Мектепте оқып жүрген кезімізде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін Аймаханбетова Фатима апай жаңа оқу жылдың басында «Менің жанұям», «Жазғы демалысым» тақырыбында шығарма жаздыратын. Ол тұста ұялы телефон сирек болатын. Берілген шығарманы сыныптастарым қиналып жазатын болса, мен шығармамды әкеме айтып, өзім көшеге ойнауға кететінмін. Әкемнің жазып бергенін көшіріп алып, мектепте апайға және сыныптастарыма оқып беріп, «5» бағасын алатынмын. Ал, әдебиет пәнінен Фатима ұстазымыз Алпамыс, Қобыланды, Манас жырларын бізге жаттауға беретін, «жаттай алмасаңдар түсініктеріңді жазып келіңдер»,- деп үйге тапсырма беретін. Мен әдеттегідей үйге келе сала «папа-ау бүгін жырау немесе батырлар тақырыбында тапсырма берілді, түсінігіңізді жазып беріңізші» деймін. Әкем маған қарап:«Балам-ау сонда сен не оқисың»,- деп жымиып өзі жазып беретін. Осылай шығарманы көшіріп алып, өзім оқып түсінігімді жазғандай сабақта оқып беріп 5/5 бағасын алып жүрдім. Әкемнің арқасында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен жылда жақсы бағаға шығатынмын.
9-сыныпқа өткен кезімде әкем дүниеден өтті. Содан не керек, қатты қиналдым, себебі дайын шығарма жазып беретін әкем жоқ еді. 11-сыныпты бітірдім. Арада біраз уақыт өтіп жұмысқа тұрдым.
Осыдан бірнеше жыл бұрын үйден 1-2 қалың дәптер тауып алдым. Сырты жап-жаңа болғанымен, ішіне сарғайып кеткен мақалалар жабыстырғанын көріп қарасам Ахметжан Құрманалиев деп әкемнің аты-жөні жазылған. Көре сала дереу анамнан сұрап жатырмын. Анамның айтуынша, әкем кезінде тілші болған. Қаламыздағы жаңалықтарды, қуаныштарды, ұстаздар мен дәрігерлер туралы газет бетіне жазған екен. «Ол қандай газет»,- деп сұрағанымда: «Қызыл Түркістан» деп жауап берді.
Шаһарымызда «Тұран-Түркістан» телеарнасында туған күн иесін құттықтайтын бағдарлама бар болатын. Бір күні менің туылған күніме орай Айгүл мен Райхан әпкем осы телеарнаға құттықтау беруге бардық. Жаны жәннатта болғай, редактор Асан Оспанов бізді қабылдап отырып әкеміздің атына ерекше мән беріп, толық аты-жөнін сұрады. Сөйтсек, әкемізбен уақытында бірге қызметтес әрі әкемнің досы болған екен. Сөйтіп, бізге жеңілдік жасады. Сонда әпкелерім болған жайды үйге келіп айтқанда әкеміздің бір мәз болған жайы бар.
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген мақалдың төркінін енді түсіндім. Балабақшада саз жетекші болып келе жатқаныма биыл 3 жыл болады. Ай сайын бүлдіршіндерді сайысқа дайындап апаратынмын. Бірде сайысымыз Астана қаласында болатын болды. Қайтатын уақытта пойызға түнде міндім. Түркістанға жетем дегенше 1 жарым тәулік. Таңертең орнымнан тұрғанымда қарама-қарсы орыннан таныс жанды көрдім. Сатирик Көпен Әмірбек көкеміз болып шықты. Жолшыбай әңгімелесіп, жөн сұраса келе, ол кісі менің әкеммен әскер қатарында қызмет етіп азаматтық борыштарын бітірген соң, бірге тілшілік қызметте болған екен. Әкем екеуі туралы бастарынан өткен оқиғаларды айтып, бір күлдіріп бір жылатты.
Осы оқиғадан кейін әкемнің жолын қумасам да анда-санда мақала жазатын болдым. Әрине, қанымызда бар болғаннан соң, «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, әкеме барынша ұқсауға тырысып жатырмын.
Жақында төл басылымызды оқып отырып, тілші Ләззат Сарыбаева апайдың «Қала жылнамасын жазып келе жатқан қарашаңырақ» атты мақаласында бұрынғы «Қызыл Түркістан» газетіне шолу жазылып, газет атауы көрнекті етіп көрсетіліпті. Кезінде әкем тілшілік еткен газеттің өзім күнделікті оқып отыратын төл басылымымыз екендігіне қатты қуандым.
Бұрынғы «Қызыл Түркістан», қазіргі «Түркістан» газетінің 90 жылдық мерейтойы құтты болсын. Газет ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін.
Ержан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
«Балбөбек» балабақшасының саз жетекшісі.