- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Биыл Жастар жылында көптеген жағымды жаңалықтар болуда. Атап айтсақ, жақында республикалық тамыз конференциясына алғаш рет Мемлекет басшысы қатысқаны осы сөзіміздің дәлелі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы дамуының негізгі бағыттарын атап, 2025 жылға дейінгі «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» дайындауды тапсырды. Сондай-ақ, бірінші мәселе, білім сапасын көтеру, екінші мәселе, тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі, – деп айтқан болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жалпы орта білім берудің жаңа даму стратегиясын жасауды тапсырды.
Осы білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістер мен өзекті мәселелерді, оның шешу жолдарын қарап, тәрбие мен білім сапасын көтеру сияқты басты міндеттерді талқылау мақсатында қалалық мәдениет үйінде Түркістан қаласындағы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

«Білім және ғылым» тақырыбындағы тамыз конференциясына қала әкімі Р.Аюпов, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, білім ұйымдарының басшылары, білім саласы қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, кәсіподақ комитетінің төрағалары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Тамыз кеңесіне қатысушылар үшін арнайы көрме ұйымдастырылды.

Алдымен, LED-экранда қаланың білім саласында 2018-2019 оқу жылында атқарылған жұмыстары туралы бейнеролик көрсетілді. Түркістан қаласы білім бөлімі басшысының баяндамасы қағаз жүзінде оқылмай, бейнероликте көрсетілгенінің өзі жаңашылдықты байқатқандай. Жыл бойы атқарылған шараларды қамтыған бейнефильмді тамашалаған кеңеске қатысушылар да білім бөлімінің атқарған жұмыстарына өз бағаларын берді.

Бұдан кейін, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев «Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту» тақырыбында, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғам филиалының директоры Лаура Искакова «Педагогтардың кәсіби өсуі – білім беру сапасын көтерудің басты шарты» тақырыбында, педагогикалық шеберлік орталығының тренері Абай Қалшабек «Адами капитал – білім экономикасын дамыту негізі» тақырыбында, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, Абайтанушы Омар Жалел «Ұлттық білім беру концепциясы және Абай» тақырыбында, Рефрейм тұлғаны дамыту психологиялық орталығының директоры Гүлжан Ералықызы «Оқушылармен жұмыс жасаудағы психологияның жаңа бағыттары» тақырыбында баяндама жасап, білім сапасын жоғары деңгейге көтеру жағдайындағы өзекті ойларын ортаға салды.
Қала әкімі Рашид Аюпов ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, білім саласының бүгінгі жағдайына тоқталды. Қазақстандық білім мен ғылымды әлем елдеріндегі жағдаймен салыстыра отырып, шетелден үлгі алар тұстарды атап өтті. Мұғалімдердің мәртебесін арттыру жағын да назардан тыс қалдырмады.
Жиын барысында білім көшін алға жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, бірқатар ардагер ұстаздарға гүл шоқтары мен сый-сияпаттар тапсырылды. Қала әкімі Р.Аюпов ерен еңбегімен көзге түскен ұлағатты ұстаздарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгісін тапсырды. Сонымен қатар, үздік педагогтарға қала әкімінің «Құрмет грамоталары» мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының «Құрмет грамоталары» табыс етілді.
Жиын соңында мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Иә, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді талқылауға мол мүмкіндік берген алқалы жиында білім сапасын көтеру, қоғамдағы мұғалім мәртебесін айқындау, адамзат алдында тұрған жаһандық мәселелер қозғалды. Білім беру жүйесіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың жалпы бағдары, оны жетілдірудегі мақсат-міндеттер айқындалды.
Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.