ТОТЫДАЙ ТАРАНҒАН ТҮРКІСТАН

1  035 көрілім

Сонымен қасиетті шаһар көпшіліктің көмегімен алып құрылыс алаңына айналып кетті. Айталық, «Түркістанжолқұрылысмонтаж» АҚ-ның еңбегі орасан зор болды. Э.Сүлейманов басқаратын бұл ұжымның құрылысшылары аспалы көпір, көптеген тұрғын үйлер салып, канализацияны бітіруге белсене атсалысты. Жоғарғы класты кәсіпқойлар коттедждерді, сувенирлер сауда қатары мен гүл базарларын халық игілігіне ұсынды. Сондай-ақ, «Жолаушы» ЖШС (президенті Р.Тәңірбергенов) ұжымының да той қарсаңындағы және тойдағы қызметі өлшеусіз болды. Олар өз қызметімен бірге қоғамдық-қайырымдылық қорына 100 мың теңге аударды. Ал, Р.Тәңірбергеновтің өзі жеке қаржысына той қарсаңында «Саяхат» жаңа автовокзалын салды. Құрылыс нысандарына плиталары, темір-бетон бұйымдары пайдаланылған қаладағы құрылыс бөлшектері мен бұйымдары комбинатының бастығы Ш.Бекеевтің тойға қосқан үлесі қомақты болды. О.Жарылқапов көшесін тегін асфальттап, 200 шаршы метр жерге шым төсеп берген де осылар еді. Сонымен бірге «Парыз» қорына 200 мың теңгенің құрылыс заттарымен көмектесті. Құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде өзіміздің рудасыз материалдар комбинатының бастығы сол кезде Ә.Өсербаев ерекше танылды. Арнайы өткізілген тендерде жеңімпаз болған жол және құрылыс мекемелерінің арасында түркістандық мекемелердің үлес салмағы аз болған жоқ. Ал, негізгі жұмыстардың барлығында жергілікті азаматтар еңбек етті десек артық айтқандық емес. Қаншама адам тротуарға плита төсеуге жұмылдырылды десеңізші! Той қарсаңында көптеген тұрғын жұмыспен қамтылды. Жолдарды асфальттау ісіне басқа қалалардан келгендер мен қатар, «Тас жол» ЖШС-де атсалысты. «Шорнақ» ӨК, «Наурыз» ЖШС, «Ақжол» фирмасы, «КТМ-21», «Түркістан насос», «Гипс-бетон» зауыттары және басқа да жергілікті мекемелер қыруар істер атқарды. Мектеп оқушылары, студент-тер қаланың тазалығын сақтауда, шым төсеуде ұйымшылдық танытты. Осындай қарбалас та қауырт іс қарттарымыздың еңсесін көтеріп, елді еңбекке жұмылдыруға ұйытқы болды.

2000 жылы 13 қыркүйекте той қарсаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Даниял Ахметов мерейтойға әзірлік барысын көру үшін жұмыс сапарымен Түркістанға келді. Д.Ахметов қаланың тойға арналған құрылыс нысандарын аралады. Көптен шешімі күрделі болып келген 13,5 шақырымдық айналма жолға 300 млн. теңге қаржы бөлінгендігін айтты. Сондай-ақ, ол туристерге қызмет ететін қалаға кіреберіс кешенді, «Достық» каналын, Қ.А.Ясауи кесенесінің маңындағы құрылыстарды, этносквер, кіші Арбат, қонақ үйлер, теміржол вокзалы, аспа көпір құрылыстары мен «Асанбай» базар кешенінде болып, өзінің осыдан 5 ай бұрын келгендегісінен қаланың бейнесі қатты өзгеріп, қыруар жұмыстар атқарылғанына үлкен ризашылығын білдірді. ХҚТУ-нің Мәдениет орталығында болған баспасөз конференциясын ашқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев тойға әзірлік жұмыстарының барысы 90 пайыздық деңгейде екенін айта келіп, жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанына, қаржыландыру мәселелеріне тоқталды және Түркістан той қонақтарын қабылдауға әзір екендігін хабарлады.

Жол және мәдени бағдарлама жайлы хабарламалар тыңдай келіп, Д.Ахметов тойға Үкімет тарапынан 1,5 млрд. теңге қаржы бөлінгендігін хабарлап, тұтастай алғанда жұмыстар жоспарға сай жүргізілуі толық қолдауға лайықтығын, облыс және қала әкімдерінің табандылық танытып, атқарған жұмыстарына жоғары баға беріп, қаланы көркейту жұмыстары тойдан кейін де жалғаса беретінін жеткізді.

«Қаржы болмаса, қайдан іс оңсын!» дегендер гүл жайнаған, көркейген қаламызға тамсана қарады. Олар мәселе тек қаржыда ғана емес, ықылас-ынтада, істің көзін таба білуде екеніне түсіне бастады. Қаланың шығыстағы қақпасынан кіреберістен басталған реттілік, көркемдік, кесенеде, оның айналасында, этногүлзарда, кіші Арбатта, Есім хан алаңында ерекше шырайымен көрік беріп, түркістандықтардың мақтанышын арттыра түсетіндей күйге жетті. Жаңарған Тәуке хан даңғылымен зырлай отырып, теміржол вокзалына бара қалсаңыз да көңіліңіз сүйсіне толқыды.

Сол кездерде көрші Жаңақорғаннан келген қария «Апырмай, бұрын жиі көріп жүрген Түркістанымызды танымай қалдық қой. Қысқа мерзімде қалай өзгеріп кеткен?!» деп таңырқаған болатын. Мұндай сөздерді түркістандықтар той кезінде де талай адамдардың аузынан естіді. Мұның бәрі құрылысшылардың уақытпен санаспай, тіпті қыс айларында да жұмысты тоқтатпай тер төгуінің арқасында болған нәтиже еді. Бұл кезде гүлзарда Абылай хан бабамыз қолына қамшысын ұстап, Есім хан алаңының екі жағындағы зәулім екі қонақ үйге, субұрқақтарға ойлана қарап тұрғандай көрінетін еді. Сонымен бірге ұзындығы 13 шақырымдық айналма жол да қыруар күш-жігердің арқасында пайдалануға берілді. Сол жылдары қалада экономикалық тығырықтан шығу, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында 2 жылға арналған бағдарлама жасалды. Халықтық бизнес орталығын құру, ауыл экономикасын көтеруге, ауыл, қала адамдарын жұмыспен қамтуға ықпал ете бастады. Бірқатар кәсіпорындар той қарсаңында іске қосылды.

Мерейтойға дейін Елбасының тапсыруымен Түркістан топырағына Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, вице-премьер Д.Ахметов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ж.Тұяқбай тағы басқа ресми азаматтар қаланың тойға әзірлігін көріп, қадағалап отырды. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев пен облыстың басқа да басшылары үзбей келіп, жақсы істің бастамашылары болып жүргендігін түркістандықтар жақсы біледі. Алматы мен Астана қалаларының мәдениет күндерінің өтуі дарқан пейілді Түркістанды жадыратып-ақ тастағандай еді.

Жалпы, Түркістан тойына дайындық барысында 2,5 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылыпты (бүгінгі күнмен салыстырғанда жобамен 5 есе өсіп, 12,5 млрд теңгеге шамалайды екен). Оның 738 миллион теңгесі бюджеттен жұмсалса, Халықаралық «Парыз» қорына 180 миллион теңге жиналған болатын. Оның есеп-шотына қаржы аударғандардың ішінде түркістандықтардың қомақты үлесі бар екендігі даусыз еді.

Тойдың арқасында түркістандықтардың игілігіне 20 жылдан бері мән берілмеген канализация құрылысына 165 млн. теңге қаржы жұмсалып, пайдалануға берілді. Қала тұрғындары армандап жүрген жолдың арғы бетіне аспа көпірден автокөліктер арлы-бері зырғи бастады. Қала көшелерінің реңі кіріп, түркістандықтардың игілігіне, көз қуанышына айналды. Жеке кәсіпкерлер аялдамаларды, дүкендерді, ал тұрғындар өз үйлерінің көше жақ беткейлерін жаңғыртып жіберді. Жоғарыдағы құрылыс нысандарына Үкіметтен бөлінетін қаржы дер кезінде түсе қоймаса да, қала әкімі Ө.Әметұлы бастаған түркістандықтар қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, көзделген нысандарды мерзімінде бітіруге әрекет жасады. Сөйтіп, қаланы барлық әсем айшығымен, салтанатымен тойға әзірлеп, қонақтарын үлкен дайындықпен қарсы алды.

Түркістан тойының басты ерекшелігін айта кету керек. «Түркістан – 1500» таңбасы (эмблема) жасалынды. Оның жалпы сипаттамасы таңбаның негізгі концепциясы немесе идеясы Түркістан қаласының бүкіл түркі дүниесінің рухани орталығы екенін көрсету болатын. Түркістан қаласының тамыры тіпті де тереңде жатқанын насихаттау. Таңбаның жалпы көрінісінің өзі, композициялық құрылымы, сызықтардың үйлесімділігі бұрынғы көшпелі түріктердің таңбаларын негізге алып, сәйкестендіріліп жасалынған. Таңбаның ортасында түркі халықтарының ұғымындағы мәңгілік қозғалыс бейнесі от, су, ауа және топырақ бейнеленген. Мәңгілік қозғалыс бейнесінің өзі, жалпы көрінісі аспан денелеріне (күн, ай, жер, жұлдыз) ұқсастырылған. Бұл мәңгілік қозғалыс бейнесі тарихымызда көп жерлерде, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабырға оюларында геометриялық формада кездеседі.

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой»… – деп ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, мәңгілік қозғалыс бейнесінің сыртына арқа стилінде екі қақпа (есік) орналастырылған.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы