Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы киелі шаһар төріндегі этноауылда жалғасын тапты. Түркістандықтар мен қала қонақтарына этно фестиваль ұйымдастырылып, байырғы замандарға саяхат жасалды. Дәлірек айтсақ, шығыс базары мен қолөнер шеберлері көшесі, көшпенділер ауылы мен хан ордасы, сарбаздар ауылы секілді тарихи ескерткіштер шоғырланған мекен келушілерге ерекше эстетикалық әсер сыйлады. Бұл фестивальдің ерекшелігі ұлттық мәдениет пен туысқан халықтардың салт-дәстүрлерін арқау етуінде.

Айта кетейік, ұлттық мәдени кешенге келуші жұртшылық қазақтың бай тарихымен, дәстүрімен танысып қана қоймай, көшпенді өркениетінің көркем көріністерін тамашалай алады. Күн мен түн теңелетін табиғаттың тылсым күнінде қонақтарға мерекелік дастарханнан дәм ұсынылып, наурызкөже үлестірілді. Оған қоса кимешекті әжелер әсем әндер шырқап, киіз үйлерде қазақтың ұмыт болған әдеп-ғұрыптарын таныстырды.

Ұлттық мәдени кешен аумағында тазы, қыран бүркіт, садақшылар мен батырларды да кездестіруге болады. От шашу мен акробаттардың өнері де көпшілік көңілін көтерді. Этноауыл сахнасында «Тұмар», «Бисұлтан», «Атамекен», «Түркістан» секілді этно-фольклорлық ансамбльдерінің үздіксіз орындаған дәстүрлі ән-билері де мейрамның көркін қыздырды десек болады.

Сонымен қатар, аталған фестиваль соңы ұлттық ойындардан құралған жарысқа ұласпақ. Мұнда қонақтар арасынан гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, асық ату секілді бірнеше ойындардан жеңімпаздар анықталып, жүлдегерлерге сыйлықтар табысталатын болады.
Дәурен ТІЛЕУХАН.