- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бірде танысым мүгедектікке шығуға байланысты базарда сауда жасайтын жақын достардың арасындағы оқиғаны сөз етті. Қазір, табысы бар адамдардың арасында «алтын қазына» деген атаумен ай сайын қаржы жинап, басқосу ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бір жерлерде «гәп» деп жатады. Міне, осындай «алтын қазына» жиынында жиналған қомақты қаражатты әлгі базардағы әріптес әрі дос кәсіпкерлер әркімнің кезегіне қарай мүгедектікке шығаруға жұмсайды-мыс. Иә, бұл әңгіме ел арасындағы алып-қашпа сөз. Десе де мүгедектікке шығып, табысын арттыруды көздейтін жандардың бар екенін естіген соң «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген нақылға сүйеніп, бір кездері иланып та қаламыз.
Енді төмендегі Түркістан қаласының 2019 жылдың қорытындысына сәйкес мүгедектік жағдай туралы мәліметтерге көз жүгіртейік. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің МӘС ӘжБ бөлімінің басшысы Ернар Пернеқұловтың айтуынша Түркістан қаласындағы мүгедек жандардың қатары облыс көрсеткішінің артуына түрткі болып отырған көрінеді (бұл тізімде Отырар ауданы да бар). Демек, өңіріміздің басқа аудан-қалаларына қарағанда Түркістанда мүгедек жандардың қатары көп деген сөз. Бұл жерде көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, аяқ-қолы балғадай жандардың еңбекке жарамсыздық парағын көргенде рас екен-ау демеске лаж жоқ.
Аталмыш департамент өкілі Ернар Айдарбекұлының сөзіне сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысында Түркістан облысы бойынша жалпы мүгедектердің саны 94222 адамды, ал халық санына шаққандағы үлесі 3,3 пайызды құраған. Соның ішінде 170 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қаласында жалпы мүгедектердің саны 11297 адам. Өкінішке орай, қасиетті шаһардағы халық санына шаққанда 6,4 пайызға артып, облыстық көрсеткіштен 3,1 пайыз жоғары тұр.
Енді, бұл санаттағылардың жас ерекшеліктеріне мән берсек. Қала бойынша жалпы мүгедектер санының 49,1 пайызы 18 жасқа толмаған балалар болса, қалғаны одан жоғары жастағылар. Сонымен бірге, мүгедектердің 19,3 пайызын нозология түрлері бойынша жүрек қан-тамыр ауруларына шалдыққандар және 11,6 пайыз жарақат себептері құрайды екен. Соның салдарынан бүгінде Түркістан қаласында жүрек қан-тамыр аурулары және қатерлі ісік, жарақат алу бағытындағы аурулар қатарының артуына мамандар алаңдаулы.
Иә, алаңдайтынындай бар. Жасыратыны жоқ, қазір әскер қатарына шақырылған жастардың көпшілігі Отан қорғауға жарамсыз, еңбекке қабілеттілерді жұмыспен қамтуға келгенде біраз жанның ауыр жұмыс істеуге денсаулығы мұрша бермейді. Тізбектей берсеңіз осылай жалғасып кете береді. Бұл күнделікті өмірде кездесіп жатқан жағдай. Бұдан соң Түркістанда мүгедектердің қатары аз дегенге қалай сенесің? Мамандардың дабыл қағатынындай бар. Бірақ тіл қысқа.
Өткен жылғы газетіміздің №48 санында Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың мүгедектер арбасына отырып, мекемелердің пандусына шығып, зерделеу шараларын жүргізген сәтін жария етіп едік. Сонда шаһар басшысы қамкөңіл жандарға барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырып, бұл мәселені назарында ұстайтынын жеткізген болатын. Әкімнің осы сәттегі жан күйзелісін жоғарыда жазылған деректерге қарап түсінгендей болдық.
Қалай десек те Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің МӘС ӘжБ бөлімінің басшысы Ернар Пернеқұловтың көтеріп отырған мәселесі орынды. Ал оны қалпына келтіру жұмыстарын, көшеге шығып сенбілік жасап, қоршаған ортаны тазарту секілді жұмыстармен өлшенбейді. Тек қана бұдан әрі жауапты мамандар (денсаулық сақтау саласының өкілдері) өз ісіне жауапкершілікпен қараса соның өзі жеткілікті.
М.ДӘУЛЕТОВ.