривохижиннің айтуымен жазылған. Очерк «Қазақ даласының қайсар ұлы» («Отважный сын казахских степей») деп аталады. Очерктің қысқаша мазмұны төмендегіше:

«Саперлер батальонындағы барлық рота, взвод, бөлімшеге бұйрықтар беріліп жатты. Мұндағылар төнген қауіпті ерекше сезінді. Бір сағат бұрын ғана жау танкісі үлкен күшпен қайтарылды. Дегенмен, тағы да жаңа үлкен күшті ұрыс басталғалы тұр. Алыстан-ақ жау танкілерінің орман даласында топтасуы анық көрініп тұр. Саперлер взводының командирі лейтенанты Потокин бұйырды: «Үсенов, мұнда кел!».

Командир алдында жас шыбықтай талдырмаш қазақ баласы бой түзеді. Оның арқа қабында миналар, үстіндегі плащында да миналар бар еді. «Абдулла, саған ерекше тапсырма: алдымыздағы 300 метр жердегі қара жолақты көремісің, оң жақтағы жолдан басталған?». «Көріп тұрмын», – деп қысқа жауап берді Абдулла. «Онда біздің миналы алдыңғы шебіміз болады. Жау танкілері жұлқынып келгенде, біздің атқан оғымызға борттарын тоса бастайды. Саған түсінікті ме?». «Түсінікті», – деп Абдулла Үсенов сабыр-лы жауап берді. «Жырамен жасырына бой тасалап сонда жүгіріп бар да, қара егістік даласынан өтетін жыра бойындағы өткел жолды миналап таста», – деп взвод жетекшісі бұйырды. «Құп болады, жолдас лейтенант», – деп Абдулла істің мәнін түсінді. Сәл кібіртіктеп тұрып қалтасынан хат алып, лейтенантқа берді. «Егер маған бір жағдай болса, хатты жіберерсіз.».

…Взвод командирі дүрбімен үздіксіз Абдулла Үсеновтың іс-әрекетін бақылады. Ол қиындықпен 40 кг салмақтағы минамен жер бауырлап жырамен жүрді. Жыраның кейбір жерлерін қар басып қалса, кейбірін тас басып қалған, іші тар. Абдулла Үсенов кейде құлай, кейде сүріне тұрып алға жүгірді. Қара жолаққа аз ғана қалғанда, кенеттен жау танкілері орманнан лап қойды. Лейтенант Абдулла Үсеновтың миналарды қойып үлгермесін түсінді: «Миналарды қуаттандыру, әр жерге орналастыру керек еді. Жоқ, үлгермейді! Әрекеттенуден де нәтиже болмас!». Дүрбі арқылы Абдулла Үсеновтың әр іс-әрекеті ғана емес, оның бет-бейнесі де анық көрінді. Лейтенанттың Үсеновке «жырамен жасырынып, жау танкісінің бірінші толқынын өткіз» деп айтқысы келді. Бірақ Абдулла жау танкісін жармақ болса керек. «Бұл әрекет жау танкілерінің қозғалысына едәуір кедергі келтіріп, өткелге тосқауыл болары хақ, бірақ қандай бағада?! Абдулла өзінің құрбан боларын түсінбеуі мүмкін емес», – деп ойлаған лейтенант, дүрбіге үңіле түсті.

Міне, Абдулла жырадан шығып, жер бауырлап, «Жолбарыс» жолын кесе-көлденең өтті. Ал қалғаны тез өте шықты. Абдулла Үсенов қолына ұстаған минасымен жау танкісі астына өзін тастады… Ол жарылыс дауысын естіген жоқ, «Жолбарыстың» теңселе орнында шайқатылғанын көрген жоқ. Ол тізбектеліп келе жатқан өзге танкілердің дағдырап тұрып қалғанын, «егістік даласы миналанған» деп, кері бұрыла бастағанын көрмеді. Ол алды тосқауланған жау танкілерінің жаудырған оқтан бірінен соң бірінің жанғанын, жау күшінің жеңілгенін көрмеді. Ойламаған жәйт орын алды: жау танкілері кері қарай ағылды…

Міне солай, Житомир жеріндегі соғыста, Нивки селосы, Коростень ауданында алыс қазақ даласынан украин жерін және өзінің Ұлы Отанының тәуелсіздігін қорғай келген батыр өз өмірін құрбан етті…

…Өз өмірін аямастан кеудесін отқа тосып жауды тоқтатты. Оның бұл ерлігі жау танкілерінің жолына тосқауыл қойып, қосымша күшті топтастыруға уақытты ұтты, қаншама қаруласын ажал құшағынан алып қалды. Коростень ауданынан жауды біржола қуып шығуға үлкен әсер етті…».

Жетінші – 1944 жылдың 23 маусым күнгі Әскери шенді бекіту және марапаттау туралы Басқарма бастығы генерал-майор Ловоданың қолымен бекітілген екі құжат.

Бірінші – КСРО ордендерімен 1-ші Украин майданында асқан ерлік көрсеткен әскери бөлімнің генералдары, офицерлері, сержанттары және қатардағы жауынгерлерін марапаттау туралы 23 маусым 1944 жылы жазылған алты беттік тізім. Алғашқы тізімге «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған 21 жауынгердің есімі тіркеліп, 21-ші тізімде Абдулла Үсеновтың есімі жазылған. Құжат соңында «Әскери шенді бекіту және марапаттау туралы Басқарма бастығы генерал-майор Ловода. 23 июнь 1944» деп қол қойса, соңында Әскери шенді бекіту және марапаттау туралы басқарманың 1-ші бөлім бастығы Знаменский «дұрыс» деп қол қойған.

Екіншісі – 24 маусым 1944 жылы бекіген екі беттік анықтама. Мұнда 1-ші Украин майданы бойынша КСРО ордендеріне 87 жауынгердің ұсынылғаны жайлы сандық есебі мен дивизия командирлерінің аты-жөні жазылған.

Сегізінші – Халық комиссарлары Кадр бас басқармасының бастығы генерал-польковник Филипп Иванович Голиковтың КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, маршал Сталинге жазған Жарлық жобасы.

Жарлық 1944 жыл 21 маусымда жазылып, №464064 санымен тіркеуге алынған. Жарлықта 1-ші Украин майданында ерлік көрсеткен әскери бөлім, командирлері мен жауынгерлерін марапаттау туралы ұсыныс беріп, «26.06.1944» жылғы шешіммен бекітілген. Сол бұрышында «25.08.1944 ж. Жарлықпен бекітілді» деп жазылған.

Тоғызыншы – Халық комиссарлары Кадр бас басқармасының бастығы генерал-польковник Филипп Иванович Голиковтың КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, маршал Сталинге жазған Жарлық жобасын КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен бекітілгені туралы құжат. Жарлық екі беттен тұрады. Онда «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген 21 жауынгер жазылып, оны КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы М.Калинин мен КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының хатшысы А. Горкин «25.08.1944» жылы бекіткен. Тізімде 21-ші болып Абдулла Үсенов жазылған.

Оныншы – Житомир облысы, Коростень аудан орталығының мұражайынан мына төмендегідей құжаттар мен фото-деректердің көшірмесі алынды:

1. Коростень аудан орталығының мұражайынан алынған Абдулла қаза болған күнгі соғыс қимылдарының картасы;

2. Коростень даласында қираған немістің «Жолбарыс» танкісінің суреті. Мұражайдан алынған суреттің астына: «Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсенов осындай танктің астына кіріп өзін жарды» деп жазылған;

3. Житомир облысы, Коростень қалалық әскери комиссары Н.Вачькин мен Холосненск ауылдық кеңсесі төрағасының Коростень ауданы, Нивки елді мекенінде орналасқан гранитті ескерткіш Абдулла Үсенов пен Дмитрий Иванович Музыченкоға тұрғызылғаны және олардың қабірінің осы арада екендігі туралы КСРО Қорғаныс министрлігіне куәландырып берген «№ 104-1 есеп карточкасы» мен есімдері жазылған тізімнің көшірмесі. «№ 104-1 есеп карточкасына «№ 633 бауырластар зираты. 07.12.1943 жылы жерленген Кеңес Одағының Батыры А.Үсеновтің гранитті обелискі. Екі адам жерленген 3х2 м қабір. Биіктігі 3 м, 0,8х0,8 м. «Злобичи» сегізжылдық мектебінің қамқорлығында» деп жазылса, есімі жазылған екінші құжатта «Қатардағы жауынгер Дмитрий Иванович Музыченко 1906 – 21.12.1943. Қызыләскер Абдулла Үсенов 07.12.1943», – деп Абдулланың туған жылы жазылмаған;

4. Қаруластары Абдулла Үсеновты алғаш жерлеген Нивки елді мекен іргесіндегі 50 56′01″ солтүстік ендік пен 28 46′55″ шығыс бойлықтағы төбе көрінісі;

5. Абдулла танкі астына кіріп қаза болған жыраның көрінісі;

6. Нивки мен Злобичи мекендері арасындағы ұрыс болған жердің жалпы көрінісі;

7. Житомир облысы, Коростень ауданы, Нивки-Злобичи мекендері арасындағы саябақта орналасқан бауырластар зиратының суреті. Бауырластар зираты 1965 жылы ашылған. Онда Ұлы Отан соғысы жылдары Житомир өңірін азат етуде қаза тапқан 26 Кеңес Одағының Батырының есімі алтын әріптермен жазылған. Соның бірі 19-шы реттік санда Үсеновтың есімі жазылған.

Бауырластар зиратына есімдері жазылған жауынгерлердің денесі қаза болған жерінде жерленген, барлығының басына арнайы гранитті ескерткіш қойылған. Ескерткішті сол маңда орналасқан елді мекендердегі мектептер қамқорлығына алған.

Он бірінші – Абдулла Үсеновты ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы Қорғаныс министрі Орталық мұражайынан (ЦАМО) алынған № 85 марапаттау құжатын куәландырған жазбасының көшірмесі. Онда: «Абдулла Үсенов: Қазақстан ССР, Шымкент облысы, Түркістан ауданы, Жүйнек ауылында туған. Марапатталған құжаттың күні: 06.04.1985. Жазбаның № 1520109829» деген жазба мен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің суреті бар.

                                                     *   *   *

Жоғарыдағы жазба деректер мен онда айтылған оқиғаларды өзара салыстыра отырып зерделесек, Абдулла Үсеновтың бейнесі бұрынғыдан да сомдала түседі. Яғни, Абдулла Үсенов қазіргі Түркістан облысына (бұрынғы Шымкент облысы) қарасты Түркістан қаласында туылып, 4 сыныптық теміржол мектебін бітірген. Осы арада ескерте кететін бір жайт: Абдулланың туған жылын нақтылауды қажет етеді. Өйткені мұрағаттан алынған жазба деректердің көпшілігінде «1899 жылы туылған» деп жазса, орыс тілді жазба-естеліктерде көбінесе «немолодой», яғни «жасамыс, егде тартып қалған, яғни жігіт ағасы» деп жазады. Әскерге шақырылғанға дейін Түркістан вагон депосында слесарь болып жұмыс істейді. Түркістан аудандық әскери комиссариатынан әскерге 1942 жылы қазан айында шақырылған. Артилеристер курсында үш ай оқып, 1943 жылы қаңтар айында Ленинград майданындағы артиллеристік бөлімнің 173-ші атқыштар полкінде әскери антты қабылдайды. Бұл кезде жау қоршауындағы қаланың жағдайы айырықша қиын болатын. 1942 жылы кеңес әскерлері қоршауды бұзу мақсатымен екі рет шабуыл жасайды. Дегенмен, «Любан операциясы» және «Синявин операциясы» деп аталған бұл шабуылдар сәтсіздікке ұшырағаны тарихтан мәлім. Ленинград пен Волхов майдандарын бір-бірінен бөліп тастаған немістердің 18-ші армиясы табандап, орнынан қозғалмай қояды. 1942 жылдың 18 қарашасында Ленинград майданының қолбасшылығы Қызыл Армияның Жоғарғы қолбасшысына қала қоршауын бұзуға бағытталған жаңа операция жоспарын ұсынады: Ленинград пен Волхов майдандарының әскерлерінен екпінді топ құрып, Шлиссельбург-Синявин қылтасында шабуыл бастап, Ленинградтың қоршауын бұзу көзделді. 2 желтоқсанда Жоғарғы Бас Қолбасшылық Ставкасының № 170696 бұйрығы бойынша бұл жоспар бекітіліп, шабуыл операциясына «Ұшқын» деген атау береді. Үсеновтың үш айлық артилеристер курсын бітіруі осы тарихи оқиғаға тұспа-тұс келіп, 1943 жылдың 12-30 қаңтар аралығындағы «Ұшқын» операциясына артиллерист болып қатысады. Ұрыста 1-ші дәрежелі жарақат алып, Ленинград іргесіндегі № 95, әлде №1170 далалық госпитальдың бірінде емделген. Емделген соң «4-ші Денсаулығы түзелген арнайы батальон (ОБВ – отдельный батальон выздоравливающих) құрамына тіркеліп, 134-ші болып 2-ші ротаға әскери есепке алынады. Кейін Ленинград облысы, Всеволожский ауданы, Токсово поселкасындағы 47 қосалқы артиллерия полкінің 3/1380 командасына, одан І-ші Украин майданы құрамындағы 60-шы армия, 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының 159-шы арнайы жасақталған саперлер батальонына сапер болып ауысады. 159-шы саперлер батальоны 1943 жылдың қараша-желтоқсан айларында Житомир облысы, Коростен ауданына қарасты Нивки мен Злобичи елді мекендері арасындағы орманды алқап пен егісті дала үшін болған ұрыста 25 танкке қарсы тұрады. Осы ұрыста командирінен тапсырма алған Абдулла жау жолына тосқауыл жасау үшін ауыр салмақты минаны көтерген бойы «Жолбарыс» танкісінің астына кіріп, бұрын қайталанбаған ерліктің үлгісін көрсетеді.

159-шы саперлер батальонының взвод командирі лейтенант Потокин мен 2-ші взвод командирі лейтенант Чуждан Абдулланың шашырап кеткен денесінің біршама кесек еттері мен қанға бөккен жеңіне жабысқан қолының бір бөлігін жинатып алып, қарулас серіктеріне Нивки елді мекен іргесіндегі 50 56′01″ солтүстік ендік пен 28 46′55″ шығыс бойлықтағы орман жиегіндегі төбеге жерлетеді. Жерлеуге украин жігіттері Андрей Орленко мен Мякотный және башқұрттық Байбулов қатысады.

1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдық мерейтой қарсаңында А.Т.Орленконың бастама көтеруімен Коростень ауданы үшін болған ұрыстарда Кеңес Одағының Батыры атағын алған жиырма бір жауынгерге арнап Нивки-Злобичи елді мекендері арасындағы саябақтан бауырластар зиратын ашады.

Дегенмен, бізге дейінгі жеткен деректерде 112-ші атқыштар дивизиясының командирі Кондратьевтің Абдулла Үсеновтың анасына жазған хаты мен рота командирі Геннадий Иосифович Кривохижиннің жазған «Қазақ даласының қайсар ұлы» («Отважный сын казахских степей») атты очеркінің қазақша аудармасы мен аталған кісілердің қызметі дұрыс берілмеген. Біріншіден, ол кезде 60-шы армияның қолбасшысы генерал-полковник Иван Данилович Черняховский, штаб бастығы генерал-майор Геворк Андреевич Тер-Гаспарян, 112-ші атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Александр Васильевич Гладков, батальон комиссары, капитан Мочалов, рота командирі аға лейтенант Геннадий Иосифович Кривохижин, взвод командирлері лейтенант Чуждан мен лейтенант Потокин болған. Бұл кезде генерал Александр Кондратьевич Кондратьев Ворошилов атындағы Жоғарғы әскери академияда аға оқытушы болған. Үсеновтың анасына хатты армия қолбасшысы генерал-полковник И.Д.Черняховский жазған. Ол жайлы А.А.Шариповтың «Черняховский» атты кітабында кеңінен жазылады. Ал Г.И.Кривохижин Үсеновтың досы емес, рота командирі. Тіпті, ол жуық арада ғана ротасына келген Абдулла Үсеновты толық танып үлгермеген де болатын.

Қорыта айтқанда, Түркістан перзенті әрі бұрын қайталанбаған ерлік үлгісін тұңғыш рет қайталаған Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсеновтың өмірі мен өскен ортасы туралы әлі де болса зерттеу жүргізуді қажет етеді. Өйткені бұл шағын мақалада біз кейіпкеріміз туралы толық әрі дау тудырмас нақты да, тиянақты деректер жинастырдық деп айта алмаймыз. Әрине, өшпес ерлік көрсетіп, өз ортасы мен кейінгі ұрпаққа үлгі болған Абдулладай алдыңғы буынның іс-әрекетін өз дәрежесінде дәріптей алмау – кейінгі буынға әрі сын, әрі мін болары анық. Сын болары – батыр ұрпағын кейінгі ұрпаққа үлгі ете алмай келсе, мін болары – батыр ұрпағына өз дәрежесінде қамқорлық ете алмай келгені.

Қазыбек ТӘЖИЕВ,

Филология ғылымдарының кандидаты, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы