ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

1  382 көрілім

Жиырма бес жылдан астам ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған дара тұлға, химия пәнінен білім берген алтын ұстазым Алтынбек Құлжанов жайлы әңгіме қозғамақпын. Ұстазымның педагог ретіндегі дарыны бір төбе болса, қазіргі заман адамының бойынан табылуы керек қасиеттері бір төбе болатын. Әрбір баланың тұлға болып қалыптасуына, мектептегі балалардың болашаққа қанаттануына себепкер болған ізденімпаз ұстаз талай шәкірттің арқасынан қағып, басынан сипап, бағын ашты. Шәкірт қанатының қатаюы мен оның өмірге бейім болуы үшін соңғы деміне дейін аянбай еңбек етті.

Ұстазымыз бізге: «Сендердің жақсы болғандарыңды қалаймын. Менің айтқанымды орындасаңдар, жаман болмайсыңдар», -деп жан-тәнімен, кең дархан пейілімен ақтарылушы еді. Әрине, жүректен шыққан сөз әрқашан жүректерге жетіп, тұла бойды тебірентетін. Хакім Абайдың: «Адамның адамшылдығы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» деген сөзіндегі жақсы ұстаздың үлгісі Алтынбек Бабашұлы болатын. Ол кісіге деген құрметімнің арқасында оқуға деген зейінім де күн санап артып еді. Ұстазым мектеп қабырғасында жүрген әрбір ұстаз бен оқушыға үлгі боларлық тамаша адам болды. Ол кісінің мұнтаздай тазалығы, білімі мен еліне деген сүйіспеншілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес…

Оқушының қабілетін тез тани білетін. Жетістікке жету жолында қанаттандырып отыратын. Талапты жоғары қоя білетін қасиетінің арқасында шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды. Мені де сондай шәкірттерінің қатарына қосуға бар күшін салды. Дайындығымыз күн ұзаққа созылатын. Көп еңбектенетінбіз. Алтынбек ағайдың біліктілігі мен іскерлігі, ақылдылығы мен шыншылдығы, мейірімділігі мен адамгершілігі бізге үлгі болды.

Бір күні ұстазымның дүние салғаны туралы естідім. Сол сәтте бұл жайсыз хабардың е өңім, е түсім екенін айыра алмадым. Ағайдың маған қарап тұрып күлімдегені, әзілдегені, мейірімге толы жанары көз алдымнан зуылдап өте шықты. Ұстазым өте мықты кісі болатын. Үнемі денсаулығы мықты адамдай жүретін. Алайда, солғын тартқан жанарынан, жүдеу жүзінен және жанашыр әріптестерінің: «Дәрі ішетін уақытыңыз болды. Міне,дәріңіз», -деп су мен дәріні бергенінен ауырып жүргенін аңғаратынмын.

Бақилық боларынан бір апта бұрын маған қолдау сөзін айтып, кез келген білім сынағында басымды тік көтеріп жүруімді ескертіп еді. Бұл аяулы ұстазымның маған айтқан соңғы сөзі екенін біліп пе едім? Ұстазыма айтар алғысым шексіз. Адам өмірінде кезде-сетін санаулы ғана асыл жандардың ішінде ұстаздың жөні бір бөлек. Менің ұстазым өзім айырықша ардақ тұтатын адамдардың бірі еді. Осындай ұлағатты ұстаздың шәкірті болғаныма қуанамын. Ұстазымның берген білімін өмірде қолданып, үмітін ақтаймын деп сенемін. Сіз мәңгі біздің жүрегіміздесіз, алтын ұстазым.

Ұлдана ҚАЛДАРБЕК,

Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп- интернатының 9-сынып оқушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы