МЕКТЕП ФОРМАСЫ ӘР ОҚУ МЕКЕМЕСІ ҮШІН ДЕРБЕС БОЛҒАНЫ ДҰРЫС ПА?

3  871 көрілім

Жазғы демалыс аяқталып, балалардың мектепке баратын күні де келіп жетті. Иә, тағы бір жаңа оқу жылы басталды. Оқушысы бар әрбір ата-ана балаларымен бірге дайындықты бастап та кетті. Дәл қазіргі таңда қаладағы сауда нүктелерін араласаңыз баласына мектепке киім іздеп, сеңдей соғылысқан ата-ананы көзіңіз шалады. Адамдардың қарасы әсіресе орталық базардың маңайында көп. Себебі түсінікті де, мектеп формасына қолжетімді баға осы жерде. Ал ірі сауда орталықтары мен арнайы киім дүкендеріндегі баға қарапайым халықтың қалтасына біраз салмақ түсірері анық.

Тарих тереңіне бойласақ, алғаш рет мектепте тәлім алатын ұл қыздардың оқушы екенін білдіретін киім үлгісі 1918 жылы қолға алынғанын білеміз. Тіпті, 20-жылдары арнайы бекітілген мектеп формасын кию қатаң талап етілді. Біз де сол мектеп формасын киген буынбыз. Содан да болар, қазіргі жас буынның да біркелкі мектеп формасын кигенін қалаймыз. Қоңыр түсті көйлек киіп, сыртынан ақ фартукты тағатынбыз. Сондай жарасымды көрінетін. Иә, қыздардың бәрі біркелкі киінсе, ұлдар жағы да әппақ жейделері мен қара шалбарларын киіп келетін. Қыздар жағы шашына тек қана ақ бантик тағатын. Сонан соң ешбір оқушы қызға шашына жылтырақ (қазіргі тілмен айтқанда заколка) тағуға болмайтын.

Мектеп жасына қарай оқушылардың мәртебесін киім үлгісіне қарап білуге болатын. Кеудесіне қызыл жұлдыз тағынып, мойнына қызыл галстук байлайтын күнге жеткен балалар өзін ересек адамдай сезініп, үлкендерге қолқанат болғанына мақтанатын. Қоңыр түсті көйлектің жағасы мен жеңін әдемі ақ түсті тормен қаптап, алдына ақ фартук байлайтын оқушы қыздың киім үлгісі қазірге дейін тартымдылығын жоғалтпаған. Мұны 11-сынып оқушыларының біразы соңғы қоңырауға арнайы тіктіріп киетін салтынан байқауға болады.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де мектеп оқушыларының киім үлгісі бірнеше рет өзгерді. Жалпы, оқушының киімі қанша өзгерсе де, қыз балалардың ақ бантик тағу тәртібі сол қалпында келеді. Иә, мектеп формасы – бұл тек оқушының талапқа сай киетін киім үлгісі ғана емес, балалық шақтың тәтті естеліктері, мөлдір келбетінің әдемі жиынтығы іспетті.

Осы орайда біз мектепте ұл-қыздары оқитын ата-аналарды әңгімеге тарттық.

Зухра МИРАЛИЕВА , қала тұрғыны: –Үлкен ұлым мен қызым мектеп бітіріп, жоғары оқу орнында оқиды. Мектепте 2 сыныпқа баратын ұлыма тек күзгі мектеп формаларын алуға 25 мың теңге қаржы жұмсадым. Енді, сөмке мен спорттық киімдерді, оқу құралдарын алуым керек. Мен анау-мынау дүкендерден емес, базардан ең арзанын алдым. Базар бағасының өзі шарықтап тұр. Отбасында отағасының ғана жұмысы бар. Сонда көп балалы отбасылардың балалары қайтпек?

Бәріне ортақ, жалпы үлгідегі мектеп формалары отандық өндіріс орындарында дайындалып, жалпыкөпшілікке қолжетімді, базарларда саудаға шығарылса, қарапайым жұрт сол жерден алар еді.

Нұрайлым КЕМЕЛЕНОВА, ата-ана: – Мен үй шаруасында отырған анамын, 7 немерем бар. Жыл сайын мектеп формасын сатып алып береміз. Қазіргі киімдердің сапасы нашар, келесі жылға жарамайды. Үш немерем Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектепте оқиды. Олардың мектеп формасын алуға 120 мың теңге, яғни, әрбір немеремнің киіміне 40 мың теңгеден жұмсадым. Бізге мектеп формасы сатылып жатқан арнайы орыннан (бұрынғы бассейннің орнына салынған) алыңыздар,- деп айтқан еді мектеп тарапынан. Алайда, бұл жердегі бағалар көңіліме қонбады. Өте қымбат.

Әр мектептің киім үлгісі әртүрлі. Мен немерелеріме сұр түсті мектеп формасын алуым керек. Содан, барлық киімдерін базардан іздеп жүріп, алдым. Үш немеремнің мектепке қажетті оқу-құралдарының өзі 30 мың теңге болды. Пән дәптерлерін сатып алғаным жоқ. Оның өзі де әжептәуір қаржы болайын деп тұр. Ал, кітапты мектеп беретін шығар деп отырмын.

Иә, бірсыпыра киімдерін ғана алдық. Мектеп оқушысы болғаннан кейін былғанып қалуы мүмкін. Сондықтан, ауыстырып киетін киімдерін алдағы уақытта киім бағалары түскен кезде алып беремін. Құзырлы мекемелер мектеп формасын әр мектеп бойынша емес, Қазақстан бойынша бірыңғай етіп, барлық сауда нүктелерінде бірыңғай бағамен шығаруды қолға алса құба-құп болар еді.

Сауле, қала тұрғыны: – Мен қызымды Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің ұзартылған тобына жаздыру үшін барғанымда апайлар мектеп формасын алуым керектігін айтты. Содан қызыма форма іздестірдім. Нақтырақ айтсам, жакетін 4000 мың теңгеге, юбкасын 5500 теңгеге сатып алдым. Арада 1 ай өткен соң ата-аналардың әлеуметтік желіде мектеп формалардың бағасы туралы жазғанын оқып, қымбаттағанына көзім жетті. Әрқайсысына 1000 теңгеден қосылған. Кәсіпкерлер ата-аналардың қалтасын қағып, аяқ астынан тез байығысы келген шығар. Бұл әрекеттерін ұят деп санаймын.

Мектеп формасы республика көлемінде біркелкі болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Асан ТЕЛҚОЖАЕВ, қалалық білім бөлімінің АӘД және дене шынықтыру пәнінің әдіскері: -Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты 35 жалпы орта мектептердегі 39052 оқушы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы “Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы” №26 бұйрығын қатаң орындауда.

2018-2019 оқу жылының соңында барлық мектептерде ата-аналармен жиналыс өткізіліп, жаңа оқу жылына оқушылардың мектеп формасымен келуі түсіндірілді.

Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.

Мектеп формасы туралы арнайы іс-шара түзілген, оқушылардың киім үлгісі бойынша мектептерде стендтер ілінген. Түркістан қаласындағы мектептердің басым көпшілігінде мектеп формасы көк түсті костюм шалбар, көк түсті жейде, юбка, ал ІТ мектеп-лицейлері НЗМ ұлдар мен қыздарға сұр түсті жейде, шалбар, юбка сияқты форма үлгілеріне көшкен.

Білім беру ошақтарында оқушы киім үлгісі үнемі қадағалануда. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және оны жетілдіру бойынша ұсыныс енгізеді, оны кез келген сауда желісінен сатып ала алады. Қалалық білім бөлімі ата-аналарға мектептегі бірыңғай киімді формасын отандық мектеп формасын шығаратын өндірушілерден сатып алуды ұсынады. Түркістан қаласында ЖШС “Иманжанов” және “Хваева” кәсіпкерлерімен мектеп директорлары мектеп формасы бойынша меморан-думға отырған. Білім бөлімі ұйымдары-ның басшыларына мектеп формасына қойылатын талаптардың орындалуын бақылау жүктелген. Ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді. Дегенмен аз қамтылған отбасының балаларына, жетім және қорғаншылықтағы балаларға жалпыға бірдей білім беру қорынан қаржы бөлініп, мектепке баруға көмектесеміз. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акция барысында да демеушілердің көмегімен бұл мәселені шешіп келеміз.

«Айта-айта Алтайды Жамал апай қартайды» дегендей, жыл сайын мектеп формасы туралы баспасөз беттерінде аз айтылып жатқан жоқ. Жалпы халықтың көкейінде «республика, ең болмаса облыс оқушылары бірыңғай мектеп формасын кисе» деген түпкі армандары бар екенін байқадық. Осы мәселе жыл сайын ата-аналар тарапынан айтылып қалып жататынын естиміз.

Бүгінде қала мектептеріндегі киім үлгісі әр мектепте әртүрлі. Бұл мектеп үшін жақсы болғанымен, оқушы басқа мектепке ауысқан кезде тағы да сол мектептің формасын алуға тура келеді. Ата-ана сол үшін қалтасын жұқартады. Оның үстіне, бір қалада тұрып жатқан оқушылардың сантүрлі киім үлгісінде кетіп бара жатқандары оларды бір-бірінен алшақтатып жатқандай ой қалыптасады. Өйткені, олардың киім үлгісіне қарап-ақ, «пәлен мектептің оқушысы» деп айтып жатқан сөздер дәлел.

Айтпақшы, Алматы облысында 2016 жылдан бастап тәжірибе ретінде ата аналармен келісіп, барлық білім ордасына бірыңғай мектеп формасын киюге міндеттелінді. Осындай жүйені біздің жаңа облыс орталығында неге қолға алмасқа?

Ендеше, барлық мектепке ортақ бірыңғай мектеп формасын енгізетін уақыт келді деп ойлаймыз. Алдағы уақытта біз көтерген мәселе қолға алынып жатса нұр үстіне нұр болмақ.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы