ҒИБРАТ СӨЗДЕР

1  788 көрілім

РУХАНИЯТ ТУРАЛЫ

Жан-дүниені жақсартатын жетi жәйт бар. Олар: әкiмдердiң шарапаты, ғұламалардың шариғаты, байлардың салауаты, кедейлердiң қанағаты, үлкендердiң ұлағаты, жастардың инабаты, азаматтардың ар-ұяты. Осыларды рухани азық етедi, асыл жандар жұрағаты.

Жетi нәрсеге асығу керек.

1. Қонаққа дастархан жаюға асық.

2. Қателiгiңе кешiрiм сұрауға асық.

3. Бойжеткендi ұзатуға асық.

4. Қарызыңды өтеуге асық.

5. Қазалы жанды көмуге асық.

6. Егiндi егуге асық.

7. Өнiмiн теруге асық.

Жүйкенi тоздыратын және желiктiретiн нәрселер:

1. Еңбексiз жеген нан.

2. Зiмәдан болған жан

3. Боямалы тән.

4. Нашадан бұзылған қан.

5. Темекiнiң түтiнi

6. Арақтың жұтымы.

Мұндайларға ой бөлмес асыл адам тұқымы.

Көсiлiп жақсы сөйлеу – тапқыр ақылдың сыйы, тұжырымды жақсы сөйлеу – даналықтың белгiсi.

Ынсап – қанағатқа әдеттенген жан дүниеде ешнәрсеге де мұқтаж болмайды.

Ескендiр имам Ағзамға уәзiр бол, – деп өтiнiш бiлдiргенде: өлмейтiн өмiр, таусылмайтын байлық, қартаймайтын жастық, қайғыға айналмайтын қуаныш тауып бер, сонда ғана уәзiр боламын, – деген екен.

Бiр тақуа бiр ғұламадан жақсы адам мен жаман адамның айырмасы қандай,-деп сұрапты. Сонда ғұлама жақсы мен жаман адамның айырмасы сиыр мен жыландай, сиыр шөптi сүтке айналдырады,ал, жылан сүттi у-ға айналдырады деген екен.

Байлықтың ең үлкенi ой өрiсiнiң кеңдiгi. Даналықтың ең қадiрлiсi Алла тағаладан қорқу және оған құлшылық ету.

Аманатты уақытында қайтару пенденiң несiбесiн арттырады.

Қайтсем бұдан да байи түсер екем деген бай алтын тонға оранып отырса да, қиға қонған қоңыздай көрiнедi. (Әлiшер Науаи).

Адамның серiгi сенiм болуы керек. Сабыр мен сенiм болған отбасында келiспеушiлiк болмайды.

 БIЛIМ ТУРАЛЫ

Бiлiм – амалдың жол бастаушысы. Түсiнiк бiлiмнiң қазаны, ақыл қайырымдылыққа бастаушы. Әдейiлiк күнәға апарар көлiк, мал-мүлiк тәкаппарлардың киiмi. Дүние ақыреттiң базары.

Бiлiмдi үйретедi, бiлiмсiз күйретедi. Бiлiм көпке жеткiзедi, өнер көкке жеткiзедi.

Оқу – бiлiм азығы, бiлiм – ырыс қазығы. Жақсы бала бiлiм iздейдi, жаман бала шылым iздейдi. Кiтап – ең әдiл, ең шыншыл, ең сенiмді дос. Жан-жақты бiлiм алудың құралы – кiтап оқу.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мен «бiлiмнiң шаһарымын», Әзiрет Әли (күйеу баласы Фатима анамыздың ерi) «бiлiм шаһарының қақпасы» деген екен. VII ғасырда өмiр сүрген 4-шi Халифа Әзiрет Әлiнi сынағалы бiлiм туралы сұрақ қояды. Сонда «Бiлiм артық па, байлық артық па? деген сұраққа жауабы: «Бiлiм артық, өйткенi, ол Пайғамбардан қалған мирас. Байлық бақылдардан қалған мирас. Бiлiм артық, өйткенi, ол сенi бағады, байлықты сен бағасың. Бiлiм досыңды көбейтедi, ал, байлық дұшпаныңды көбейтедi. Бiлiм iздей берсек көбейедi, оны жұмсағанмен азаймайды. Байлық жұмсасаң азаяды. Бiлiмдi ұрыдан сақтаудың қажетi жоқ. Байлықты ұрыдан күнде қорғау керек. Бiлiмiң көп болса сенi құрметтейдi, ал, байлығың көп болса қызғанады. Бiлiмге есеп-қисап жүргiзбейсiң, ал, байлыққа есеп-қисап жүргiзу керек. Бiлiмiң көп болса iрiп шiрiмейсiң, байлығың көп болса iрiп шiридi.

Бiлiм жан дүниеңдi байытады, байлық жан-дүниеңдi шектейдi, өзiңдi тура жолдан тайдырады. Бiлiмдi адам орнымен сөйлейдi, мәдениетi артады. Байлығы көп адам мастанады, астамшылық көрсетiп мақтанады.

Алладан тек бiлiмдiлер ғана қорқады, ал бiлiмсiздер қорықпайды. Адам баласы үшiн шынайы өмiрдiң мәнi ғылым, бiлiмдi игеруде жатыр. Ғылым – бiлiм арқылы қол жеткiзген мансап пен тек басқа жолдармен жеткен лауазымнан әлде қайда биiк, ғұмыры ұзақ болады.

 КIШIПЕЙIЛДIЛIК ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Асыл адам айнымас. Ғалымға даналық, бiлiмдарға iзгiлiк, зиялыға сыпайылық, басшыға кiсiлiк жарасады екен. Сол бiр адамның басында болса, ол адам халқының мақтанышы, тiрек тұтатын тұлғасы болмақ.

Адам баласы кiшiпейiл болумен басқалардың сүйiспеншiлiгiне, байыпты болумен басқалардың құрметiне ие болады.

Кiшiпейiлдiлiк пен байсалдылық бiрiн-бiрi толықтыратын ұлы тұлға болып табылады. Бiлiмдi адам айналасындағы жандарға шуақ шашып тұратын күн секiлдi, жамандықтың бәрi бiлiмсiздiктен туады.

Мейiрiмдi болу үшiн әдептi болу керек. Әдептi болу үшiн ақылды болу керек. Ақылды болу үшiн оқу, оқығанды тоқи бiлу керек. Адамдағы ынсап, әдiлет, мейiрiм үшеуiн қосып айтқанда, мұсылманша ождан деген ұғым шығады. Көңiлiнде шынайы сүйiспеншiлiк сезiмi болмаған жанның мейiрiмдiлiгi жалған.

Адамның мәртебесiн көтеретiн мал-дүние, байлық емес, имандылық және парасаттылық.

Сабырлылық әрқашан данышпандар мен құдыреттiлердiң үлесiне тиген. Кiшiпейiлдiлiк адам бойындағы ең жақсы қасиеттердiң бiрi. Әрқашан өзiн кiшiпейiл ұстап, өзiн басқалардан артық көрмеуi кiсiнiң кемелдiгiн байқатады. Ұлы Алла тағала кiшiпейiл болғанның мерейiн үстем қылады.

БАҚЫТ ТУРАЛЫ

Жүрегiн иман үшiн, көзiн жақсылық үшiн, тiлiн шындық үшiн ұстаса, өзiн салиқалы тұтса, мiнез-құлқы орнықты, көп тыңдап, аз сөйлейтiн болса ол бақытты адам.

Ақылды жан күндемейдi, азғантай дүниесiн қанағат тұтады, қанағат сезiмi арқылы бақытты өмiр сүредi. Ал, ақымақта қанағат, ынсап болмайды. Дүниенiң байлығын жинап алса да айналасындағы адамды күндеп, күнi-түнi iштей азап шегiп, тiрi кезiнде-ақ тозаққа түсiп жүредi.

Рухы жоғары адамдар өзiнiң iшкi дүниесiнiң сарқылмас мөлдiр бұлақтарынан сусындайды. Ғалым өлсе де өмiр сүредi, ал надан тiрi өлiк.

Негiзiнде, адам баласын ел сүйiспеншiлiгiне бөлеуде мейiрiм мен ыстық ықыласқа жұмсақ мiнездiлiк пен шына-йылылыққа жетер ештеңе жоқ. Кiмде-кiм кiшiпейiлдiлiк көрсетсе Аллаһ оның мәртебесiн өсiредi деген.

Бақытты болудың басты құпияларының бiрi ақыл-ой мен адал еңбегiнiң жемiсiн дұрыс пайдалана бiлу. Өзiн де өзгенi де бақытты ету қолынан келетiн адам шын бақытты.

Адам баласы көркем мiнезi арқылы ешбiр құлшылықпен жете алмайтын шыңдар мен көктерге өрлейдi. Мұсылманның сыйлы болуы дiннен адамгершiлiгi, ақылынан абыройлығы көркем мiнезiнен.

Тәжiрибесi бар адам ғана жақсы басшы бола алады. Бас-қаға қуаныш сыйлай бiлген ең бақытты жан. Шынайы ба-қыт надандардың емес ең алдымен бiлгiрлердiң сыбағасы.

Бақыттың мәнi – парасаттылықта, әркiмнiң өз алдына игiлiктi мақсат қоя бiлуiнде, адамның өз мiнез-құлқы мен iс-әрекетiн ерiктi түрде өзгертiп, игiлiкке бағыттап отыруында (Әл Фараби).

Бақыттың шалғайынан басып, күшпен ұстап тұруға болмайды.

Даналықты тапқан және ақылға ие болған адам бақытты. Әдiлдiктi iздеп зарыққандар бақытты қанағат табады. Мейiрiмдiлер бақытты, Құдайдың мейiрiмi соларға түседi.

Ақыл шырақ, қара түндi ашатын. Бiлiм жарық нұрын саған шашатын. Бiлiктiнi тыңда ақылдың бұлағы. Бiлiмдi сөз – шырын жанның құнары.

 ӨМIР ТУРАЛЫ

Жақсы адамдардың өмiрi мәңгiлiк жастықпен тең.

Өмiр – адамдардың iс тәжiрибесiн, мейiрiмдiлiк пен зұлымдықтың шекарасын танып бiлу.

Өмiр бiздiң рухани дүниедегi барлық жиған тергенiмiздi әкеп жинайтын кассамыз. Өмiр әмбебап дүкен сияқты, одан бәрiн де алуға болады. Тiптi, iздегенiмiздi табамыз.

Өмiр деген не? Ол өзiне жол сала тұрып, қайда баруды не үшiн баруды бiлмеу.

Бiздiң өмiрiмiз вокзал, ал адамдар келiп-кетiп жатқан пойыздар секiлдi.

Өмiр мектеп, бiрақ оны бiтiруге асықпау керек. Бүкiл өмiр математика.

Өмiр тау баяу өрмелейтiн, тез түсесiң.

Өмiр тәттi су сияқты, iшкен сайын iше бергiң келедi.

Өмiр керемет саяхат онда жеңiске жету үшiн жеңiлiстiң де дәмiн тату керек.

Бауырластықтың өзi де өмiр, тәмамдалса өлiм келдi дей бер.

Алдындағы өмiрiн ұмытпаған кiсiнi данышпан десе болады.

Айналадағы адами құбылыстарды жан жүрегiңмен ұға бiлсең өмiр емтиханынан сүрiнбей өтесiң.

Тарылмай тұрсаң көңiл, әдемi тарықпай жүрсең өмiр әдемi деген.

Өмiр пойызын күпiрлiк жолдарымен жүргiзгендер түбiнде жәһәннам аялдамасына барып, тоқтайды.

Кiмде-кiм өмiрiнiң ұзақ ризығының мол болуын қаласа, жақындарына қайырымды болсын.

Өмiрде не дәмдi: ас – тұзбен, су- мұзбен дәмдi. Азамат саналы сөзiмен сәндi.

Адам баласы үшiн ең кемеңгер өмiр Құраннан нәр алған өмiр.

 ӘЙЕЛ ТУРАЛЫ

Балалардың тәлiм-тәрбиесiнде отбасындағы мамыражай бейбiт өмiрдiң ұйытқысы, алғашқы ұстазы – ана жауапкершiлiгiнiң орны үлкен.

Арлы, тәрбиелi және өз ошағына берiк әйелдiң үйi – жәннаттың бiр бұрышы, ол жерден шыққан баланың уiлi, отағасының емен жарқын күлкiсi және ананың мейiрiмге толы үнi бейнебiр жәннат тұрғындарының салған әндерi мен кәусардың сылдыр қаққан үнiндей.

Әйелдiң мерейiн асыратын қасиеттер оның iшкi дүниесi-нiң тереңдiгi, намысы мен парасаттылығында. Iшкi жан дүниесi нұрланып, iзгiлiкке жеткен әйелдің әр қылығынан самал есiп, үйдiң iшi жарқырап, жылы шуақ орнайды.

Тектi әйелдiң көркi, әшекейi – ар намысы мен абыройы, ал, оның ең таңқаларлық құрметке лайық қасиетi көрегендiгi, тәрбиелiгi мен жарына деген адалдығы.

Жақсы әйелдiң сөзiнде даналық, рухында нәзiктiк пен кiршiксiз тазалық, адамдармен қатынасында әрдайым өзiн ерiксiз сыйлататын және құрмет тудыратын қасиет болады. Парасатты жандар оның әлгiндей қасиеттерiн сезiп, пенделiк сезiмдерiн ғибрат пен терең ойға ерiксiз бұрады.

Өзiн де, ұрпағын да iзгiлiкке тәрбиелеген әйелдiң береке, құт қонған ошағына кесел жоламайды. Ырыс дарыған мұндай ошақ – суреттеуге тiл жетпес нағыз жәннат бағы.

Жүрегiн иман нұрымен, санасын ғылым мен қоғамдық құндылықтармен нұрландырған әйел үйiн күн сайын құлпыртып отырады әрi жан жадыратар шуаққа бөлейдi. Ал, азғындықтың ауылына аяқ басқан парасатсыздар мен санасыздар болса жоғарыдағыдай әсем үй тұрғызу былай тұрсын, бар үйлерiн қиратып, қараңғы мазарға айналдырады.

 Қандай әйел жақсы?

Еңсесiн асқақ, иiнiн тiк ұстап, иiлiп сәлем берiп тұратын әйел жақсы. Үйiне жарық сәуле шашып, жылу берiп, береке құт болып отырған әйел жақсы.

Барға мастанбай, жоққа жасымаған әйел жақсы.

Бақты да, қайғыны да көтере бiл,-деп өз ерiне ақыл кеңес берiп отырған әйел жақсы.

«Еңбек ету – бақыт, адамның жауы – жалқаулық» деп балаларын адал еңбек етуге баулып отырған әйел жақсы.

Әйелiң жақсы болса, бiрiншi иманың, екiншi жиғаның, үшiншi ырыстың тұрағы.

Қалдықыз МЕДЕТОВА,

ардагер ұстаз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы