- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгінде халық санының артуынан кедейшілік деңгейі өсіп, қазіргі таңда ең үлкен мәселеге арқау болған Үндістан бүгінде шахматтың отаны. Дәстүрлі түрде өтетін олимпиадалар осы елдегі шахматтың дамуына үлкен серпін берді. Үндістан қазір белсенді шахматшылар қатары бойынша да, жас дарынды шахматшылар саны бойынша да ең ірі шахмат державасы. Тиісінше, Үндістан түрғындары ойнап қана қоймай, ойынды тамашалағанды ұнатады. Осы нарықтың арқасында әлемге «генийлер отаны» ретінде танылып үлгерді. Десе де, біздің қоғамның да бұл ойынға деген қызығушылығы жоқ емес. Қазақ шахматшыларының әлемдік аренада ойып алар орны бар. Шахмат арқылы еліміздің атын танытып жүрген спортшыларымыз да қаншама?! Алайда Түркістан шахматы қай деңгейде, осы саладағы ең өзекті мәселенің мәнісіне үңілмек ниетте, халықаралық шахматшы, тәуелсіз жаттықтырушы түркістандық Қуанышбек Джумадуллаевпен сұқбаттасып, әңгімеге тартқан болатынбыз. Біз барғанда Қуанышбек ағай Нұрислам есімді 7 жасар шәкіртін Орта Азия чемпионатына дайындап отырды. Сұқбатты шахмат тақтасы жайылған үстел үстінде жүргіздік.
– Бірақ ең алдымен оқырманға түсінікті болуы үшін Нұрисламмен қалай жолыққаныңызды айтып берсеңіз? Неге тап осы бүлдіршін басқалардан зерек, оны қалай анықтадыңыз?
Нұрисламды өзім таптым. Қалалық кезекті ойында ерекше тактикасымен көзіме түскен болатын. Сол ойында ішімнен тамсанып, марқайып қалғаным есімде. Арадан көп өтпей, әкесі Нұрисламды алдыма әкеліп тұр. Жазбай таныдым. Ақысыз жатықтырамын деп кесіп айттым. Өз талаптарымның қиын әрі қатал болатынын, менің жұмысыма ата-ана ретінде араласпайтындарын ашып айттым. Олар да оған көнді. Міне содан бері күнде кешке 2-3 сағат тапжылмай жаттығамыз. Нұрисламның әкесінің өзі шахматты әуесқой дәрежеде меңгерген. Баласының шахматқа әуестігін 5 жасында байқап, үйірмелерге берген. Сосын мен туралы естіген. Шахмат бұл талант емес. Әрине бір пайыз ғана талант керек шығар, бірақ 99 пайыз еңбек етпесең түбіне жете алмайсың. Нұрисламның бар ерекшелігі тәрбиесінде, сосын кішкентай болса да ересектерге тән ойлай алатын қабілетінің басымдылығында. Қазір қарап көріңізші, ойнап отырған турдағы ретингі қандай болғанын. (Нұрислам ойнап отырған онлайн чемпионатқа үңілдік. Расында ол қарсыласын екі рет үздік көрсеткішпен жеңген. Ал қарсыласы рейтингі жоғары гроссмейстер екен). Енді Нұрисламның деңгейін өзіңіз пайымдай берсеңіз болады. Менімше, Бұдан артық дәлелдің қажеті жоқ.
«НЕБІР ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАР ТҰНШЫҒУДА»
Қуаныш ағай, өз сөзіңізде 2018 жылы Түркістанға үлкен мақсатпен келгеніңізді айтып, соңында бәрі мен ойлағандай болмады деп күрсіндіңіз. Сіздің ойыңыздағы жоспар қандай еді? Жалпы халықаралық шахматшы ретінде Түркістандағы шахматқа баға беріп көріңізші. Біздегі басты мәселе не және оны шешу жолдары бар ма?
2015 жылы қатты көңілім қалып Алматыдан оңтүстікке оралдым. Ол бөлек әңгіме, оның мына әңгімеге қатысы жоқ, сондықтан, айтудың қажеті шамалы. 2018 жылы Түркістанға ерекше статус берілгенде қатты қуанғандардың бірі мен едім. Ерекше толғаныспен, шабыт арқалап қара шаңыраққа келдім. Сол жылдары әкім болған Жансейіт Түймебаевпен арнайы жолыққанмын. Қанша тырыссам да жоспарымды іске асыру қолымнан келмей-ақ қойды. Сосын қолымды бір сілтеп, тәуелсіз болуға бекіндім. Түркістанда талантты, зерделі балалар өте көп. Оны қалалық, облыстық турнирлерге келген қатысушылардың көптігінен байқаймын. Әсіресе ауылдық жерден келген балалардың ойы жүйрік, жүрістері сұмдық. Оларды жақсылап демеп жіберсе, қалықтап ұшайын деп тұр. Мені қуантатыны, шахматқа деген махаббатымды одан сайын арттыратын да сол балалардың көптігі. Бірақ біз соны дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Егер «иә» дейтіндер болса, дәлелдеп берсін. Қане шахмат мектебі немесе ғимараты? Облыстағы талантты бүлдіршіндерге жағдай жасалған ба? Оларды тәрбиелеп отырған тренерлердің біліктілігі қай деңгейде? Шахмат чемпионатында Түркістан атын шығарған бала бар ма? Бар болса неге оларды біз көрмейміз, неге олар қоғам назарынан тыс қалды? Себебі Түркістанда шахмат ұйықтап қалған. Небір талантты балалар қаржы бөлінбегендіктен, әлемдік, азиялық чемпионаттарға бара алмай тұншығып жатыр. Бір рет талпынады, екі рет талпынады, сосын оның да жүйкесі шаршайды. Ата-анасы осының бәрін көріп ыңғайлы салаға қарай икемдеп жібереді. Ал шахмат ойнайтын 5 жасар бала мен шахмат ойнай алмайтын 5 бес жасар баланы көз алдыңызға елестетіңізші? Қандай сезімде отырсыз, ойша салыстыру мүмкін емес ия? Себебі олардың түйсігі өз қатарластарынан екі есе жылдам. Ол жылдам ойлануға автоматты түрде бейімделіп қалған. Енді сондай ерекше балалар қоғамдағы әділетсіздікті, кішігірім қателіктер мен кедергілерді сезбей қалады деп айта аламыз ба? Ойласаң жаның ауырады. Талантты іштей тұншықтырып, армандауға жүрексініп қалған талай шахматшы бүлдіршіндер облыста өте көп… Күресіп, доп ойнап медаль алған бала мен шахмат ойнап чемпион болған баланың қоғамдағы дәрежесі екі бөлек. Ал негізі о баста екеуі тең еді ғой? Сонда қай кезде біз тепе-теңдікті жоғалтып алдық? Оның тарихы тым алыста. Қаузай беріп ұтпайтынымыз анық. Сондықтан тығырықтан шығар жолды іздеуіміз керек. Шахматқа деген жалпыхалықтық идеологияны қайта қарап, жергілікті билік қолға алмаса болмайды. Футбол, волейбол секілді ойындарға қалай қаржы бөлінсе, шахматқа екі есе бөлінсін. Бұдан мемлекет пайда көрмесе, зиян шекпейтіні анық.
Енді қайтпек қажет, қалай күресеміз? Сіздің ойыңызша, зияткерлік сананы оятатындар бар ма?
Бар әрине. Соған әлі де сенемін. Жасым біразға келді, алайда мен елестеткен зияткерлік қоғам құрылған жоқ. Бір кездері үмітім үзілгендей болған, бірақ Президенттің биылғы жарлығы менің өшіп қалған үмітіме қайта қанат бітірді. Ол өз жолдауында шахматқа көңіл бөліп, дамыту қажеттігін айтты. Тіпті жол картасы негізіне де бекітіп қойды. Нағыз патшаларға тән жүріс жасады. Енді осы қарқынмен барлығын түзетуге, аяққа тұрғызуға әбден болады. Тек шахматшылар әсіресе аға буын өкілдері бірлесуі қажет. Ауылдақ жердегі балаларды іріктеп, лайықты жағдай жасалса. Шахмат насихатын көбейту, талантты балаларды әлемдік аренаға шығарып, басқаларға үлгі ету қажет. Егер осылай жүріс жасайтын болсақ жеңіске жететініміз анық. Ата-аналар мүмкіндігінше баласын шахматқа икемдесе деймін. Мейлі ол шахматшы болмай-ақ қойсын. Алайда, зеріккенде ермек етер ойынға айналса, зияткерлік қоғамның қалай құрылғанын байқамай қаласыз. Менің айтарым осы.
Сұқбаттасқаныңызға көп рақмет, зияткерлік салада еңбек етіп, әдемі жүріс жасаудың үлгісіне айнала алғаныңыз үшін алғыс білдіреміз.
ЕСКЕРТУ: Қуанышбек Джумадуллаевтың өтінішіне бей-жай қарай алмадық. Осы мақсатта, Түркістан облысының аппарат басшысы Еркеғали Амантайұлымен байланысқа шықтық. Себебі, жақында Президент бастамасымен елімізде шахматты дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Түркістанға «Шахмат керуені» келген болатын. Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оны басқару аппарат басшысына жүктелген еді. Еркеғали Амантайұлы шахмат жанашыры ретінде, мәселені толық тыңдап, Түркістан облысының спорт басқармасына арнайы тапсырма берді. Алайда, Қуанышбек Джумадуллаев осы уақытқа дейін жергілікті бөлімдерде тренер болып ресми түрде тіркелмегендіктен, заң аясында тікелей қаржы бөле алмайтын болды. Дегенмен Нұрисламмен бірге, Түркістан қаласының шахмат жаттықтырушысы Алима Пашанова баратын болып, арнайы қаржы бөлінетіні айтылды. Енді Қуанышбек Джумадуллаевқа демеуші болатын, зияткерлік ойынға көзқарасы ерекше кәсіпкерлерді оқырмандар арасынан іздеуге мәжбүрміз. Сіздердің араларыңызда қайырымды, пайымы жоғары, бұлақтың көзін аша алатын меценаттардың бар екеніне сенеміз!
Зияткерлік салаға бірге көңіл бөлейік!
Ғалия БИСЕЙІТ.