КӨРІНБЕЙТІН ЖАУДЫ КӨРІНБЕЙ ҚҰРТАЙЫҚ

538 көрілім

Коронавирус – көрінбейтін жау болды ғой. Көрінбей қырып бара жатқан жаумен біз де көрінбей сыртқа шықпай-ақ тұншықтырып өлтірмесек, басқа көрініп тұрған амал жоқ әзірге.

Табылды деген дәрумендердің түрлері де табылар, тәжірибе жасар-ау, бірақ қашан?

Керемет дәрумендер табылған күнде де базарлардың саудасына тәуелділік болады. Мейлі болсыншы. Күтіп отырып, адамдардан айрыла береміз бе?

Бірақ амалды Үкімет сағат сайын қайталап айтып жатыр. «Зәруліксіз шықпа сыртқа» деп. Қыдыруды, жиын жасауды доғара тұрайық. Бірақ, көбіміз тыңдамаймыз. Бұрынғыдай базарларды, дүкендерді тәулік бойы ашып қою қалды. Амалсыз бәрі де шектеулі. Бұл олардың иелеріне де оңай ма?

Азық-түлік те, дәрі-дәрмек те қымбаттауда. Төтеннен келген бұл «жауға» батырлық, байлық, мансап қарсы тұра алмайды. Мұны түсінуіміз керек. Туыстарымызға, таныстарымызға түсіндіруіміз керек. Ашаршылықты да көрген, қырылған ата-бабаларымыз. Беті аулақ. Азық-түліктен тарықпаймыз деп, Президентіміз көпшілікке жариялап отыр. Сауда жасайтын орындарда бақылау, ескерту ашық, жариялы түрде болып жатқан жоқ.

Санэпидемия мекемелері жабылып қалған ба, ақ халатты қызметкерлері ертеде өзі жүріп жұмыс істейтін. Дүкен, базар, асхана ғана емес, тіпті ауруханалардың ішкі тазалығына, асханасына, тіпті дәретханасына дейін тексеруші еді. Сол бар ма қазір?

Амандық болса, құрылыс та бітер, жаңа сарайлар да бітер. Бірақ, бірінші кезекте жүрген, тұрған, отырған жеріңнің тазалығына мән бермесек сәнің мен қызықшылығың адамдардың денсаулығына арқау бола ала ма? Сақ болғанды сақтайды. Ақ халатты абзал жандарға Алла қуат берсін!

Нұрмахан НАЗАРОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы