ӘЗ-НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

328 көрілім

Тұран даласының тұмарына айналған киелі шаһардың қақ ортасында орналасқан Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы «Жаңа өмір, Жаңа күн» «Нұр-Наурыз, Наурыз-думан» атты мерекелік іс-шараны жоғары деңгейде атап өтті.

Думанды жиынға қаламыздың құрметті азаматтары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. Мерекелік шарада теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайұлы, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді.

Салтанатты шарада кітапхана қызметкерлері әннен шашу шашып, қонақжайлылық танытты. Айта кетелік, кітапхана қызметкерлері балиғат жасына келген қызды «оң босағаға отырғызу» ата-салтын әуенді көрініспен өрнектеп, ұмыт қалған дәстүрді жаңғыртты. Сондай-ақ «Бексұлтан» триосы «Жарапазан» әнін ұлттық аспап домбырамен сүйемелдей отырып орындады. Келген қонақтар ұйымдастыру алқасына өз алғыстарын білдіріп жылы лебіздерін жеткізді. ҚР білім беру ісінің құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім «Балаларымыздың рухы биіктеу үшін қызмет етіп жатқап сіздерге басымды иемін. Әз-Наурыз теңдесі жоқ мереке. Себебі, 62 жыл бойына бұл мереке елімізде тойланбады. Тек 1988 жылдан бастап тойланып, 1991 жылы заңға еніп қол қойылған болатын. Наурыз – береке бастауы, Әз-Наурыз құтты болсын!» деп ыстық ықыласты құттықтау сөзін жеткізді.

Наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып, шықылықтаса жақсы ырымға балаған деседі. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді. Осылайша сауысқанның әдемі үнін қосып, жыл көже-наурыз тағамын ортаға әкелді. Кітапханашылардың тағамды осылай ұсынуы жыл бойына береке несібеңіз мол болсын деген ниеті екен.

Келесі сөз кезегі «Құрмет» орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, Түркістан қаласының құрметті азаматы Баян Адырбек «Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына 5 жыл толса, сол 5 жылдың жемісі Фараб кітапханасы. Тәрбиелік мәні зор шараға қатысқаныма дән ризамын. Қазақта айтады екен дүниені бөліссең азаяды, білімді бөліссең көбейеді деп. Сол білімімізді шыңдай түсетін, кітаппен дос қылатын, өрісімізді кеңейтіп, жаңартатын кітапханаларыңыз өркендей берсін» деп кітапхана жұмысына алғысын білдірді.

Сонымен қатар, «Сауран» газетінің редакторы Ләззат Сарыбаева, «Оңтүстік фильм» мекемесінің басшысы Нарикова Райхан айтулы мерекемен барша жиналған қауымды құттықтап, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. Думанды мерекенің соңында Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова келген қонақтарға өз ризашылығын білдіріп, Наурыз мейрамымен құттықтай отырып мерекелік шараны қорытындылады.

Ұлыстың ұлы күні осылайша кітапхана төрінде, кең көлемде аталып өтті.

Жазира ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ,

ХҚТУ-дің 4 курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы