ЛИРИКА ЖОЛДАРЫ
АЙТШЫ БҰЛ НЕДЕН БОЛАДЫ
Жақындау келсең жаныма,
Пайда боп қызу қаныма
Жүрек те тулап соғады.
Айтшы бұл неден болады?!
Қарасаң көзді төңкеріп,
Бойымды сезім көмкеріп,
Ойыма бақыт қонады.
Айтшы бұл неден болады?!
Сырым бардай ашпаған,
Жақындайсың басқадан
Бұған көңілім толады.
Айтшы бұл неден болады?!
ГҮЛ
Үзген гүлді қызығып,
Бойжеткенге ұсындым.
Әзер алды сызылып,
Қызардым да, қысылдым.
Бірақ қатты қуандым,
Жеткізгендей сезімді.
Деп ойладым туар күн,
Ашып айтар сөзімді.
АҚША БҰЛТ
Ақ көбіктей мөлдір тұнық судағы,
Жүздің көкте желсіз ауа қумады.
Кең аспанның гүлі десем болмас па?!
Келбетіңді меруерт түсті шудалы.
СӘУЛЕСІ СӨЗДІҢ
ТҰР КӨЗДЕ
Жібек сынды мінезің,
Орап алды жанымды.
Жүрсің қозғап бір өзің,
Жүректегі жанымды.
Орамды-ақ тілім бір сөзге,
Салмақты мінез тежеді.
Сәулесі сөздің тұр көзде,
Сүйгенім қашан сезеді?!».
Не деген сырлы сезімге толы өлеңдер. Оқи бергің келеді… Арынды ақын Жұмабек Еділбаевтың өлеңдері ұрпақтарына күш жігер сыйлап тұрғандай, әсерлене оқып шықтық.
№78 санда жарық көрген этюд-тің авторы көзімізге ыстық көрінді. Иә, Ж.Әзіретбергеновты киелі ша-һарда танымайтын адам жоқ десек артық айтпаған болар едік. Шы-нында, егер біз қателеспесек, есімі толық жазылмаса да Жарылқасын ағамыз екенін топшылап отырмыз. Өйткені, ол кісінің додалы жиындардан сөйлеген сөзінен сөзге шешен екенін білеміз. «Түркістанның» сарғайған беттерін ақтарып отырып, Ж.Әзіретбергеновтың қысқа этюдін оқып отырмыз. Ендеше, бүгінгі газет оқырманының жүрегінен де орын алары сөзсіз.
«Этюд
ТАПҚЫШ – ӘСІЛБЕК
(Оқиға ертеде болған)
Бір кісінің екі қойы жоғалып, атақты тапқыш Әсілбекке келіп, ұрыны тауып беруді өтініпті.
Тапқыш ауыл адамдарымен әңгімелесіп отырыпты да, бір мезгілде тысқа шығып кетіп, көптен соң екі қолына сексеуілдің әлі жанып бітпеген шаласын алып кіріп былай депті:
– Қазір мына шала ұрыны тауып, басын күйдіреді,-деп оны босағаға іліп қойыпты.
Бір кезде, кенеттен тапқыш айқай салып, былай депті:
– Ойбай, ұры басыңыз күйеді,-дегенде ұры екі қолымен бөркін шеңбелдей ұстап есік жаққа лақтырып жіберген екен.
Ж.ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ».
Сондай-ақ, Ж.Әзіретбергеновтің мына өлеңін оқып, болашағына сеніммен қараған жастың бүгінде өнегелі қария атанып, өміржолын тура жолмен өткізгенін көргендейміз.
«ЖОЛ
Ирелеңдеп жол жатыр белден асып,
Созылып одан әрі шыңға ұласып.
Тарам-тарам кейде жол таралады,
Колхозбен, я қаламен қайырласып.
Аялдасаң жол бойын біраз тұрып,
Өтеді жолаушылар шұбатылып.
Бірі ерте, бірі кешке, бірі түнде,
Өз ісін, өз мақсатын алға тұтып…
Сондай боп даңғыл жатыр өмір жолы,
Қызықты әрбір күнім әнге толы.
Қойылған мақсатыма алдымдағы,
Жолыммен жетем ақыр, білем соны.
Ж.ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,
«Балтакөл» мектебі».
«Соңғы жылдары қаланы көркейтуде көптеген шаралар жүзеге асырылды. Қалаға Борисовка поселкесі біріктіріліп, оның аумағы анағұрлым ұлғайтылды және екі орталықтағы бұрынғы бос жайлар тұрғын үйлер мен өндірістік жайлар салуға ұсынылып, мұның өзі жақсы нәтижелер берді» деп жазады газеттің 89-ы нөмірінде қалалық Советтің председателі М.Орынбетов «Түркістан қаласының көркі артуда» атты мақаласында.
«15-16 ноябрьде аудандық XXIV партия конференциясы болып өтті. Алғашқы ұйымдастыру пленумы аудандық комитеттің бірінші секретары етіп Қ.Мавланов, екінші секретары етіп Ы.Тілеубергенов, үшінші секретары етіп М.Исақов жолдастарды сайлады.
Аудан еңбекшілері 1958 шаруашылық жылын табысты аяқтағалы отыр. Өндіріс орындары арасында мақта-май комбинаты, вагон, паровоз деполары, Түркістан станциясы, жөндеу заводы, Абай атындағы, «Алғабас» артельдері, өндіріс комбинаты т.б. 11 айда өндірістік жоспарларын артығымен орындап, жылды көтеріңкі еңбек қарқынымен қорытындылауға ұмтылуда.
Ауыл шаруашылығы саласында да өрге басқан қадамымыз бар. Дәнді егістен түсім көп алынып, мемлекетке астық тапсыру жоспарын 113,5 процент жүзеге асырдық. Өткен жылмен салыстырғанда ауданда қоғамдық мал басы ірі қарадан мыңға таяу, уақ малдан 22800 –ден астам бас артты. Ауданда жеті колхоз мақта өнімін арттырып шартты жоспарын асыра орындады. Астық, сүт сату, жібек пілләсі көрсеткіштері көтеріңкі».
Аудандық Совет атқару комитетінің секретары З.Сейітбеков аудан еңбеккерлерінің жетістіктерін 104-і нөмеріндегі «Жергілікті Советтердің ұйымдастырушылық рөлін арттыра түсейік» деген мақаласына арқау еткен.
1958 жылғы алғашқы нөмірлерінен бастап 102-і нөмірге дейін газетке редактор А.Абдусаттаров, 55-63 нөмірлерге редактордың орынбасары А.Анарбаев, 103-104 нөмірлерге редакторы үшін Б.Егембердиев қол қойған.
«Қызыл Түркістан» газетінің 1959 жылғы № 1 санында «Коммунизмге алып қадам жетіжылмен бастадық, Кәне достар, қыздыр майдан, шабытты іспен қосталық!» атты басты мақала жарық көрген. «Жаңа жылға аудан еңбекшілері айта қаларлықтай тартулармен келіп отыр. Мәселен, жылына 28 миллион дана кірпіш шығаратын завод пайдалануға тапсырылды. Жаңа 1959 жылды біз жаңа үміт, ұлы сеніммен, жаңа үлкен қуанышпен қарсы аламыз. Жаңа жылда да біз ерлік еңбектің, бейбітшілік өмірдің туын жоғары көтереміз» деп шабытқа толы жазылған мақала халықты ұлы мақсат жолына жұмылдырғандай әсер қалдырды. Шынында, не деген күш-қуатқа толы сөздер.
Тағы бір айтарымыз, осыдан тура 61 жыл бұрын, яғни, Ұлы Жеңістің 14 жылдығына орай қаламызда жылына 28 миллион дана кірпіш шығаратын заводтың пайдалануға берілгеніне тәнті болып отырмыз. Сол тұста, сондай ауыр кезеңде осындай ірі зауыт салынған. Қазіргі таңда бұл зауыттың аты да, заты да жоқ. Бұл сірә, «Елу жылда ел жаңа» дегенді білдіртсе керек. Біз бұған қынжыла қарамауымыз керек. Демек, ірі зауыт тірлігі тоқтағанымен, есесіне, қазіргі таңда шағын, орта кәсіпкерлеріміздің саны артуда.
Осы бетте «Жаңа жылдық тартулар» айдары аясында бірқатар жаңалықтар берілген. Соның ішінде «Қаланың 1 –май алаңының жанында салынып жатқан үлкен «Универмаг» магазинінің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді» деп қаламызда алғашқы жаңа «Универмаг» магазинінің ашылғаны жазылған.
Газеттің осы нөмірінен көзімізге тағы оттай ыстық көрінгені «Достық әзіл тілектер». Қысқа әрі нұсқа жазылған әзіл тілектерді сол күйінде беріп отырмыз.
«Ергеш Хабибовке
(«Ленин жолы» колхозының председателі, колхоз биыл мақта тапсыру жоспарын 142 проценттен асырып орындады).
Жоғары біліміңіз, әрі маман,
Басқарсын артель ісін сіздей адам.
Өркендеп «Ленин жолы» ұлы жолда,
Әр жылы бола берсін даңқы дарқан!
Ергеш Түркстановқа
(Сталин атындағы колхоздың звено жетекшісі мақта тапсыру жоспарын 125 процент етіп үлгерді).
Орындап жоспарлы істі жұрт алдында,
Қалмайсың қарт болсаң да жарыстан да.
Жан салма « ақ алтынды» көп беруде,
Биылда алдыңа сен Түркістанда.
Жөндеу заводындағы коммунистік еңбек бригадаларының мүшелеріне
Коммунистше еңбек етіп, өмір кешіп,
Құруға тұрмыс солай бастадыңдар.
Ғибрат тарай берсін жұртқа өстіп,
Жарқырап жарыста әсем, нарт жаныңдар!
Әлхан Исраиловқа
(Қалалық коммуналдық шаруашылығының озат құрылыс бригадасының бригадирі, әр жылы жоғары көрсеткіштерге ие болуда)
Сала бер құрылысты қалаң үшін,
Сан-сапа бірдей артып, шебер іспен!
Күш-қуат бойда тасып әман дүркін
Бас алға жылдан жылға өсер күшпен!
Қожан Дүйсебаевқа
(Куйбышев атындағы колхоздың қарт шопаны, әр жылы мал шаруашылығында ірі табыстарға жетіп, үлкен абыройға ие болуда).
Көп жылдар екінші тың – қойда, мінсіз
Еңбек ғып, елдің қамы ойда жүрсіз.
Қиында қуат берген партия үні!
Еңбектен жалығар қарт Сіз емессіз!»
Негізінде мұндай әзіл тілектер әр саланың майталман мамандарына арналып жазылады. Алдағы уақытта газетіміздің жанынан құрылған әдебиет бірлестігі тарапынан қаламыздағы өз ісінің білгір мамандарына қысқа әрі нұсқа өлең жазып, достық әзілдерді беріп отыруды қайта жалғастыратын боламыз.
«Аудан колхоздарында 1957-1958 жылдардың ішінде 100-ге тарта кольцолы (цементтен құйылған жүздік – доғалы трубалар) құдықтар қазылса, қазіргі таңда тек жартысы пайдаланыл-май тұр» деп жазады газеттің 14-інші нөмірінде шегендеп құдық салудың мастері М.Өтепов «Қызылқұмдағы құдықтарды жақсы салып, дұрыстап пайдаланайық» атты мақаласында.
Газеттің №17 санында «Арыс- Түркістан каналы» атты ақпараттық материал жарияланған. Онда: «Арыс-Түркістан суландыру каналы салынып болып пайдалануға қосылған күнде Оңтүстік Қазақстан обылысының мақта даласы өңірінде 139 мың гектар құнарлы жерді суландырып, гүлдендіреді. Тереңдігі үш-үш жарым, ал ені 25 метр болып ұзына бойы 200 километр келетін бұл каналдың осы күннің өзінде тең жарымынан астам құрылысы салынып бітті» деп жазылған.
Газеттің №39 санында «Советтік баспасөз күнін мерекелеу» атты мақала жарияланған. «4 май күні қалада «Қызыл Түркістан» газетінің жүлдесін алуға дәстүрлі эстафета өткізілді. Эстафетада бірінші орынға ие болған педучилищенің командасына (физкультура оқытушысы Азимов) «Қызыл Түркістан» газетінің ауыспалы кубогі, физкультура қоғамы мен ұйымы аудандық советінің бірінші дәрежелі дипломы тапсырылды. Бұл команданың құрамындағы 9 адамға аудандық газеттің жылдық нөмірі тегін берілуге ұйғарылды. Жарыстың нәтижесі бойынша екінші орынға Ленин атындағы мектептің, үшінші орынға Калинин атындағы мектептің командалары ілікті.
Аудандық газеттің редакциясы қабырға газет-терінің аудандық байқауын өткізді. Байқауға 30-дан аса газеттер қатыстырылды» деп жазылған.
Иә, қарап отырсақ біздің «Қызыл Түркістан» газетінің ұжымы заманның қиын кезеңінде де баспасөз күні мерекесін атап өтіп қана қоймай, эстафета ұйымдастырған және аудандық газеттер арасында байқау өткізген. Бұл аға буын өкілдерінің аудандық газеттер арасында ынтымақ, бірлік орнатудың парасатты, пайымды үлгісін көрсеткені болса керек. Бүгінгі таңда, бұл үрдісті қайта жандандыруға болатындай.
Газеттің 50-інші нөмірінде Куйбышев атындағы колхоздың мақташы жастарының «Ақ алтын» үшін күресті барынша кең өрістетейік» атты ауданның барлық мақташы жастарына Ашық хаты жарияланған. Онда колхозда 485 гектар мақта егілген болса соның 270 гектарын жастар қамқорлыққа алып, мемлекетке тапсырылатын 750 тонна мақтаның 390 тоннасын өткізуді ұйғарғаны жазылған. Бұл Ашық хатты аудандық комсомол комитеті мақұлдаған.
Сондай-ақ, Ленин мектебінің оқушысы Нұрмахан Назаровтың «Мың қой» этюді жарияланған. Иә, түркістандықтарға танымал,ақын, жазушы Нұрмахан көкеміздің ақындық жолындағы шығармашылығын мектеп табалдырығынан бастағаны бүгінгі жастарға үлгі боларлықтай. Боямасыз өмірді нақты жеткізген этюдті сол күйінде беріп отырмыз.
«МЫҢ ҚОЙ
Этюд
Теңселбай кешке отырып әйелі Сенімкүлге былай дейді:- Азғантай жинақтаған ақша сандықта құрғақ сүлде болып жата бермесін. Қазірде мал арзан дейді, ертеңгі базарға барып көрейін, бір қой алып келейін, балалардың аузы сүт көбікке кенеліп қалсын.
-Ұрғашы қозысы барын ала кел, ендігі жылы ода қоздасын,-дейді Сенімкүл.
– Құп.
Теңселбай базарға бет алады. Жолда келе жатып қалтасындағы ақшасын қайта-қайта санап, бір қойдан қалай арттырудың амалын ақылына салады. Бірақ, ақшасы құрғыр артар емес. Міне, өзі сырахананың алдынан өтіп барады. Жүрегі шыдас бермеді, сыраға бұрыла кетті.
-Айлық та жақындап қалды ғой, қойды сонда алармын. Сенімкүлге: «базарда қой аз болды және бәрі қымбат» дей салармын, неғыпты сенер,-деді ол өз ішінен ой тоғарып.
Сыра ауызға тиген соң оның соңы арақ болып кетті. Сөйтіп, ол әбден мас болып, теңселе басып үйіне қайтты.
Көше алдында жүрген баласы Нақылбек апасына жүгіре кірді:
-Апа, апа папам бір қой емес, мың қой айдап келе жатыр!- деп даурыға,ызалана сөйлеп қоя берді.
Нұрмахан НАЗАРОВ,
Ленин мектебінің оқушысы».
Ләззат САРЫБАЕВА.
(Жалғасы бар).