Түркістан қаласы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Тұрақты туризм тұжырымдамасы бойынша қонақжай үйлерді ашу және дамыту» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен тренингте білікті сарапшылар өңірдегі қонақжай үйлерінің өкілдеріне кеңестер берді. Атап айтқанда, қонақжай үйлерде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және туристерді қабылдау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәжірибе алмасты. Оның ішінде ауылда экотуризмді дамытудың артықшылықтары, ауыл туризміндегі кәсіпкерлік, қонақжай үйін ашу үшін не қажет, оның сапа стандарттары мен талаптары сөз болды. Қонақжай үйлерінің басшылары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Тренинг аясында «Қазақстан туристік ассоциациясының» сарапшылары 30 қазан – 2 қараша аралығында төрт күн бойы Түркістан қаласы мен Төлеби ауданындағы барлық қонақжай үйлерін аралады. Үш деңгей бойынша әрбір пунктке балл қойылып, санаттары анықталды. Соған сәйкес іс-шара барысында сертификаттар табысталды.
«Үздік қонақжай үйі» конкурсының нәтижелері анықталды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – қонақжай үйді сертификаттау және санатын анықтау, екінші кезең – «Мен туристті қалай қарсы аламын? Менің қонақжай үйімдегі туристтің ең жақсы күні» атты тақырыбында видео түсіру және көрсету талабы жүктелді. Үміктерлер өз қонақжай үйлерінің қызмет ерекшеліктерін таныстырды.
Нәтижесінде Төлеби ауданындағы «Сейітбек», «№1» және Түркістан қаласындағы «Ethno Hostel Turkistan» қонақжай үйлері жоғары балл жинап, көшбасшы атанды. Оларға өз бизнестерін ілгерілету үшін 300 мың теңгеден қаржылай марапат берілді.
«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директорының орынбасары Нұрхан Нұрланұлы, Орталық Азия индустриялық туризм қауымдастығының президенті (ITACA) Гүлмира Ахбердиева қонақжай үйлерінің өкілдеріне туризмді дамытуға қосып жатқан үлестері үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да түрлі қолдаулар жасалатынын атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысы — тарихи және мәдени мұраға бай, ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып табылады. Түркістан өңірінде туризмнің 3 бағыты айқындалған. Олар: тарихи-танымдық (зиярат), экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Облыс аумағында 1770 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. 72 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Қонақ үйлер, хостелдер, демалыс орындары, балалар лагерлерін қоса есептегенде, облыста 220 орналастыру орны келушілерге қызмет етеді.
2023 жылдың II тоқсан қорытындысы бойынша облыс аумағындағы орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 115 мыңнан астам адамды құрады. Биыл 9 айда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 566 мыңға жетсе, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 238 мыңнан асады.
Айта кетейік, Қазақстанда қонақ үйлер мен демалыс орындарының табысы 67% – ға өсті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 67% – ға көп.
Өткен жылы Қазақстандық қонақ үйлер, демалыс базалары, жатақханалар мен басқа да қонақтарды орналастыру орындары 183 млрд теңгеге жуық табыс тапты дейді Мәдениет және спорт министрлігі.
Қонақ орналастыру бойынша ең көп табыс Алматы қаласының кәсіпкерлеріне тиесілі. 2022 жылы олар 56,2 млрд теңгеге жуық табыс тапқан. Елордалық орналастыру орындарының табысы 35,2 млрд теңгеге жуықтайды.
Айта кетейік, көбінесе туристер Алматы, Шымкент, Астана қалаларында, сондай-ақ Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тоқтаған.
“Жалпы алғанда еліміздің барлық өңірлерінде табыс көлемінің өсімі тіркелді. Бүгінгі күні Мәдениет және спорт министрлігі туристік сала жобаларына кредит беру мерзімдерін, сондай-ақ берілген кредиттер бойынша субсидиялау лимитін ұлғайту мүмкіндігін пысықтап жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы туристік әлеуеті бар өңірлерде кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті арттыру үшін жасалып жатыр”, – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Еске сала кетсек, осыған дейін елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралы іске қосылған болатын. Олардың ішінде – туристік объектілерді салуға және қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған бизнестің шығындарын ішінара өтеу. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 7 заңнамалық норманың іске асуының нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Біріншіден, туристік нысандарды салу және реконструкциялау үшін кәсіпкерлік субъектісінің шығындарының 10% өтеледі. Екіншіден, бизнесменге жол бойындағы сервис нысандарын (қонақ үйлер, жаранмай құю бекеттері, сауда және тамақтану пунктері және т.б.) салу үшін де осы мөлшерде субсидия қарастырылған. Үшіншіден, 8 және одан да көп орындық туристік автобустарды сатып алғаны үшін 25% көлемінде өтемақы енгізілді. Төртіншіден, дәл осы мөлшерде тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықты сатып алу шығындары өтеледі. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау (айына 83 000 теңге) субсидияланады.
Түркістан облыс орталығы болғалы қарыштап бой көтерген құрылыстардың біршамасын қонақ үйлер құрайды. Бұл әрине, Түркістанға келетін туристер санының жыл сайын артып жатқанының айқын көрінісі. Осы себепті Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында, оның ішінде республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар қолға алынуда. Атап өтсек, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Яссауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін және қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары іске асырылуда. Нәтижесінде Түркістан қаласына келушілер саны одан да арта түспек. Шаһарда қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен қонақ үйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласында елімізде баламасы жоқ туристік-рекреациялық орталықтың салынғаны баршаға мәлім. «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға бағытталады. Түркістан қаласында бүгінде қонақ үйлер саны 55-ке жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға артып, жоғарғы санатты қонақ үйлер саны 10-нан асып отыр.
Айта кетерлік жәйт, Хазірет Сұлтан әуежайы ашылғалы туристердің келуіне өз септігін тигізуде. Қазіргі таңда, еліміздің он үш қаласынан бөлек Стамбул бағытында тұрақты рейстер қойылған. Оның ішінде 11 қалаға субсидияланған рейстер ашылған, яғни билет құны қолжетімді, 18 доллардан 60 долларға дейінгі аралықты құрайды. Бұл өз кезегінде туристік әлеуетті арттырып отырған жайы бар.
Жаңа Түркістанға жасалатын саяхаттар туроператорлар әзірлеген турпакеттер аясында жүзеге асырылуда. Бір күндік стандартты тур пакетінің құны 100 доллардан 150 долларға дейін, оған тамақтану, көлік, гид және компанияның маржасы кіреді. Бір күндік түнгі туристік пакеттердің тағы бір санаты бар, 20 мен 40 АҚШ долларын құрайтын оған көлік, нұсқаулық және компанияның маржасы кіреді. 6 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 25,7 миллиард теңгені құраған.
Мереке күндері қонақүйлердің нөмірлік қоры толықтай сатылады, 7 ай бойынша қонақүйлердің орташа жүктемесі 41 пайызға жетсе, республика бойынша орташа жылдық жүктеме 20 пайызды құрайды. Туристік сала кәсіпкерлерімен байланыс нығайып, туристік нысандарды әлеуметтік желілерде насихаттау күшейген. Алматы облысының «Лимон» туристік операторы бір-екі күндік шығу турын ұйымдастырып, аптасына екі рет 50 адамнан келіп тұратын көрінеді. Ал «Визит Түркістан» туроператоры наурыз және маусым айларында қала бойынша 400-ден астам экскурсия өткізген.
Сонымен қатар Түркістан қаласында ашылған, жалпы аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Түркістан қаласында «Президент» саябағы және тұңғыш рет жағажай ашылып, балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн.