САУРАН АУДАНЫ ҰЛЫС КҮНІН АТАП ӨТТІ

490 көрілім

Сан қырлы Сауран ауданында «Ежелгі Саурандағы әз-Наурыз» мейрамы атап өтілді. Жас та, жасамыс та жадыраңқы жүзбен, жарқын көңілмен қарсы алған бұл мейрамның ерекшелігі де аз емес. «Ауданымыз қайта құрылып, Наурызымыз қайта оралды»-деп бір-бірімен көрісіп жатқан жұртшылықтың шат-шадыман көңілінен бұл мейрамның саурандықтар үшін қаншалықы маңызды екенін аңғару қиын емес. Себебі, биыл мерекелік жиын Сауран ауданының орталығындағы жаңа іскерлік алаңда тойланды.

Мұнда салынып жатқан жаңа ғимараттар мен елеулі жұмыстарға келушілер де оң бағасын бергенін байқадық. Татулық пен меймандостықты ту еткен мейрам Сауран ауданының әкімі Үсенбаев Ғалымжан Қарабайұлының аудан тұрғындарын Ұлыс күнімен құттықтауымен басталды.

– Ардақты ағайын! Сауранда биыл алғаш рет кең көлемде Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Сауранның тарихта даңқы асқақ. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ауданымыз мәдениет пен өркениеттің ордасы. Сол үрдісті біз де жалғастыра отырып, Сауран ауданын мәдени-тарихи орталыққа айналдыруды қолға аламыз. Ол үшін елдің ынтымағы мен бірлігі маңызды. Өздеріңіз көріп тұрғандай бүгінгі мерекені жаңа салынып жатқан әкімшілік ғимаратының алдында тойлап жатырмыз. Бұл жаңарудың бастамасы. Ауданды гүлдендіру әрбір тұрғынның басты міндеті болуы тиіс. Құрметті аудан тұрғындары! Ұлыстың ұлы күнінде адамзаттың бойына қан жүгiрiп, сайын даламызды Қызыр баба кезiп, бақ-дәулет сыйласын. Еліміздің елдігі мен бірлігі, татулығы, ырыс-ынтымағы мен береке-бірлігі артып, тыныштық пен молшылыққа кенеле берейік! Әз-Наурыз – құт-берекесімен келсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді Ғалымжан Қарабайұлы.

Мерекелік іс-шара барысында аудан басшысы Ғалымжан Қарабайұлы ауданға қызмет етіп жүрген бірнеше азаматтарды «Ауданның үздігі» аталымындағы номинациялармен марапаттады. Атап айтсақ, аудан көлемінде үздік челлендж ұйымдастырушы – Майдантал ауылдық округі, үздік ауыл әкімі – Жандос Досболов, үздік ең жас марафоншы – Әлиасқар Іляс, үздік жасы үлкен марафоншы –Нұрахан Утепбергенов, ауданның үздік спорт жанкүйері – Бибисара Оразбекова, ауданның үздік спортшысы – Кемелбек Мейірбекұлы, Қалмырза Ердаулет, ауданның үздік спорт жаттықтырушысы – Ерген Ыбырайұлы, ауданның үздік қоғам белсендісі – Гүлнара Ибадуллаева, ауданның үздік мемлекет қызметкері – Сағыныш Исаева, ауданның үздік мәдениет қызметкері – Сымбат Бақытқызы, ауданның үздік мәдениет қызметкері – Сайлаухан Жоланов, ауданның үздік дәрігері –Замира Сайдазимова, ауданның үздік тәртіп сақшысы –Айдос Алпысбай, ауданның үздік өрт сөндірушісі – Қуаныш Абдраман, ауданның үздік ұстазы – Ақмарал Батырбекова, ауданның үздік ветеринары – Нұрлан Шынжырбаев, ауданның үздік бишілері – «Көзмоншақ» би тобы болды. Сонымен қатар, Сәкен Әуесбеков пен Еркін Асановқа құттықтау грамотасы табысталды. Сән-салтанаты асқан Саурандағы наурыз тойы барысында арнайы ұйымдастырылған көрме, ұлттық тағамдар арасынан да үздіктер табылып, марапатқа ие болды. Биыл Сауран ауданының үздік көрме иесі – «Жеті Қазына» атанса, ауданның үздік ұлттық тағам әзірлеушісі – Адами әлеуетті дамыту бөлімі, ауданның үздік киіз үйі – Сауран аудандық емханасы, ең әдемі ұлттық киім иесі – Ақназ Орынтайға бұйырды. Ал ауданның үздік ерекше тағам иесі аталымын Гүлназ Бөрібаева олжалады.

Салтанатты мейрамда Сауран ауданына қарасты ауылдардан ұлттық нақышта өрнектелген 12 қанатты екі үй, 8 қанатты алты үй, 6 қанатты екі киіз үйлер тігіліп, түрлі ұлттық тағамдардан ақ дастархан жайылып, жиынға келушілерге дәм ұсынылды. Киіз үйге бас сұққан әрбір қонаққа атаудың мағынасы кеңінен түсіндірілді. Атап айтсақ, «Ұлы Жібек жолы», «Сауран аудандық емханасы», «Бабалар аманаты», «Тарихи өлке», «Ақ орда», «Алаш жолы», «Ынтымағы жарасқан ауыл – Бабайқорған», «Жаңа Иқан», «Ежелгі Сауран», «Оранғай, Үшқайық, Яссы» атауымен тігілген киіз үйлер қонақтарға ақ дастарханмен қоса, дәстүрлі ән мен күмбірлі күйден де шашу шашты.

Бұдан бөлек наурыз мейрамының мәнін ашатын қойылымдар сахналанып, әуезді ән шырқалып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйланды. Ақжарма тілектер ағылған күнде сахнадан Қыдыр ата көпшілікке бата берді:

Тіршіліктің тынысын,

Түлеткен әз-Наурызда

Бата тіледім көктен:

Уа, Жаратқан!

Еліме береке, ырыс бере гөр!

Ақ мол болсын,

Түлік толы төл болсын!

Төрт құбылаң тең болсын!

Диханшылық жемісті,

Шаруашылық өрісті болсын!

Ұлың ұлықты,

Қызың қылықты болсын!

Қазақ елі шарықтап,

Түркістаннан құт дарып,

Нәубәт біткен алыстай берсін,

Жаңа Сауран қарыштай берсін! – деді Қыдыр ата.

Құт-берекеге бағытталған игі іс-шарада балаларға арналған ойын алаңшалары қойылып, бүлдіршіндер шаттыққа бөленді. Мазмұнды мейрамның мәртебесін арттырып, сан ғасырлық тарихы бар Сауранның өткенінен сыр шертетін тарихи-мәдени мұралар да көпшілік назарына ұсынылды. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, мейрамның көркін қыздырды. Әртүрлі салмақта белдескен балуандар қазақ күресі бойынша өзара мықтыны анықтады. Күн мен түн теңеліп, табиғаттың жаңа сипат алатын ерекше күнде саурандықтар береке мен бірліктің үлгісін көрсетті деуге болады.

Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, ақ жаулықты аналар ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртты. Наурыз мерекесі жылдан жылға жаңара бермек. Ұлттық құндылығымыздың айнасы іспетті бұл мереке өміршеңдігімен де құнды екені рас. Қазақпен бірге жасайтын, жылдан жылға түрленіп, ажарланып, халықтың ұлы мұрасына айналған бұл қуаныштың тарихи маңызы зор. Биылғы наурыз Сауран секілді тарихи өлке тұрғындарының басын қосты. Елді бірлік пен берекеге, тұтастық пен татулыққа үгіттеп, меймандостыққа бағыттады. Тәуелсіздіктің, бейбітшіліктің құнын арттырды. Түркі жұртына ортақ мереке ежелгі Сауранда осылай тойланды.

Л.САРЫБАЕВА,

Д.ТІЛЕУХАН,

А.ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы