ЖОЛ САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

1  078 көрілім

Жол сапасы әрқашан басты назарда болып келген. Облыс орталығындағы қыруар құрылыс жұмыстарының бірі болып табылатын жолдың сапасы жайлы сұрақтар төңірегінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбековпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қала бойынша биыл қанша жол асфальттанады? Нақты қай аумақта, қай көшелер?

– 2020 жылғы жоспар бойынша қала аумағында 106,3 шақырымды құрайтын 81 көшеге орташа жөндеу және 7,8 шақырымды құрайтын 2 көшеде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қаламыздың инфрақұрылым жүйесі толық аяқталған «Отырар» ықшамауданында жүргізілуде.

– Қалада салынып жатқан жолдардың сапасы қай деңгейде?

– Жалпы қала аумағында күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының барысында салынып жатқан жолдардың сапасы жақсы деңгейде деп айта аламыз. Жол жөндеу жұмыстарының барысында орындалып жатқан жұмыстар, бірінші кезекте әкімдік мамандарының жіті қадағалауында. Тиісінше барлық нысандарда техникалық қадағалаушы мекемелер бар. Техникалық қадағалаушылар тарапынан, орындалған әрбір жұмыс түріне зертханалық сынақтамалар жүргізіліп, сапасы тексеріледі.

Сонымен қатар, салынған жолдардың сапасын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің Түркістан облысы республикалық мемлекеттік «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» кәсіпорны мекемесі тарапынан тексеріледі.

– Қандай құрылыс компаниялары бүгінде жұмыс атқарып жатыр?

– Бүгінгі таңда облыс орталығы Түркістан қаласында өз жұмысын жақсы дәрежеде орындайтын, жол саласында жұмыс тәжірибесі жеткілікті 9 мердігер мекемелер жұмыс атқаруда. Оларға тоқтала кететін болсақ: «Береке «Корпорация-А» ЖШС, «Отау-Строй» ЖШС, «ЮГДорстрой» ЖШС, «TEKTRONYK» ЖШС, «СТ-Сервис» ЖШС, «Баянды-Құрылыс» ЖШС, «Нұр-Строй» ЖШС, «Ақ-Жол» ЖШС.

– Карантин кезінде жұмысқа кедергі болған тұстар болды ма?

– Алғаш карантин режимі енгізілген уақытта бірқатар қиындықтар туындаған болатын. Яғни, құрылыс материалдарын жеткізу, құрылыс техникаларының қала аумағына кіріп-шығуы және т.б. Алайда, бұл қиындықтарды алдын-алу жұмыстарын жүргізудің арқасында ұзақ уақыт өтпей-ақ келеңсіздіктерді ретке келтірдік.

– Ескі шаһар деп аталатын вокзал мен базар айналасындағы көшелерге қашан асфальт төселеді? Тұрғындардан түсетін сұрақтар осы төңіректе.

– Ескі шаһар деп аталатын вокзал және базар аумағындағы басты жолдарды кесіп жатқан көшелерге 2019 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ал, алдағы уақытта ол аумақта орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмеген көшелерде толықтай инфрақұрылым жүйесі аяқталғаннан кейін, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Рузиахун МАДАЛИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы