АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АБЗАЛ ЖАН

1  108 көрілім

Түркістан қаласының тұрғыны, көпбалалы зейнет жасындағы ана – Нұргүл Әбдіраимова редакция арқылы Түркістан қалалық орталық ауруханасы көз аурулары бөлімінің меңгерушісі Асқар Ауашевқа алғысын жеткізуді өтінді. Осыған орай, біз қала тұрғынының өтініші негізінде Асқар Сапарұлымен ауруханада кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

– Мен Мақтаарал ауданы, Асық ата кентінде 1987 жылы дүниеге келдім. Орта мектепті бітірген соң Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетін 2011 жылы аяқтап, Нұр-Сұлтан қаласында офтальмология бойынша резидентураны, сондай-ақ Алматыда Әл-Фараби университетінде магистратураны ойдағыдай тәмамдадым. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында еңбек етіп, 3000-нан аса ота жасадым. 2019 жылдың тамыз айынан бастап Түркістан қалалық ауруханасында көз аурулары бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасап келемін. Бүгінде 8 ай көлемінде 800-ден астам көз ауруларына ота жасалып, сәтті өтті.

– Оқырмандарға көзді абайлау, аурулардың алдын алу жөнінде қандай кеңес бересіз?

– Бүгінде көз ауруларынан зардап шегуші жандар көптеп саналады. Бақша жасындағы сәбилердің смартфонға үңіліп отыруы, мектеп оқушыларының интерактив тақта, компьютер экраны алдында көп отыруларының салдарынан көзге зақым келеді. Олар мейлінше аз уақыт отыруына кеңес берер едім. Салауатты өмір  салты,  дене  шынықтыру,  дұрыс  тамақтану, витаминді өнімдер қолдану көз өткірлігіне ықпал жасайды.

– Сіз басқаратын ұжымда көзге ота жасау үшін қажетті құрал жабдықтар жеткілікті ме, осы жөнінде қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Көз отасын жасау үшін қазіргі уақытта лазермен жұмыс жасап келеміз. Науқастардан негізінен катаракта және глаукома аурулары көптеп кездесуде. Бүгінде бұрын-ғыдай кесу, тігу деген жоқ. Сол себепті науқас отадан кейін жағдайына қарай көп ұзамай үйіне қайта алады. Ота екі тәсілмен жасалады: біріншісі науқастардың портал арқылы тегін және өз таңдауына орай, ақылы түрде жүзе-ге асырылады. Таңдау азаматтардың өз еркінде. Тек біздің бір ерекшелігіміз – Түркістандағы ақылы ота Шымкент, және Алматы, басқа қалалардағыдай сапасы жоғары болса да ақысы төмен екендігін айтқым келіп отыр.

– Сұхбатыңызға және түркістандықтарға жарық дүниені сау көзбен көру мүмкіндігін сыйлап жатқаныңыз үшін барша оқырмандар атынан алғысымызды білдіреміз.

Шамырза МАДАЛИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы