Бүгінде мешіттерге келушілер саны күрт азайды. Басты себеп – әлемді алаңдатып отырған коронавирустың бізге де жетуі. Елімізде болып жатқан төтенше жағдай режиміне байланысты Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы тарапынан пәтуа шығарылды. Осы жөнінде көпшілік жұртқа толығырақ түсіндіру үшін Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Қасымбековпен тілдескен едік.
– 5 уақыт намаз оқу, құдайы ас беру бұлардың барлығы діни тұрғысынан дұрыс дүниелер. Десе де қазіргі жағдайға байланысты бұл жоралғылардың барлығы уақытша тоқтатылды. Осы жайында айта кетсеңіз.
– Барлығымыз білетіндей бүгінде індет әлемді жайлап барады. Өкініштісі, елімізде де бұл жағдай тіркелді. Індеттің таралу қаупінің ауыр екенін ескере отырып, 5 уақыт намазға байланысты ҚМДБ-нан арнайы пәтуа шықты. Тек біздің елде ғана емес, көрші Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да мұсылман елдері осындай шешім жасады. Мұндағы мақсат адамзаттың денсаулығы қоғамда өте маңызды. Сондай-ақ, Алла Тағала айтады: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер». («Бақара» сүресі, 195-аят.) Және Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс»,- деген. Өйткені, науқас бола тұра дені сау адамға келсе өзінің ауруын өзгеге жұқтырады. Оның қоғамға зияны тиеді. Зиян тигізуге, зардап шектіруге оның хақысы жоқ. Сондықтан, Құран кәрімнің аяты мен Пайғамбарымыздың хадисіне сүйене отыра ғұламаларымыз осындай пәтуа шығарды.
– Қала қонақтары мен тұрғындарына айтар ой-пікіріңіз?
– Қазіргі таңда ҚМДБ-нан шыққан пәтуаға байланысты мешіттің қызметі тоқтамай, бес уақыт намаздың азаны оқылуда. Бүгінде болып жатқан жағдай Алла Тағаланың бізге жіберген сынағы. Тек қана біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан жағдай. Бірақ жүректегі иман басым болатын болса бұл қиындықты да еңсереміз. Бастысы, Алланың жәрдемінен үміт етіп, шын ықыласпен дұға жасайтын болсақ дұғамызды Алла Тағала кері қайтармайды. Бұл мұсылманның сыналатын бір кезеңі деуге болады.
Халық даналығында мынадай наным бар: «Малым жанымның сада-қасы» деген. Садақа бәле-жаланың бетін қайтарушы болып табылады. Ендеше, садақамызды берейік, келетін пәленің Алла бетін қайтарсын.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.