- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгінгі қоғам үшін тұрғын үй ең өзекті мәселелердің маңдай алды десек өтірік айтпаған болар едік. Енді осы өткір мәселенің шешілу жолдары бар ма? Бар болса қандай? Осы сұрақтар төңірегінде түркістандықтар үшін жауап іздеп көрмекке Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысының міндетін уақытша атқарушы Ә.Асановпен сөйлескен едік.
Тұрғын үй десе оның әртүрлі шешілу жолдары лентадай көз алдымыздан өтіп жатады. Осы орайда, баспана алуды армандап, тіпті дүдамал ой кешіп, байыбына бойлай алмай жүргендер қарасы да баршылық. Олай болса, Түркістан қаласы аумағында жүзеге асып келе жатқан тұрғын үй алудың бірнеше жолына жеке-жеке тоқталайық.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастар туралы» Заңының 68-бабы Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар үй кезегіне тіркеле алады. Бұл топқа:
-Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
-1 және 2 топтағы мүгедектер;
-Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
-ҚР Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
-Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
-Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;
-Оралмандар;
-Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
-«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
-Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
-Толық емес отбасылар деп жіктелген 11 санаттағы азаматтар жатады.
Сіз сол санаттардың біріне өзіңізді лайық деп танысаңыз болғаны керекті құжаттарыңызды өткізесіз де, тұрғын үй алу үшін кезекке тұра аласыз. Бұл жерде мына бір мәселенің басын ашып алуыңыз керек. Бір отбасының болмаса азаматтың басында заңда белгіленген санаттарға сәйкес бірнеше жағдай (айталық көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедектік) кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда тек біреуін ғана басты себепке ала отырып кезекке тұрудың қажеттілігін білген жөн. Енді бір тұрғындар заңда көрсетілген топтағы азаматтар қатарына жатамыз дейді де, басындағы үйін сатып үкіметтің беретін тұрғын үйіне иелік етпекке ұмтылады. Бұл жерде басты назар аударатын түйін басыңызда үй тіркелген болса, ол үйді сатып жіберген болсаңыз, кем дегенде арада бес жыл уақыт өткен болуы шарт. Олай болмаған жағдайда тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайсыз.
Тұрғын үй кезегінің рухани шаһарымызда өз деңгейінде жүріп жатқанын айта кеткен жөн. Айтар болсақ, тұрғын үйлерді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерді барабар бөлу әдістемесіне сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрған 5 санат бойынша 10 көпқабатты (600 пәтер) тұрғын үй пайдалануға берілсе, коммуналдық баспана ретінде 796 пәтердің кілтін табыстаған. Пәтерлерді бөлу жүйесі мүгедектерге арнайы бірінші қабаттан қарастырылған. Басқа санаттағы азаматтар үшін тұрғын үйге тіркелу кезегіне қарай бөліске салынады. Қазіргі таңда, Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 1396 мұқтаж отбасы баспанамен қамтылған.
Бұл күндері Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік жағынан осал топ 5600, мемлекеттік және бюджеттік қызметкер 3016, тұл жетім 146, көпбалалы аналар 2700, апатты үйлер 10 болып, жалпы 11472 азамат тұрғын үй кезегінде тіркеліп тұр.
Сонымен қатар, өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүріп жатыр. Тұрғын үй кезегіне тұрудан тыс жүзеге асатын бағдарламада ҚР «Тұрғын үй қатынастар туралы» Заңының 68-бабында көрсетілгендей арзан несие көпбалалы отбасылар, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға беріледі. Жылдық мөлшерлемесі – 2%, бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10 пайызын құрайды. Егер бастапқы жарнаны 10%-дан артық құйса, ай сайынғы төлем де аз болады. 3 санаттың біріне кіретін кез келген қатысушының Түркістан қаласы аумағынан 10 млн. теңгеден аспайтын екінші қолданыстағы үйді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Рухани астанада мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы бойынша да көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Ипотекалық үй алу үшін біріншіден «Сбербанк», «Форте банк», «Евразиялық банк», «АТФ банк», «Халық банк», «Жилстройсбербанк» арқылы төлқұжатты апарып, тексертесіз. Аталмыш бағдарлама бойынша 20 пайыз алдын ала банкке құясыз. Одан соң банк сізге баспана алуыңыз үшін 7 пайызбен 25 жылға келісім шарт түзеді. 20 пайыздық алдын ала құятын төлемдері: 1 бөлмеге 1197200 теңге, 2 бөлмеге 1944920 теңге, 3 бөлмеге 2500016 теңге. Ай сайынғы (25 жылға) төленетін төлемі: 1 бөлмеге 33846,2 теңге, 2 бөлмеге 54919,1 теңге, 3 бөлмеге 70,674,4 теңгеден тура келеді.
Бүгінгі қоғамның ең түйткілді түйіншегі тұрғын үй мәселесі Түркістан шаһарында осылай шешімін тауып жатыр. Қала халқының барлығына жеке-жеке үй пайдалануға бермесе де, біршама қиыншылығы бар отбасыларын аяқтан тұрғызды деуге болады. Осылай жылдан-жылға кемелденіп жалғасын таба береді де. «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін ұлт үшін баспаналы болудан асқан қуаныш болмаса керек. Бұл ретте тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығынан» электронды түрде өтініш білдіреді немесе әрбір азамат жеке электронды қолтаңбамен өтініш тапсыра алатындығын еске саламыз.
Үмітбек БАҒДАТ.